Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жайлы мектептің» жайы қалай?

«Жайлы мектептің» жайы қалай?
А.Қартабай
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанның әрбір өңірінде «Жайлы мектептер» пайдалануға беріліп, балалар үшін сапалы білім алуға қолжетімділік айтарлықтай артып келеді. Өркениетті елдердегідей бізде де оқушыларға қолайлы жағдай енді жасала бастады. Заманауи технологиялармен жабдықталып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін «Жайлы мектептер» Астана, Алматы секілді мегаполис қалаларда ғана емес, кейбір аудан орталығы саналатын ауылдарда да бой көтеруі көңіл қуантады.

Былтыр өңірімізде 36 мектептің құрылысы жүргізіліп, 13-і ел игілігіне берілді. Пайдалануға берілген білім ошақтарының үшеуі «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынған. Негізі жоба аясында облыста 12 мектеп салу жоспарланған. Биыл тағы 4 жайлы мектептің құрылысы аяқталса, қалған 5 мектеп республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне қарай алдағы жылдары ашылады.

Өткен жылдың соңына қарай есігін айқара ашқан 3 жайлы мектеп қазіргі уақытта оқушыларды білім нәрімен сусындатып жатыр. Осы білім нысандарын аралап көруге ниет еткенде таңдауымыз «Бәйтерек» ықшамауданында орналасқан №66 орта мектепке түсті.

Бізді мектеп директоры Фарида Шортанбекова күтіп алып, амандық-саулықтан кейін көп созбастан білім ошағының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыра бастады.

Жайлы мектеп – жаңа ғимарат ғана емес, жаңа үміттердің, жаңа жетістіктердің бастауы. Мектебіміз өткен жылы 6 қарашада салтанатты түрде ашылып, білімге құштар жастарды қарсы алды. Бүгінде 1 866 оқушы білім алып жатыр. Осы кезге дейін «Бәйтерек» ықшамауданындағы №3 лицейде 3 000-нан аса оқушы оқып келген еді. Ал «Жайлы мектеп» жобасының негізгі мақсаты – мектептегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешу. Мектебіміз ашылып, жұмысын бастағанда аталған лицейден бізге 1 350 бала ауысып келді. Сондай-ақ мектепте 122 білікті педагог қызмет атқаруда. 81-і ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №57 бұйрығы негізінде №3 мектеп-лицейден ауыстыру тәртібімен жұмысқа келсе, басқа мұғалімдердің барлығы конкурстық негізде қабылданды. Мектеп ұстаздары «Жайлы орта құру арқылы білім беру кеңістігін кеңейте отырып, білімді, шығармашыл, бәсекеге қабілетті, көптілді және рухани бай, салауатты зияткер тұлғаның дамуына ықпал ету» атты мектеп миссиясын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етуде. Осы мақсатқа жету үшін мектеп ұжымы білім берудің инновациялық әдістерін енгізіп, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, сыни тұрғыдан ойлауын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Білім беру барысында ұлттық құндылықтар мен мәдениетті сақтау және оларды жастардың санасына сіңіру – басты міндеттердің бірі. Осыған орай, мектепте «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімді, ұлттық рухты оятуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі, – дейді Ф.Шортанбекова.

Мектепте 59 оқу кабинеті бар екен. Сонымен қатар информатика сыныбынан бөлек, 1 робототехника, 1 STEАM-зертхана кабинеті, жас тілшілер телестудиясы, зертханалық кабинеттер, жайлы кітапхана, арнайы шеберханалар мен 10 коворкинг орталық қарастырылған. Сондай-ақ бастауыш және жоғары сынып оқушылары екі бірдей спортзалмен қамтылған. Тағы бір байқағанымыз, сәні мен салтанаты келіскен білім ошағында оқушылар үшін 13 фильтрленген су орнатылған.

Қазіргі таңда мұнда домбыра, дойбы, күрес, хореография, мобилография, робототехника секілді 10-ға тарта үйірме ашылған. Үйірмеге қатысатын оқушыларға өздерімен үйден ештеңе әкелудің қажеттілігі жоқ. «Жайлы мектепте» қосымша сабақтар үшін қажетті заттың бәрі бар. Сабағын аяқтаған оқушы өзінің сөресіне киімдерін қойып, ауыстырып, түскі асын ішіп, үйірмеге алаңсыз қатыса алады. Көп оқушылар уақытын коворкинг орталықтарда өткізеді.

– Мектептің әр қабатында коворкинг алаңдары болғандықтан, оқушылар емін-еркін пікір алмасып, әңгіме-дүкен құра алады. Балалар тапсырмаларын тіпті жатып орындаса да еш мұғалім артық сөз айтпайды, – дейді директор.

Мектеп директорының жол бастауымен маңызды деп тапқан бірнеше кабинетке кіріп, жұмысымен танысып шықтық. Алдымен STEАM-зертханасында болдық. Зертханада оқушылар инженерия, физика, математика, биология бойынша қосымша білім алады. Біз барған сәтте де дарынды ұл-қыздар ғылыми жобалармен айналысып, түрлі тәжірибелік сынақ жүргізіп жатты. 8-сыныпта білім алатын Нұрбек Зиябекті сөзге тарттық.

– STEАM-зертханасында 3D-принтер, кран машинасы функциясын орындайтын робот, VR-көзілдірік, басқа да технологиялық құрылғылардың көмегімен идеяларымызды жүзеге асырып, әртүрлі деңгейдегі жобалар жасап, олимпиадалар мен конкурстарға дайындала аламыз. Мысалы, виртуалды шындық көзілдірігі арқылы мектептегі балалар басқа тілді меңгеріп, география сабағында басқа мемлекеттің дәстүрімен таныса алады. Мен қазіргі уақытта VR-көзілдірігін пайдаланып, өз жобамды жасап жатырмын. Сол секілді кран функцияларын орындайтын роботқа камераны бекітсе, дәлізде жүріп заттарды таси алады. Құлтемірді камера арқылы бақылап, пультпен басқара аласыз. Ал 3D принтердің артықшылықтарын сабақтарда қолдануға болады. Мәселен, принтерден графиктер мен математикалық модельдердің сызбасын сызып, принтердің ішіне салсаңыз 5-6 сағаттың ішінде шығарып береді. Дайын болған көрнекілікті оқушыларға көрсетіп, сабағыңызды қызықты етіп өте аласыз, – дейді Н.Зиябек.

Мұнан кейін Фарида Советбекқызы бізді робототехника кабинетімен таныстырды. Информатика пәнінің мұғалімі Динара Қарымсақованың айтуынша, мектепте жас таланттардың ғылыми жұмыстармен, стартап жобалармен айналысуына барлық жағдай жасалған.

– Қазір күнделікті тұрмысымызға еніп кеткен «Kaspi.kz», «Яндекс такси» де әу баста біреудің стартап жобасы болған. Білім ошағында әр оқушы осындай жобасын бизнеске айналдырса болады. Мектепте пайдасы мол, елдің қызығушылығын тудыратын жобаларын жұрт назарына ұсынып жүрген өнертапқыш өрендер аз емес. Мысалы, жақында талантты шәкірттерім Нұрбек Зиябек, Ерсұлтан Тұрарбек және Жансезім Жансерік «Ақылды мойынтұмар» деген құрылғы жасап шығарды. Түсіндіріп өтсем, елімзіде мал ұрлығы азаймай тұр. «Ақылды мойынтұмар» осы мәселені шешуге көмектесе алады. «Ақылды мойынтұмар» шаруа қожалықтарының еңбек өнімділігін жоғарылатып, ресурстарды тиімді пайдалануға, ветеринарлық шығындарды қысқартуға және шаруашылық иелеріне нақты уақыт режимінде талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Әр тұмардың ішінде малдың іс-қимылын gps-арқылы бақылап отыратын датчиктер болады. Мойынтұмардың өз сайты бар, түлігіңіздің басын сонда тіркеп қойып, онлайн тексеріп отыра аласыз. Мойынтұмар қолданысқа дайын, тек патентін алу ғана қалып тұр. Бір айта кетерлігі, фазендасы бар кісілер қазірдің өзінде «Ақылды мойынтұмарға» қызығушылық танытып отыр. Нұрбек Зиябектің VR-көзілдірігін пайдалану арқылы жасап жатқан тағы бір тамаша жобасы туралы айтқым келіп тұр. Елестетіп көріңізші, құрылыс компаниясы әлі салынып бітпеген үйін сатқысы келді. Іздегенге сұраған, пәтерлі болуды қалап жүрген тағы бір жан бар. Екі тарап келісімге келді, бірақ клиент болашақ үйінің қандай боларын көргісі келеді. Міне, осы кезде Нұрбектің ғаламат жобасы көмекке келеді. Өнертапқыш өреннің VR технологиясы жылжымайтын мүлікті сатып алу процесін жеңілдетіп, шығындарды азайтуға көмектеседі. Демек, сатып алушы уақыт пен қаржысын құртпай-ақ, 3D турдың көмегімен үйдің ішкі және сыртқы дизайнын толық көріп, әр бөлменің өлшемін, жарықтандырылуын және құрылымын бағалай алады. Екіншіден, құрылысшылар үшін VR технологиялары жобаларды алдын ала көрсету арқылы маркетинг, яғни жарнама шығындарын азайтады. 3D үлгілер арқылы клиенттерге болашақ нысанның нақты көрінісін ұсына алады. Бұл клиенттердің сенімін арттырып, сатылымды тездетеді. Түсінікті етіп айтсам, көзілдірікті кию арқылы құрылыс компаниясы сізге салып беретін пәтерді анық көресіз. Дизайнын, орналасуын тамашалап қана қоймай бөлмелерді аралап шығуға мүмкіндік аласыз. VR-көзілдірікте бір ғана емес бірнеше баспананың үлгісі енгізілген. Сондықтан өз талғамыңызға қарай таңдау жасайсыз. Яғни, жобаны виртуалды риэлтор деп атауға да келетін секілді. Бұл сіздің уақытыңыз бен қаржыңызды үнемдеуге көмектеседі, – дейді Д.Болатбекқызы.

Информатика пәнінің мұғалімі әңгіме соңында тағы бір талантты шәкірті, 8-сыныпта білім алатын Інжу Дүйсебай атты оқушысымен таныстырды. Інжудің доп қуып, футбол ойнап жүрген «Robomaid» атты құлтемірі еріксіз назарымызды аударды. Інжу роботының дыбыс пен түсті сезе алатынын айтты. Сол арқылы доп домалаған жерге өздігінше жүріп бара алады.

Биыл облыс әкімінің тікелей бастамасымен облысымызда «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы қолға алынды. Осы ретте кітапхана жұмысымен танысқанды жөн көрдік. Кітапхананың іші жаңаша жабдықталған, компьютер, мамық диван секілді жанға қажеттінің бәрі бар екен.

– Оқу залына балалар кез келген уақытта келе алады. Кітапханада 28 000 кітап қоры бар. Ұлттық жобаның бір кереметі мектеп ашылатын уақытта «Балаларға қандай кітаптар оқытасыздар?» деп өзімізге таңдауға мүмкіндік берді. Сол уақытта жергілікті ақын-жазушыларымыздың кітаптарына да сұраныс бердік. Қазір 1 866 оқушы болса, оның 1 700-ге жуығы тұрақты оқырманымыз. Жаздырып алған кітаптарын коворкинг орталықтарында отырып та, жатып та оқи береді. Кейін сол жерде топтасып, танысқан шығармаларын талқылайды. Білім ордасы ашылған үш айдың ішінде «Оқуға құштар мектеп», «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобалары аясында бірқатар іс-шара өткіздік. Біз өткізген конференция барысында оқушылар кітап алмасып, бір-біріне естелік сөз жазды. Кітап сыйлап, романдарды талдап, интеллектуалды сайыс ұйымдастырылды. Жас оқырмандарымыз сүйсініп оқитын үш кітапты айтсам, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романдары. Сол секілді балалар Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебе» кітабын, Күләш Ахметовтың өлеңдер жинағын да жата-жастана оқып, тіпті қойылым ретінде де сахналады. Бізде оқырмандар конференциясы, интеллектуалды сайыстар, шығарма, мазмұндама жазу байқаулары жиі өтіп тұрады. Балалар кітапты түсініп оқып, меңгергендерін сол іс-шараларда көрсете алды. Тағы бір айта кетер жайт, әдебиетті бағалайтын жан болғандықтан өрендердің рухани бай болғанын қалаймын. Осы мақсатта өз атымнан он оқушыны республикалық «Мөлдір бұлақ» журналына жаздырып бердім. Одан өзге республикалық «Ұлан» журналы мен облыста жарық көретін «AR-AI», «Aq jol», «Jambyl-Taraz» газеттеріне жазылғанбыз, – дейді Фарида Советбекқызы.

Сонымен қатар мектептегі музыка кабинеті, мобилография үйірмесі алаңы, телестудия орталығымен таныстық. Музыка сыныбы да пәнге сай жабдықталған. Шағын шкаф домбыра, сазсырдай, жетіген, шаңқобыз секілді аспаптардың шағын үлгілерімен безендірілген. Ф.Шортанбаева таяу күндерде білім ошағының музыкалық ансамблі құрылғалы жатқанынан хабардар етті.

Мұнан соң оқушылар жаттығатын спортзалға бас сұқтық. Денешынықтыру пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Нұрсұлтан Есенқұлов бізге облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүрген шымыр шәкірттері туралы айтып берді.

– Спортзалда ұл-қыздардың дене жаттығуымен айналысуға қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар. Залда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Өзім 7-8-сынып оқушыларына сабақ беремін. Спортқа бейім жастарымыз көп. Мысалы, 8-сыныпта оқитын Арнат Қадыржан жуырда ғана кикбоксингтен өткен сайыста республика чемпионы атанып, абыройымызды асқақтатты. Сол секілді жақында дәстүрлі ұлттық мектеп лигасынан оқушыларымыз олжалы оралды. 5-6-сынып оқушылары ІІ орын алса, 7-8-сыныпта білім алатын шәкірттеріміз ІІІ орынды қанағат тұтты. Бауыржан Әлімқұлов есімді жас футболшы шәкіртіміздің болашағынан үлкен үміт күтеміз. Еркежан Әнуар деген талантты волейболшы қызымыз да бар. 7-сыныпта оқитын Нұрдана Мұратова атты тағы бір спортшы қызымыз дзюдодан 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен «Жуалы жұлдыздары» республикалық турнирінде жүлделі III орынды қанжығасына байлады. Айта берсек, спортты серік етіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген жігерлі ұл-қыздарымыз аз емес, – дейді Нұрсұлтан Ертанұлы.

Жалпы көптің көкейінде «Жайлы мектептің артықшылығы қандай, оқушыларға несімен жайлы?» деген сұрақ бар екені рас. Тараз қаласындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылған №66 орта мектептің бүгінгі жағдайымен, алдағы жоспарларымен танысқанда еліміздегі қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасының алшақтығы түбінде осы жарқын жоба арқылы жойылады-ау деген ойға қалдық. Өйткені нақ осы мектептерде оқушының лайықты білім алуына, оқытушының жоғары сапада білім беруіне барлық жағдай жасалған. Тіпті «Жайлы мектептердің» артықшылығы дамыған елдердегі білім беру ошақтарынан кем түспейді десек, мұнымыз артық айтқандық емес.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар