Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Досбол даму жолында

Досбол даму жолында
Ашық Дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр. Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз», – деп атап көрсеткен болатын.

Расында, өткен күндерге көз жүгіртсек, еліміз тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың қиындықтарын кезең-кезеңімен еңсере білді. Бұрынғы одақтас мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, өндірістің тұралағанын, жұмыс орындарының қысқарып, көптеген мекеменің есігіне қара құлып салынғанын, электр энергиясының уақытпен берілгенін ұмыта қойған жоқпыз. Өтпелі кезеңнің ауыртпашылықтары ауыл тұрғындарын да айналып өтпеді. Жергілікті жұртшылық екі қолға бір күрек табылар деген ниетпен қалаға қарай ағылды. Қаншама адам ала дорба арқалап, сауда-саттықпен айналысты. Тіпті қасиетті қарашаңырағын қаңыратып, жалғыз баспанасын бұзғандар да табылды. Ескі үйдің құрылыс материалдары қымбат бағаға өтпесе де күнкөріс үшін осындай қадамға баруға тура келді.

Мемлекет тарапынан жүзеге асырылған ұзақмерзімді даму стратегиясының нәтижесінде ел еңсесін тіктеді. Қалалардың тамырына қайта қан жүгіріп, ауылдардың ажары ашыла бастады. Тұрғындарды тұрақтандыру, әкімшілік аумақтарды тиімді басқару мақсатында жаңа ауылдық округтер пайда болды. Осы сөзіміздің бір дәлелі ретінде 2005 жылы Досбол ауылдық округінің құрылғанын атап өткеніміз ләзім.

Талас өзенінің сағасында орналасқан бұл аймақтың ертеден қалыптасқан тарихи негізі бар. Дейтұрғанмен құрылымдық өзгерістерге сәйкес Досбол ауылдық округі жаңа мәртебеге ие болып, дамудың даңғыл жолына түсті.

Бүгінде Досбол ауылдық округінде халықтың игілігіне бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда округте 643 тұрғын тіркелген. Досбол ауылдық округінің әкімі Абылай Сапарбектің айтуынша, округте жалпы халықтың 59 пайызы экономикалық белсенді.

Аймақ тұрғындарының негізгі кәсібі – малшаруашылығы. Төскейге төрт түлік өргізген шаруалар тынымсыз еңбектің арқасында табысын еселеп, тірлігін тіктеп отыр. Дейтұрғанмен тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты мал басының санында өзгерістер орын алуы заңдылық. Мысалы, 2023 жылы мүйізді ірі қара 1 854 болса, былтыр саны 295-ке азайған. Сол сияқты 2023 жылы қой-ешкі 21 929 болса, 2024 жылы саны 427 басқа кеміген. Ал жылқы бұрнағы жылмен салыстырғанда былтыр 767-ні, 154-ке өсті. Түйе саны да 479-ды құрап, 82-ге көбейді. Ауылдық округте 8 930 тонна мал азығы жиналды. Қазір шаруалар қысқы маусымды ойдағыдай еңсеруде.  Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қай кезде де басты назарымызда. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолға алынған байыпты бағдарламалар мен жарқын жобалардың тигізіп жатқан көмегі көп. Округте 26 шаруа қожалық тіркелсе, 23-і нақты жұмыс істеп тұр. 12 агроқұрылым мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда. Оның бесеуі мүйізді ірі қараны асылдандыруды қолға алса, жетеуі қой малын асылдандыруға бет бұрған. Барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауыл тұрғындарына үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Нәтижесінде «Қанат – 2014» шаруа қожалығы «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 15 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Лизинг жүйесі бойынша «Әділет-Б» және «Жұмыскер» шаруа қожалықтары 24 миллион теңгеге «МТЗ-89,2» тракторын сатып алды. Ветеринария саласына тоқталсам, шаруа қожалықтары мен жеке қожалықтағы малдардың барлығы белгіленген тәртіппен эпизоотияға қарсы емделіп тұрады, – дейді Абылай Сапарбек.

Жалпы ауылдық округтің аумағы 64516,35 гектарды құрайды. Оның ішінде ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 53362,98 гектар болса, елді мекендер жері – 7622,19 гектар. Сонымен қатар өнеркәсіп, көлік, байланыс және қорғаныс жері 59,8 гектар шамасында. Ал орман қорының жері 723,5 гектар болып қалыптасқан. Бұдан бөлек 3471,36 гектар босалқы жер бар.

Дейтұрғанмен бүгінде Досбол ауылдық округі тұрғындарына жайылым жерлердің жетіспейтіндігі өзекті мәселеге айналған. Жайылымдар шаруа қожалықтарға өтіп кеткен. 2024 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауылдық округтің жайылымдық жоспары жасалып, мәслихатқа бекітуге жолданыпты. Зерделеу барысында ауылдық округке 0,3 мың гектар жердің жетіспейтіні анықталған. Жайылым жоспары бойынша, алдағы бес жылда ауылдық округтегі жерлерін тиімді игермей отырған және ауыл іргесіне 5-7 шақырым еніп кеткен шаруа қожалықтардың жерлері мемлекет мұқтажы үшін қайтарылатын болады. Өткен жылдың қорытындысымен 4 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

Округ әкімі өңірлерді дамытуға бағытталған бастамалардың жемісін Досбол ауылдық округі жан-жақты сезініп келе жатқанын айтады. Ауылдық округте 8 көше болса, жетеуі түнгі жарықтандырумен қамтылған. Досбол, Шағалалы, Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала ауылдарындағы түнгі көше жарықтары толық LED-шамдарға ауыстырылған. 2025 жылы Шағалалы ауылындағы К.Мұсабайұлы көшесіне қосымша LED-шамдар орнатылыпты. Аймақтағы елді мекендерде 6 көше асфальтталған. Ал Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала ауылдарының ішкі көше жолдары асфальттауды қажет етеді. Бұл мәселенің таяу жылдарда оң шешімін табатынына сенім мол.

«Балам, дейтін ел болмаса, «елім» дейтін бала қайдан шығады?» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай,  өскелең ұрпақ тәрбиесіне де көп көңіл бөлінуде. Осы орайда аймақтағы тұрғындарға 1 орта, 1 негізгі және 1 бастауыш мектеп қызмет көрсетуде.

Ауыл мектептерінде білім нәрімен сусындаған түлектер туған өңірдің өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысуда. Мысалы, былтыр «Жомарт түлек» жобасы бойынша 2 жоба іске асырылған. Ауыл түлектері тарапынан 500 мың теңге қаржы жиналып, «Ақмешіт» намазханасының бөлмелеріне еден құйылыпты. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Н.Жұмаділов мешітке азан шақыратын музыкалық құрылғы сатып алып берген. Бұдан бөлек «Мейірім» жобасы аясында ауылдық округке бекітілген жетім баланың атынан «Отбасы» банкінен жеке есепшоты ашылып, қаржы құю жұмыстары жүргізілуде. Мұның бәрі де жанашырлық пен қамқорлықтан туған ізгі амалдар екендігі сөзсіз. Бұл тұрғыда дана халқымыз «Кең болсаң, кем болмайсың» деп тегін айтпаса керек.

– Былтыр мемлекеттің қолдауымен ауылдық округте бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтар болсам, Шағалалы ауылына «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабы салынды. Осы ауылдағы кіші футбол алаңшасы жөнделді. Сондай-ақ К.Мұсабайұлы көшесіне қосымша түнгі жарықшамдар орнатылды. Ал Досбол ауылына ірі қара малды емдейтін қора (раскол) мен мал өлекселерін тастайтын орын (биотермиялық шұңқыр) салынды. Жаңадан ветеринариялық пункт бой көтерді. Округте мектептерден бөлек 3 фельдшерлік пункт, 3 кітапхана, 1 клуб қызмет көрсетеді. Әлеуметтік нысандар толық жаңартылған. Үлкен Көкдала ауылындағы мектеп, медициналық пункт, кітапхана күрделі жөндеуден өткізілді. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы жаңадан 1 тұрғын үй салынды. Жоба құны 15 миллион теңгені, аумағы 110 шаршы метрді құрайды. Мұның өзі ел-жұрттың орнықты дамуға бет бұрғанын көрсетеді. 3 ауылдағы медициналық пункттерде 3 медбике жұмыс істейді. Округ бойынша 2023 жылы 11 бала өмірге келсе, 2024 жылы 10  бала дүние есігін ашты. Демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды, – дейді Абылай Сапарбек.

Атқарылған жұмыстың ауқымды екенін білдік. Дегенмен түйіні тарқамаған түйткілдер де баршылық. Маңызды мәселелердің бірқатары ауылдық округ әкімінің тұрғындармен өткізген есепті кездесулерінде айтылыпты. Енді көтерілген ұсыныс-пікірлерге тоқталсақ. Былтыр өткен кездесуде Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала ауылдарына ұялы байланыс пен интернет желісін орнату айтылыпты. Жауапты тұлғалардың айтуынша, Жамбыл облысы елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жол картасы аясында Досбол ауылдық округіне қарасты Үлкен Көкдала және Кіші Көкдала ауылдарына антенна мұнарасы салынатын болып бекітіліпті. Қазіргі таңда операторлармен келісім жасау және жер учаскесін белгілеу жұмыстары атқарылуда екен. Жалпы ауылдық округ бойынша мекемелерге «Транстелеком» интернет желісі қызмет көрсетеді. Бірақ сапасы сын көтермейді. Жылдамдығы – 2-4 мбит/с. Яғни өте төмен. Аталған мәселе бойынша құзырлы органдарға тиісті хат жолданған.

Сондай-ақ тұрғындар Талас өзені суының аз мөлшерде келуіне алаңдаулы. Аталған мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Ә.Тамабектің бастамасымен «Ойық-Досбол» каналы салынатын болып келісілген. Сондай-ақ ауылдық округте 2025 жылы Талас өзенінің арнасына су өлшегіш құрылғы орнатып, қажетті су мөлшерін арнайы бекітіп, сол арқылы су жіберу көлемін бақылауда ұстау жоспарланған.

Шағалалы ауылына жаңа көше салу да көпшілік көтерген мәселе. Бұл бойынша да жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Жаңа көшеге асфальт төсеу 2025 жылдың екінші тоқсанында басталады.

– Ауыл халқының тұрмысын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында алдағы уақытқа нақты жоспар құрып отырмыз. Соған сәйкес Үлкен Көкдала және Кіші Көкдала ауылдарының кіреберіс жолдарына асфальт төсеу, осы ауылдарға «Аctiv» ұялы байланыс желісін орнату көзделуде. Үлкен Көкдала ауылына «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабын салу ойда бар. Досбол ауылының кіреберіс жолына түнгі көше жарығын қойып, Талас өзенінің бойына су өлшегіш құрылғы орнатуды жоспарлаудамыз. Сондай-ақ Досбол ауылындағы «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабын саябаққа айналдырмақпыз. Жоба құны 12 миллион теңгені құрайды. Досбол ауылдық клубын күрделі жөндеуден өткізу де күн тәртібінде тұр. Бұл ретте Сарысу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі арқылы жобалық-сметалық құжаттары әзірленген, – деді округ әкімі.

Міне, Досбол ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Ең бастысы, еңбекке деген құлшыныс, ертеңге деген ұмтылыс бар. Талпыныс болған жерде табыстың да еселене түсетіндігі ақиқат. Біз жүйелі жұмыстардың жемісті жалғаса беретіндігіне сенеміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ​​​​​​​,
Сарысу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар