СЫЙЛЫҚ
Күздің самарқау, солғын күндерінің бірінде бір естелік санамның түбінен жылт ете елес берді...
Ол кездері, әсіресе ұстаздар күні мерекесін бала көңіліміз алып-ұшып, асыға күтетінбіз. Екі мыңыншы жылдар еді. Тұлымы желбіреген балауса қыз кезіміз. Жаңа оқу жылының басы. Айтулы мереке күні сүйікті ұстаздарымызға алғыс есебінде гүл сыйласақ қой, шіркін деп ұзақ таңға көз ілмей шығатын едік.
Сыйлық дегенің дүкендерде қазіргідей көздің жауын ала самсап тұрмайды. Түрі де аса көп емес. Бірен-саран ғана. Оның өзіне қаражатымыз жетсе, қанеки! Қолдан жасалған бұйымдар сән емес. Олай етсек жоғарғы сыныптар үшін ұяттау. Амал жоқ, бәрін де бағымызға қарай көретінбіз. Үй ішін әптер-тәптер ақтарып, «тіміскілеп» жүріп, әжеміздің, шешеміздің сандықтың түбіне тыққан-пыққан дүниелерінің де үстінен түсеміз. Әлдебіреу тарту еткен қандай да бір сыйлық табыла кетсе, ғажап емес. Ондай атты күн қайда?!
Неге екенін, өзімнің ұстазым, математика пәнінен беретін Бақыткүл әпкейге қайткен күнде де бір сыйлық ұсынғым келген. Осындай оймен үй ішін ақтарысып жүргенімде, бір қорап кәмпит тауып алдым. Мұндай қуанбаспын! Оны сол сәтінде-ақ өзінің қорабынан үш есе үлкен қалтаға (пакетке) салып, алдымнан бақ тосып тұрғандай, көңілім алып-ұшып, мектепке қарай тұра жүгірейін. Бара сала алақ-жұлақ етіп апайымды іздедім. Ол кісінің қарасы көрінбеді. Үйіне кетіп қалған-ау, шамасы. Келіп қалар деген үмітпен сыныпқа он кіріп, он шықтым. Күте-күте, төзімім сарқылуға айналды. Түс ауып, кештің ауылы жақындай берді. Ұнжырғам түсіп, салым суға кеткендей күй кештім. Аздан соң сабақ бітеді, үйге қайтамыз. Қолымда иесін таппаған сыйлығым салынған сөмкем әлі жүр еді. Ол көзіме біртүрлі түрпідей көрініп кетті. Ал өзімді қаумалаған сыныптастарымның көздері менің қолымдағы кәмпит қорабында. Әрине, олар да тәттіден дәмелі. Не істесем екен?
Содан не керек «нар тәуекел» дедім де, сыныптастарымның көзінше әлгі қорапты аштым. Ал оның ішінде не бар дейсіз ғой. Тастай қатты, бүріскен, «құрттаған» кәмпиттер, сөйтсем. Сыныптастарым маған аң-таң болып қарайды. Ал мен... ішегім үзілгенше күлейін кеп. Масқара-ай! Құдай қағып қалды деген осы шығар, сірә.
Жанна ТЕРЛІКБАЕВА, журналист
Келесі мақала