
2024 жылы Қазақстанда 1,85 триллион теңгеге 230 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Инвестициялық штабтың жұмысы бір жыл ішінде жалпы құны $50 миллиардтан асатын жобалар бойынша инвесторлардың 115 проблемалық мәселесін жоюға мүмкіндік берді.
Қазақстанның неғұрлым жоғары қайта өңдеу және экспорттық мүмкіндіктер үшін әлеуеті бар бәсекелестік артықшылығы басым тауашаларға инвесторларды мақсатты тарту тәсілі енгізілуде. Ынтымақтастық пен белсенді инвестициялау кезеңіне өтудің нақты перспективалары бойынша келіссөздер жүргізу үшін сала көшбасшысы – үздік 10 компания анықталды. Осылайша, жұмыс экономиканың қажеттіліктерін, өңірлердің бәсекелестік артықшылықтарын және басқа факторларды ескере отырып, «инвестицияларға тапсырыс беру» қағидаты арқылы қайта құрылады. Мысалы, Қытайдың ірі агроөнеркәсіптік компанияларымен нәтижелі жұмыс жүргізілді. Fufeng Group жақын арада Жамбыл облысында $350 миллионға жүгеріні терең өңдеу арқылы натрий глутаматын өндіретін зауыт құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Dalian Hesheng Holding Group биыл жазда Ақмола облысында бидайды терең өңдеу кешені шеңберінде $650 миллионға құрылыс-монтаждау жұмыстарына кіріседі. Барлық компаниялармен жобаларды «жайластыру» бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.
Бұдан басқа, агроөнеркәсіптік кешенді, энергетиканы, өнеркәсіпті, құрылыс материалдарын өндіруді және басқаларын қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларын қамтитын 20 стратегиялық жоба айқындалды. Ұсынылған жобалардың ішінен биыл 14 жоба бойынша инвестициялар туралы келісімдер жасасу қарастырылуда. 13 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы, тағы 16 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ жұмыс сапарлары, кездесулер мен басқа да іс-шаралар аясында жүзеге асыру туралы уағдаластықтар жасалған жобаларға назар аударылды.
Премьер-министр іске асыру мерзімдері шегерілген инвестициялық жобаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстары мен Астана, Шымкент қалаларының әкімдері және Денсаулық сақтау, Сауда және интеграция министрлері баяндама жасады.
«Бүгінде әкімдіктер тарапынан инвестиция тарту бойынша қабылданып жатқан шаралар өңірлердің әлеуетін ашып көрсетпейді, экономикалық әлеует жеткілікті пайдаланылмай отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті өзін-өзі басқару вертикалының барлық деңгейінде, оның ішінде аудан әкімдері деңгейінде де жүргізілуі тиіс», деп тапсырды Премьер-министр.
Өңір әкімдіктері, министрліктер жұмысының жоспарлы көрсеткіштерін енгізу бойынша тәсілдер мақұлданды.
Сонымен қатар кеңес барысында мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігіне әсер ететін және шара қолдануды талап ететін бірқатар түйткілді мәселе атап өтілді. Олардың қатарында инфрақұрылымның тапшылығы мен жедел қамтамасыз етілмеуі, күрделі әкімшілік рәсімдер мен рұқсат берудегі кідірістер, жер телімдерін берудің ұзақ мерзімдері бар. Аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
«Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвестиция тарту басы артық бюрократиядан арылып, жедел ведомствоаралық үйлестіруді талап ететін аса маңызды жұмыс екенін айтты. Мемлекеттік органдар, әсіресе әкімдіктер жобаның іске асырылу барысын тікелей бақылауы керек. Әкімдер мен министрлер инвестиция тартумен күнделікті айналысып, бүгінгі күннің басты міндеті – инвесторлардың мәселелерін жедел шешуі қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұл бағыттағы жұмыстар Премьер-министрдің ерекше бақылауында.
Primeminister.kz