Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өмір жолы өнегеге толы

Өмір жолы өнегеге толы
Ашық Дереккөз
Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның Құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан 75 жасқа толды. Кеше облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен мерейтой иесінің «Шер ағаның шекпенінен шықпасам да» атты кітабының таныстырылымы мен бенефис кеші өтті.

Асқарбек Ақылшаұлы Шерхан Мұртазаның ажырамас досы Камал Смайыловқа жазған хатынан монолог оқып, кеш шымылдығын ашып берді. Шерағаның образымен шыққан кеш иесі қоңыр даусымен, зілді сөздерімен келген қонақтардың көңілін елжіретті. Расында Шерхан Мұртазаның сөзден жаңылған, ақиқат жолынан тайған кезі болған емес. Әрі қарай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, журналист Жасұлан Әбдіхалық Асқарбек Ақылшаұлын ортаға шақырып, кітапта баяндалған ерекше оқиғалар турасында сұрақтар қойды.

Әңгіме-сұхбат форматында өткен бенефисте Асқарбек Сейлілханның сахналаған образдарынан Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері қойылым қойды. Сонымен қатар кеш иесінің Шерхан Мұртазамен болған сұхбатынан арнайы бейнеролик көрсетіліп, кеш қонақтары естелік оқиғаларымен бөлісті.

Қадірлі ағайын! Асқарбекпен талай жылдар бойы өнер сахнасында бірге жүріп келеміз. Асқарбектің алғашқы туындысы дегенге таң қалып отырмын. Себебі бұл жас күнінен қаламы қолынан түспейтін жазушы болатын. Бірінші курсқа түскен кезінде жатақханада бірге болдық. Таңертең терезеге қарап отырып «Күн шығып Алатаудың арқасынан, Алматым күйреп жатыр шалқасынан» деп өлең шығарып отыратын. Сол кездің өзінде-ақ өлең-жырға құмарлығы байқалатын еді. Мен ең алдымен инженер боламын деп армандаған едім, кейіннен әртіс болып кеттім. Бұл да мен сияқты көзқарасын өзгерткен екен. Журналист боламын деп армандағанымен өмір өнер саласына бағыттаған. Дегенмен екі салада да үлкен жетістіктерге жетті. Бұл кітап тек жарыққа шыққаны ғана. Мұның ішінде том-том кітап жатыр. Қолы тимей жазбаған болуы керек. Сондықтан әлі де талай туындыларды күтемін, – деді Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов.

Кеш барысында кітаптың тұсаукесер рәсімі өзгеше форматта өтті. Арнайы сыр сандықты символикалық кілтпен ашу арқылы кітап таныстырылымы өтіп, өскелең жастарға табыс етілді. Осылайша «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында облыстың оқулық қоры тағы бір құнды кітаппен толықты.

Іс-шара соңында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Асқарбек Сейілханды биылғы мерейтойымен құттықтап, облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар