
«Айқын» газеті ел астанасына енді ғана қоныс аударып келген болатын. Бірде осы газеттің бас редакторы Нұртөре Жүсіп ағам екеуміз бір кафеден шай ішпек болдық. Мен Нұрекеңді кафеде күтіп отырдым. Аға тура уақытында жалғыз өзі келді. Бірақ енді шай іше бергенде ол кісіні аяқ астынан бір таныстары үйіне дәмге шақырып, маған бірге барайық деп лезде опыр-топыр жиналдық.
Қыс мезгілі еді. Жерде жұқа қар бар. Қас қарайып қалған. Жекеменшік көлігіме кеп оталдырдым. Артынша Нұртөре аға кеп қасыма отырды. Сонымен елорданың үлкен көшелерінің біріне түстік.
Қозғалып, енді жүре бергенде айнадан байқап қалдым, менен сәл ары тұрған бір жеңіл көлік ақырын жүріп келіп артыма түсті. Елордада ағылып жатқан көлік көп. Қайсыбіріне мән бересің. Басында анау айтқандай елемедім.
Келесі бағдаршамға дейін екі көлік іркес-тіркес бірге келдік. Мен солға бұрылдым, ол да солға бұрылды. Біраздан кейін оңға бұрылдым. Ол да оңға бұрылды. Бір-екі мәрте арамызға басқа көліктер түсіп кетіп, басқа жаққа бұрылып кеткен шығар деп айнаға қадалып отырдым. Жоқ, ақ машина артынша-ақ қайтадан тауып алады.
Шынын айту керек, жүрегім мұздап сала берді. Соның алдында ғана үлкен бір кісілер туралы сын мақала жазып, ол біраз шу болып, бір әріптестерім «Енді олар сенің соңыңа адам салып, ыңғайлы жерде қастандық жасауы мүмкін» деген сияқты әңгімелер айтқан. «Шынында мынау солардың адамы емес пе?» деген ой келе қалды. Неге артымнан қалмайды? Қалай айтса да бұл тегін емес.
Миыма сан түрлі ойлар келіп жатса да Нұртөре ағаның көзінше сыр бермедім. Екеуміз әңгімелесіп келе жатырмыз. Көзім көліктің екі айнасында. Ақ машина әлі артымда...
Ықшамаудан ішіндегі тар көшелерге түстік. «Бәлкім, енді осы жерде қалып, басқа жаққа бұрылып кететін шығар» деген дәме болды. Жоқ, ақ машина құйрық тістесіп келе жатыр.
Нұртөре ағам жайбарақат. Әлгі танысымен телефон арқылы сөйлесіп, ықшамаудан ішінде үйін таппай біраз адастық. Соның бәрінде әлгі машина соңымыздан ілесті де отырды. Не жақын келмейді, не алыстап жоқ болып кетпейді.
Осыдан кейін мені аңдып, соңыма түскеніме ешқандай күмәнім қалмады. Нұрекең оңға, солға, тіке жүр деп отырғанда бір жарық жерге тоқтай қалдық. Әудем жерге кеп әлгі машина да тоқтады.
Бұдан арыға шыдамым жетпеді. Ағамның телефонмен сөйлесіп жатқанын пайдаланып ақырын машинадан түсіп, сол жаққа қарай беттедім.
Ақ машина оталып тұр. Жүрегім тарсылдап кетті. «Не болса да, тәуекел» дедім.
Мен жақындай бергенде шопыр жақтың терезесі ақырын ашылды. Өзім қатарлы бір жігіт отыр. Түсі суық сияқты болып көрінді.
– Сен кім боласың? – дедім салған жерден түсімді суытып.
Ол түсінбей бетіме бажырая қарады.
– Неге менің артымнан қалмайсың?
Жүрек әлі тарсылдап тұр.
Рөлде отырған жігіт терезеден сәл басын шығарып, маған таң қала қарады.
Сөйтті де:
– Мен Нұртөре ағаның шопырымын ғой. Аға осы машинаның артынан ілесіп отыр деп айтқан... – дейді ғой.
Қуанғанымды да білмеймін, қорыққанымды да білмеймін, сасқанымнан әлгі жігітке «Ассалаумағалейкүм, қалайсыз?» дей беріппін ғой...
Оралхан ДӘУІТ,
журналист,
жазушы