
Іс-шараны жүргізген облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Даста үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлін айта келіп, мамыр айында өңірлік XII Азаматтық форумының өтетінін хабарлады.
Алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов алып, ҮЕҰ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың билік пен халық арасындағы байланыс көпірі ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.
– Өңірде азаматтық қоғамның негізі болып саналатын үкіметтік емес ұйымдардың дамуына қолайлы жағдай жасалып келеді. Бүгінде олар билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаруда. Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтауға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бүгінде облыста руханият пен мәдениетті дамыту, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өйткені елдің дамуы, мәдениеттің қалыптасуы үшін қоғамның рухани деңгейін көтеру, жас ұрпақты білімді, саналы етіп тәрбиелеу аса маңызды. Осы мақсатта бірқатар бастамалар қолға алынды. Облыс басшысының бастамасымен 2025 жылы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы басталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен «Тектұрмас» әдеби-мәдени, тарихи-ғылыми журналы жарық көрмек. Бұл жоба өңірдің рухани құндылықтарын дәріптеп, зиялы қауым мен оқырмандардың басын біріктіретін алаңға айналады деп сенеміз. Сондай-ақ, Президентіміз жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында да түрлі жобалар жүзеге асырылады. Қазіргі таңда бұл бағытта жоспар жасалып, нақты жұмыстар басталды. Ал 3 наурызда осы жылдың салтанатты ашылуы өтетін болады. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы нәтижелі болуы үшін бөлінген қаржыға татитындай, халыққа пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру маңызды, – деді Серік Жақсылықұлы.
Сондай-ақ, ол үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлін күшейту үшін олардың билікпен өзара ықпалдастығын арттыру қажеттігін атап өтті.
– ҮЕҰ жұмысы қоғамға шынайы пайдасын тигізуі тиіс. Әр ұйымдастырылған іс-шара халықтың сұранысына жауап беріп, әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосуы қажет. Осы орайда, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік органдармен әріптестігін нығайту маңызды. Біз сіздердің идеяларыңыз бен бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз, – деді С.Сәлемов.
Жиын барысында өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып жүрген азаматтар марапатталды. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы «Phoenix» адам құқықтары жөніндегі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Балжан Абдуллаеваға, «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Дятловаға, Байзақ ауданы қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, медиатор Ғаини Көшекбаеваға табысталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің алғысхаттары мен орталық мемлекеттік органдардан келген марапаттар өз иелерін тапты.
Жиын барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев пен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану» орталығының басшысы Жасұлан Әбдіхалық сөз сөйлеп, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі мен азаматтық белсенділіктің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйым мүшелері өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Айжан ӨЗБЕКОВА