
Қазақстан мен әлемнің көптеген елдерінде өткір коронарлық синдром (ОКС) бойынша арнайы науқастар тізімі жүргізіледі. Оған миокард инфарктісі мен тұрақсыз стенокардиясы бар науқастар кіреді. Оларға уақытылы көмек көрсету мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, барлық диагнозы бар науқастар жоғары білікті мамандандырылған орталықтарға жедел түрде жеткізіледі. Облысымызда тәулік бойы жұмыс істейтін үш тері арқылы коронарлық араласулар орталығы бар. Олар – облыстық көпбейінді аурухана, «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы және ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы. Бұл орталықтар үшінші деңгейлі медициналық мекемелер болып табылады және заманауи кардиохирургиялық жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Мұнда жоғары технологиялық емдеу әдістері жүзеге асырылады, оның ішінде коронарлық ангиография (КАГ), стенттеу, клапан протездерін орнату бар.
СЖЖ бойынша мамандандырылған кабинеттердің тиімді жұмысы уақытылы диагноз қоюға, асқынулардың алдын алуға және науқастардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осы жүйенің дұрыс жұмыс істеуі арқылы науқастардың белсенді ұзақ өмір сүруіне жағдай жасалады.
Басқосу барысында кәсіби мамандар, терапевттер мен кардиологтар, медициналық мекемелердің басшылары пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылады. Кардиолог, профессор Сейтхан Жошыбаев жүрек ауруларымен күресудегі негізгі проблемаларды атап өтсе, обылс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбай семинардың маңыздылығына тоқталды.
Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі кабинетінің үйлестірушісі Алмас Бегділдаев жол картасының орындалу нәтижелерін баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 75 мыңнан астам пациент жүрек ауруының әртүрлі деңгейімен есепте тұр. Оның ішінде 1700-ден астам науқас С және D сатыларындағы аса ауыр жағдайда. Сондықтан семинар аясында аталған пациенттерге медициналық көмек көрсетуді одан әрі жетілдіру, емдеу тәсілдерін жаңарту мәселелері қарастырылды. Мамандар медициналық көмектің сапасын жақсарту арқылы созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға ықпал ететін нақты шешімдер қабылдауға келісті.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ