Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қош келдің, ару көктем!

Қош келдің, ару көктем!
А.Қартабай
Қазір қыс пен көктемнің арпалысқа түскен кезі. Жаз бойғы қуаты күшті күн көзінің қаһарын біртіндеп қайтарып, жайқалған гүлді тоңдырып, жер-жаһанды алты ай ақ көрпеге ораған қыс оңай әл бере қойсын ба? Десе де демі үскірік бүркіп, қабағына қар қатқан қыстың бетін ешқандай от та, шоқ та қайтара алмайтыны анық. Қызыл шұнақ аязды сындыруға ешқандай құдірет күшінің шамасы да жетпейді. Ал табиғат заңына сүйенсек, қыстың қабағын тек қана көктемнің нәзік сәулесі жібітеді. Әшейінде көктемді ару қызға теңеп, одан нәзіктік іздейтініміз рас. Бірақ шуағы мол, қадамы шұғылалы бұл мезгілдің жер ананы бусантып, жер дүниені жаңартуға әлеуеті жетеді. Соның ғана лебі жер дүниеге жылылық сыйлайды.

Көктем қыстың ызғар төккен суық тәнін балқытатын нұрлы шуағымен құнды. Бойына бар әлемнің жылуы мен мейірімін сыйдырған көктем өзінің осындай сиқырымен-ақ, ақ қар, көк мұзға айналған суық тіршіліктің тінін ерітіп ала қояды.

Тау басына қатқан мұз көрікті көктемге елжірегені сонша әп-сәтте жылжи аққан суға айналып, жылғаларға жан бітіреді. Етекке қарай емірене, ентелеп, сай-салаға қуалай аққан қызыл судың құдіретінің артында да көктем тұр. Нақ осы кезден бастап бүріскен талшыбық бойын тіктеп, бұтаққа жаңа ғана бүр болып біткен жапырақ жүрегін жайып көкке ұмтылады. Күннің қызуы үстемдік құрған сайын жер бетін жасыл желек көмкеріп шыға келеді. Сол кездегі сай-салада сыңғыр қаққан балбұлақтың да сиқырлы күлкісі көңілге жағымды шағады.

Күн мен түннің теңелуінен басталатын көктемнің алғашқы жылуынан мұржадан шыққан түтін тоқтап, есесіне қыс бойы жабық тұрған терезелер айқара ашылып, қыстай бүрсеңдеп, пеш түбінде отырғандар жылуы мол күншуаққа құлшына ұмтылады. Мал төлдеп, жыл құстары да атамекеніне орала бастайды. Өзен-көлдердің маңайын жыл құстары мәре-сәре мерекеге бөлейді. Төл біткен отығуға ұмсынып, мал көкке тойынады. Шешек атқан жеміс ағаштарының гүлі бұтақ біткенді түрлі түске бояп, айналаға жұпар иіс шашады.

Бұл мезгілдің өзіне тән ерекшелігі бар. Өйткені нақ осы уақытта жер-дүние жаңарады, жасарады. Жанды да, жансыз да таласа-тармаса өскісі, биіктегісі, өркен жайғысы, өрісін кеңейткісі келеді. Нақ осы кезде жаңа оянған табиғатпен бірге тіршілік дүбірі қызады. Дархан даланың кең пейілінен ырысын айырғысы келетіндердің еңбектің көшін алға бастайтын шағы да осы тұс. Көкек шақырып, бәйшешек гүл аша бастағанда көктем келді деп қуанған шаруалар алқап басында жер жыртып, жаңа күн, жаңа үмітпен ертеңге қадам басады. Диқандар егін ексе, «Атадан мал қалмаса да, тал қалсын» дейтіндер көшет отырғызып, ұрпақтың несібесін толтыруға асығады. Жәндіктер мен хайуанаттар да қысқы ұйқысынан оянып, тіршілік қамына кіріседі.

Әсіресе, ежелгі көшпелі дәуірде қазақ халқы үшін көктем мезгілінің келуі, ұзынсары уақыты, қыстан аман-есен шығуы ерекше мерейлі маусым болғаны рас. Шуақты да шұғылалы көктемге орай той-думан, жөн-жоралғы, ырым-кәде ғұрыптары өз мәнінде аталып өтіп, көктемнің құрметіне ерекше ықылас танытқан.

Жасы үлкендердің айтуынша, көктемнің келгенін ең бірінші бәйшешек білдіреді екен. Рас болса, көктемнің келуін тағатсыздана күтетін бәйшешек өзінің нәзіктігіне, әлсіздігіне қарамастан, көктемге асыққаны соншалық, өзінің тұла бойын ақ қардан толық аршып алмай жатып, бүр аша бастайды. Бұл тастай қатты бола тұра, гүлдей нәзік жауқазын гүл жанының көктемге деген ізгі ілтипаты, ынтық сезімі десе болатындай.

Бір күннен кейін адам баласы өзінің бар ғұмырындағы ең шуақты да шұғылалы, қуатты да көрікті кезеңі жастық шағына теңейтін көктеммен қауышады. Ендеше қош келдің, адамды сиқырлы сазымен еліткен, өмірдің өзегіне айналған – ару көктем!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар