Атаулы әлеуметтік көмек алушылар 25,5 пайызға азайды
- author AR-AY
- 21 ақпан, 2025
- 27

Серік Жақсылықұлы өткен жылы облыста жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрағанын, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық 3 пайызға жеткенін атап өтті. Сондай-ақ ол Президент тапсырмасына сәйкес, жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтудың маңыздылығын баса айтты.
Басқосуда облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндама жасап, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға қойылған міндеттерге тоқталды.
– Басқарманың жұмысы 4 негізгі бағытта жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт – халықты жұмыспен қамту. Өткен жылы жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 67 308 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. Жыл қорытындысында көрсеткіш 70 056-ға жетіп, жоспар 104,1 пайызға орындалды. Биыл 66 862 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» көрсеткіші бойынша есепті кезеңде 13 111 жұмыс орны құрылып, жоспар 2 111 адамға артығымен орындалды. 2025 жылға бұл меже 12 572 жұмыс орны болып бекітілді. Өткен жылы 55 586 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған еді. Нақты көрсеткіш 62 651 адамды құрап, жоспар 112,7 пайызға орындалды. Алдағы жылы 54 988 адамды белсенді шараларға тарту жоспарлануда. Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2024 жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 46 943 орынды құраса, жыл қорытындысымен 52 776 адам жұмысқа орналасып, орындалу көрсеткіші 112,4 пайыз болды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 35 861 адам орналастырылды. Бұл жоспардың 113 пайызға орындалғанын көрсетеді, – деді Еркін Келесов.
Басқарма басшысы өз баяндамасында басқа бағыттар бойынша да атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Екінші бағыт – аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету. Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек 5 876 отбасындағы 31 497 адамға беріліп, 2,9 миллиард теңге бөлінді. 2023 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 25,5 пайызға азайған. 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмек 52 652 адамға көрсетіліп, бұл мақсатқа 7,1 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Үшінші бағыт – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау. Бүгінде облыста 45 571 мүгедектігі бар адам тіркелген. 2024 жылы олардың жеке оңалту бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 6,9 миллиард теңге бөлінді. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 28 513 өтініштің 28 041-і қанағаттандырылды, яғни 98,5 пайызға орындалды. Республика бойынша орташа көрсеткіш 93,1 пайызды құрағанын ескерсек, облыста бұл жұмыс жоғары деңгейде жүргізілген. Төртінші бағыт – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету. Облыста 21 медициналық-әлеуметтік мекеме бар. 2024 жылы осы мекемелерде 4 574 адам арнаулы әлеуметтік қызметтің 8 түрімен қамтылды, – деп түйіндеді баяндамасын басқарма басшысы.
Жиында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Жамбыл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгерім Шынтасова да баяндама жасап, өңірдегі жұмыспен қамту шаралары туралы есеп берді.
Кеңес барысында Серік Жақсылықұлы кейбір көрсеткіштердің орындалмау себептерін сұрап, жауапты мамандардан нақты есеп беруді талап етті. Сонымен қатар, аудандармен бейнебайланыс орнатып, олардың жұмысын талдап, жіберілген кемшіліктерін сынға алды. Ол Президент тапсырмасына сәйкес, «Жұмысшы мамандықтары жылына» байланысты қолға алынған шараларды күшейту қажеттігін айтып, тиісті басқармалар мен қала, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеп, жиынды қорытындылады.
Айжан ӨЗБЕКОВА