Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таразда жастар театры ашылатын болды

Таразда жастар театры ашылатын болды
Ашық Дереккөз
Әлеуметтік саладағы түйткілдерді дер кезінде шешу, өңірдің қоғамдық-саяси тұрақтылығын сақтау мен рухани дамуын қамтамасыз ету, идеологиялық жұмысты жетілдіру – маңызды мәселелердің қатарында. Тараз қаласындағы «Достық» үйінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен өткен әлеуметтік сала мәселелері бойынша кеңейтілген алқа отырысында аталған өзекті мәселелер талқыланды.

Жиында Серік Жақсылықұлы мемлекеттік мекеме басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте алғашқы сөз облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Өскембаеваға берілді.

– Өңірде әлеуметтік наразылық тудыратын проблемалық мәселелерге тұрақты мониторинг жүргізілуде. Медиа кеңістікте тұрғындар көтерген проблемалық мәселелерге жедел әрекет ету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Тараз қаласы мен аудандардан өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал бойынша күнделікті ақпарат жинақталып отырады. Мониторингтік жұмыстар аясында анықталған тұрақсыздыққа алып келетін 8 мәселе республикалық деңгейдегі «Қауіп-қатерлер» картасына енгізіліп, тиісті деңгейде реттелуде, – деген Құралай Әмреқұлқызы әлеуметтік шиеленіс ошақтары мен өңірлік деңгейде қоғамдық-саяси ахуалға кері әсерін тигізуі ықтимал мәселелерге тоқталды.

Бұдан кейін сөз алған облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева халық бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім», «Достық керуені» және «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» сынды жобалардың маңыздылығы жайлы айта келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай атқарылатын іс-шаралар жоспарымен таныстырды.

Ал облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев жастарды қолдауға қатысты нақты мәселелерді көтерді.

– 2024 жылғы зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Байзақ, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Қордай аудандарындағы жастар ресурстық орталықтары жеке ғимаратпен қамтамасыз етілмеген. Сарысу аудандық жастар ресурстық орталығы аудандық қазынашылық басқармасының ғимаратында отыр. Бірақ аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына ғимаратты жалға алу ақысын төлеп отыр. Байзақ аудандық жастар ресурстық орталығы да ғимаратты ай сайын 350 000 теңгеге жалға алып отырғаны белгілі болды. Жуалы ауданындағы орталық ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарындағы ауылдық округтердің жастармен жұмыс жөніндегі мамандары жеке бөлмемен толық қамтылмаған. Т.Рысқұлов, Қордай, Шу қаласы, Байзақ аудандарындағы орталықтардың материалдық-техникалық базалары жоқ екені анықталды. Талас ауданындағы 17 ауылдық окургтегі жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың жетеуі ғана материалдық-техникалық базамен қамтылған. Сарысу ауданындағы 9 ауылдық округтегі жастармен жұмыс жөніндегі мамандарда, сонымен қатар орталықтың өзінде де материалдық-техникалық база жетіспейді. Сарысу ауданы, Саудакент ауылдық округіне қажеттілікке орай жастармен жұмыс жөніндегі 2 штат қажет. Бүгінде Тараз қаласы, Байзақ, Шу, Жамбыл, Қордай, Сарысу, Талас және Т.Рысқұлов аудандарында қызметкерлердің жалақысы 50 пайызға, Меркі ауданында – 30, Жуалы ауданы мен Шу қаласында 20 пайызға артты. Облыстық және Мойынқұм аудандық жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің жалақысы өзгеріссіз қалған. Алдағы уақытта жастар ресурстық орталықтарының кадрлық әлеуетін күшейту және мамандардың сапалы қызмет көрсетуі мақсатында аталған қызметкерлердің айлықақыларын көтеріп беруді сұраймыз, – деді Айбек Амансейітұлы.

Алқа отырысында Серік Жақсылықұлы айтылған мәселелерге қатысты нақты шаралар қабылдау қажеттігі жөнінде А.Қадыралиевке тиісті ұсыныстар дайындауды жеткізді.

– Жастар ресурстық орталықтарына қатысты бірқатар мәселе бар. Бұл жөнінде бұған дейін де аудан әкімдеріне бірнеше рет ескертілді. Алайда, қажетті нәтиже шықпады. Сондықтан, мәселені шешудің екінші жолын қарастыру қажет. Осыған байланысты жан-жақты талдау жасап, облыс әкіміне нақты ұсыныс дайындаңыз, – деді С.Сәлемов.

Сондай-ақ Серік Жақсылықұлы облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайға биыл қолға алынған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын жоғары деңгейде жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін еске салды. Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер мен мемориалдық тақталардың толық тізімі әзірленбегенін айтып, осы мәселені бір аптаның ішінде реттеуді тапсырды. Сонымен бірге 8-9 мамыр аралығында облыс көлемінде ардагерлерді ұлықтауға арналған іс-шаралар өткізу қажеттігін атап өтті. Театр мен филармония қызметін заман талабына сай жаңғырту қажет екеніне баса назар аударды. Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің өнер факультетін тәмамдаған жас мамандарды өңірде қалдыру және театр өнерінде жаңа буын дайындау мақсатында Тараз қаласында жаңадан жастар театры ашылып жатқанын, осыған қатысты да тиісті жұмыстарды жүргізуді жүктеді. Соңғы 15-20 жылда өңірден жаңа өнер жұлдыздарының шықпағанын, сондықтан таланттарды анықтау және қолдау шараларын күшейту қажеттігін айтты.

Сонымен қатар жиында облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев, облыстық Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Эльмира Әбдинова, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев мәдениет саласындағы бірқатар мәселені жіпке тізді. Атап өтер болсақ, ауылдық жерлерде үйірмелерге қатысушы балалар көп болғанымен аудандар тиісті маманға штаттық ұсыныс бермей отырған көрінеді. Кейбір аудан кітапханалары әлі күнге интернетке қосылмаған. Кейбірінің тіпті материалдық-техникалық базасын жақсартуға қаржы бөлінбепті. Жекешелендіру кезінде орналасқан жері жеке қолға өтіп кеткен ескерткіштердің жайы да алаңдатып отыр. Ал Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының басшысы Жасұлан Әбдіхалық той мәдениетін қалыптастыру туралы ойын ортаға салды.

Бұдан кейін облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев баяндама жасаса, облыстық полиция департаменті басшының орынбасары Бауыржан Жанаев қылмыстың дені ішімдік ішу арқылы жасалатынын, сондықтан «Арақсыз ауыл» жобасын әр елді мекенде жүзеге асыруды ұсынды.

Алқа отырысының соңында әлеуметтік мәселе бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар беріліп, көтерілген мәселелер хаттамаға енгізілді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар