
Аллаға деген ақ адал ықыласымен Ұлы сапарға ниет етіп, мұсылмандық парызын өтеуге ниет еткен әрбір пенде рухани тазарып, мұндай бағалы сапарға ерекше дайындалған. Қажылық адалынан болуы үшін пенде шынайы ниетімен, адал тапқан нәпақасымен қажылыққа аттануы қажет. Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай амал ең абзал?» деп сұрағанда: «Аллаға және елшісіне деген иман. Сосын Алла жолындағы күрес. Одан кейін мәбрур (игі) қажылық», деген екен. Ал игі қажылық деген «ешқандай күнә араласпаған қажылық» деп түсіндіріледі.
Бүгінгі таңда қажылыққа бару өнер саласында жүрген жұлдыздар мен бай-бағландардың ермегіне айналып кеткендей.
Құп делік! Мұсылманның бір парызын орындап келіп жатқан жандар үшін неге қуанбасқа?! Ақ тілектерін арқалап Меккеге жол түзегендерді көріп, неге сүйсінбеске?! Алайда бар әдебімен Ұлы сапарға аттанып, араға апта салмай-ақ қажылықтан келген жұлдыздардың баз баяғы қалпында жартылай жалаңаш киімімен көгілдір экраннан ән салып тұрғанының куәсі боласың. Енді біреудің қажылық сапарынан кейін ішімдік ішіп жүргенін көресің. 60 жасқа толып жатқан әкесіне ұлының тосынсый ретінде Меккеге жолдама сыйлаған сәті біршама уақыт бұрын әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Сонда масаң кісі қажылықтың сертификатын қолына ұстап тұрып ащы суды қағып салғаны бар.
Осы орайда «Қажылыққа кімдер барып жүр өзі? Жалпы дінді ұстанғандар немесе оны келеке ететіндер бақылауда бола ма? Расымен бүгінгі таңда қажылыққа бару еріккеннің ермегіне айналып кеткен жоқ па?» деген сұрақтарға жауап іздеп, облыс әкімдігі дін істері басқармасына хабарласқан едік.
– Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабына сәйкес, әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Яғни азаматтар кез келген дінді ұстануға құқылы, ал мемлекет оның дінге және діни көзқарасын анықтауға араласпайды.
Сондай-ақ, Конституцияға сай, адамның тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.
Бұл ретте қандайда бір дін мен дінді ұстанатындырды келеке ету әрекеті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздық тудыру) қылмыстық жауапкершілік қаралған – деді басқарманың бөлім басшысы Еркебұлан Ақбай.
Өз заманында ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының қасиетті қала Меккеге барып, қажылық парызын өтеп, қажы атанғаны бәрімізге аян. Құнанбайдың Қарқаралыға мешіт және Меккеге барып мұсылмандар барғанда түсетін үй салдыруы ел ішіндегі асқақтата түседі. Меккеде Құнанбай: «Біз секілді бар адам келсе, ақша төлеп болса да түсетін жер табылар. Жоқ-жітік келсе, олар қайда жатады? Соларға арнап, осында бір үй салдырып кетейік» деп бастама көтерген. Қажылықтан келген соң Құнанбай дүние ісін біржолата тәрік етіп, сөйлесе шариғатты ғана айтып, шымылдықтың әр жағына кіріп отырып алатын болған. Ол солай өзін күнәдан қорғаған. Ол сөйтіп өзін Алланың жолында адал ұстаған екен.
Редакцияға арнайы келіп, қажылық мәселесін алға тартқан Иманғали Кабдулла қажылық ешкімнің ермегі еместігін айтып, күйінді.
– Танымал шешен Майқы бидің өзі емес, бірақ менің де атам Майқы би болған кісі. Құнанбай пайғамбар жасына жеткенде Меккеге қажылыққа аттанар сәтте, Майқы би атам ұлы Уәли екеуі мұсылмандық парызын өтеуге бара жатқан Құнанбайды қолдау мақсатында бір дорба қаражат беріп, шығарып салған екен.
Мәселен, Меккеге қажылыққа бару үшін аталарымыз ұзақ уақыт, тіпті жылдап дайындалған. Ішкі рухани жандүниесі толығып, қажылыққа баратын ақшасын тек адалдықпен жинаған. Ал Құнанбай қажылықтан қайтқаннан кейін тіпті ештеңеге араласпай, тек қана Құдайға құлшылық етуді ғана ойлаған. Бар таныстарын да имандылыққа шақырып, ғұмыр кешкен.
«Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» деген сөз бар. Бүгінде кім көрінген Меккеге қажылыққа барып жүр. Бұл ойыншық емес. Менің анамның әкесі Бабағұмар да жеті рет қажылыққа барған. 1923 жылы атылып кеткен. Анамның нағашысы Едіге қажы да қажылыққа жеті рет барған қажылыққа. Міне олар сапарға үлкен ыждаһаттылықпен, рухани дайындалған. Ал қазіргі заманауи қажылық жасап жүргендердің қылығы өте қорқынышты. Олар қажылықтың түп-тамыры неде екенін түсінбейтін сияқты, – дейді ақсақал.
Иә, қажылықта атқарылатын амалдардың тарихы ертеректен бастау алғаны сонша, Қағбадан бұрын жер бетiнде салынған үй болмаған. Сондықтан ішкі дүниесі мен сыртқы әлемі үйлесім тауып, рухани тереңдеп, бар асыл қасиеттерге мән беріп қана баратын киелі жер туралы айтқан Иманғали ақсақалдың сөзінің де мәні тереңде жатыр.
– Қажылық негізі бай мұсылманға міндетті. Қажылық Алла парыз еткен бес парыздың бірі. Қазіргі таңда бұл Ұлы сапарға дұрыс баратындар да, бұрыс баратындар да бар. Қажылыққа барған адамның бойында қабыл болғанның бір белгісі бұрын жаман қылығы болса, соны жоюға тырысып, басқа кейіптегі адамға айналуға, жақсы қасиеттерін дамытуға талпынады. Өкінішке қарай мәселен жиырма күн қажылықта болған адам екі-үш ай өткен соң, баз баяғы қалпына түседі. Қазақта сөз бар «Құлшылық – құлшылық біткеннен кейін, қажылық – қажылық біткеннен кейін басталады» деген. Сәби анасынан туғанда, оның күнәсі де болмайды. Үлкен қажылыққа таудай күнәсімен барып, Құдайға жалбарынса және Құдай қабыл етсе, сәбидей пәк болумен қатар, таудай сауаппен қайтарады. Сәбиден артық болатын тұсы осы. Осындай нығметті кейбір адамдар дұрыс пайдаланбайды. Мысалы Индонезия, Малайзияда қажылыққа барғандар әбден дайындалып, қағбаны айналғанда айтылатын дұғалардың барлығын жаттайды. Қажылықты дұрыс орындау үшін алдымен не айтып, не қою керектігін үйренеді. Өкінішке қарай бізде қазір дайындап апаратын фирмалар да бар, ақшаға қызығып еш дайындықсыз апаратын фирмалар да бар. Қажылық бизнеске айналды деп даурыққанмен, қажылыққа ешкім тегін апармайды. Әркім өзіне тиесілі қаражатын алады.
Ислам идеал – пенде идеал емес. Алайда біреу пенденің кемшілігімен ислам дініне баға беріп жатады. Негізі адамға баға бер, ал адамға қарап исламға баға беруге болмайды. Расымен көріп жүргеніміздей жұлдыздар қажылыққа барғанда сезімге беріліп, ниет етеді. Тіпті өздері «Мен енді орамал тағамын» деп паш етеді. Бірақ бір күні иманы азаяды. Сол иман азайған сәтте орамалын шешіп, қайта қалпына келеді. Сөйтіп шала қажыға айналады.
Бір кісі атеист болған екен. Той үстінде балалары қажылыққа жолдама бергенде «Мен атеистпін» деп ат тонын ала қашады. Құдайдан қорықпаса да, ағайыннан ұялатындар бар ғой. Тойға жиналғандардан ұялғанынан қажылыққа жолдаманы алады. Кейін қажылыққа барғанда намаз оқымай, тек сыртынан адамдарды сынап-мінеп жүреді. Соңғы қоштасатын сәт жеткенде қажылықтағы адамдардың сыртынан қарап тұрып еңкілдеп жылап жіберген екен. Қажылықта құлшылық еткен 6 миллион адамның ары кетсе 1 миллионы надан бола қойсын, сонда 5 миллион адамның бір сәтте басын идірген Ислам діні неткен құдіретті деп жылап, намаз үйреніп, Құдайға сенім білдіріп қайтқан екен.
Сыйлық адамдардың арасын жақындататынын пайғамдар айтып кеткен. Сондықтан Құдайға сеніп, иман келтірген жандарға жолдама сыйлау бұл дұрыс. Бірақ кейбір компаниялар қажылыққа «рассочка», яғни жыл он екі ай бөліп төлеуге қажылыққа сертификат береді. Алайд қажылыққа қарызға барған адам көңілденіп жүріп төлейді деп ойламаймын. Мүмкін ол төлеу алмай жүруі де мүмкін. Әсіресе үстінен өсім төлейтін қажылық та дұрыс емес. Негізі қарыздан ертерек құтылу шарт. Сондықтан мұсылманның ұзақ уақыт қарыз болып жүруі жарамайы. Умра қажылыққа әйел адам барғанда қасында туысы ілесіп жүруі міндетті. От темірдің татын қалай кетірсе, қажылық пенденің де күнәсі мен кедейлігін солай кетіреді – дейді облыстық «һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұралы Бақытұлы.
Иә, көңілдің кірін аршып, мұсылманның нұрын тасытатын қажылықтың сауабы шексіз. Алла Тағала барша мұсылманға қажылықтың әдебі мен өзіне тән ізгі амалдарын орындауды және барша арман-мақсаттарының орындалуын нәсіп етсін. Мұсылманға асаулық емес, ақыл керек. Ендеше, қажылықтағы құлшылықтар қабыл болғай!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ