
Өмірді шексіз сүйетін, адамдарға жақсылық жасаудан жалықпайтын, қандай қиындық келсе де мойымайтын қайсар жан 1971 жылы Қордай ауданына қарасты бұрынғы Славный, қазіргі Арал ауылында дүниеге келген. Отбасындағы 7 баланың кенжесі. Бүгінде Назилия Түркияның Анталия қаласында тұрады.
– Үйде 6 қыз, 1 ұл өстік. Әкем мені ерекше еркелететін, бірақ тым еркінсітіп те жібермейтін. Әкем әскери адам болғандықтан тәрбиемізге, тәртібімізге, оқуымызға қатты мән берді. Барлығымыз мектепті үздік аяқтадық. Балалық шағым әпкелерім мен ағамның, әкем мен анамның махаббатына бөленіп, керемет өтті. Әпкелерім сияқты емес, мен еркекшора болып бойжеттім. Ағам әскерге кеткенде фермада жұмыс істейтін әкем мен анама көмектесетінмін. Мектептен келген соң тамақ ішпей, бірден малға қарайтынмын. Бәрі мені ер бала деп ойлайтын. Бірде ауылға Благовещенкодан бір әзербайжан жігіт келді. Мен сол баяғы кейпімде мал қарап, жұмыс істеп жүрмін. Сонда әлгі жігіт: «Кімнің баласысың?» – деп сұрады. «Исмаилдың» дедім де тірлігіммен айналыса бердім. Ол жігітпен күнде көрісіп қалып жүрдік. Бір күні әпкем маған әдемі көйлек алып келді. Көйлекті киіп, фермаға барсам, таңырқап қарап қалған жігіт: «Сен қызсың ба, әлде ұлсың ба?» – деп аң-таң болды. Сол оқиғаны еске алып, әлі күнге дейін күліп аламыз, – дейді Н.Касымова.
Назиля мектепті бітірген соң Қарағанды университетінде «Тағам өндірісі технологиясы» мамандығы бойынша оқыды. Диплом алған соң мамандығымен еңбек етеді. Кейін тараздық жігітке тұрмысқа шығып, отбасын құрады. Бірақ қалада ұзақ тұрақтай алмай, отбасымен туған ауылынан үй сатып алып, көшіп келеді. Дегенмен тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңінде тұрақты жұмыс табу оңай болмады.
– Біраз уақыт №47 мектептің асханасын жалға алып жұмыс істедім. Кейінірек карьерде еңбек етіп жүргенімде ұлым дүниеге келді. Бала күтіміне байланысты үйде отырсам да тәттілер пісіріп сататынмын. 1997 жылы әпкем Түркияға көшті. Маған «Қиналсаң, көшіп кел, көмектесемін» дейтін. Бірақ анам жібермеді. «Сен кетіп қалсаң, біз қиналып қаламыз» деді. 2003 жылы анам өмірден өткен соң көп ойландым. Ақыры үйімізді сатып, отбасымызбен Анталияға көшіп бардық. Бұл мен үшін ең қиын шешім болды. Қордайды, туған-туыстарымды, достарымды тастап кету өте ауыр еді. Бірақ қаржылық қиындықтар осындай қадамға баруға мәжбүр етті. Оның үстіне өзімді жаңа қырымнан сынап көргім келді, – дейді кейіпкеріміз.
Әрине, Анталияда да бәрі оңай болған жоқ. Бөтен ел, жаңа мәдениет, басқа тіл. Басында орыс мектебіне администратор болcа, кейін туристік фирмада аудармашы болып жұмыс істеп көреді. Бірақ ешқайсысы көңілінен шықпады.
– Мен халыққа пайдасы тиетін нәрсемен айналысқым келді. Анталияға келген шетелдіктер виза, құжат жағынан қиындық көрмесін деп кеңсе аштым. Өйткені өзім бастапқыда осы жағынан көп қиналдым. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ, қандай да бір мәліметке оңайлықпен қол жеткізе алмайсың. Сондықтан Түркияға келген шетелдіктер мен сияқты қиналмаса екен дедім. Адамдарға көмектесу – менің өмірлік миссиям сияқты. Ниетім таза болғандықтан болар, Алла да қолдап, жұмысым жүре бастады, – деген Назиля кәсібінің қыр-сырымен таныстырды.
Бүгінде Назиля Түркияда тұруға ықтиярхат, медициналық сақтандыру, шетелдіктерді мектепке орналастыру, баспана сату-сатып алу бойынша көмек көрсетеді. Сондай-ақ қаржылық қиындыққа тап болған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан азаматтарына жұмыс тауып берумен айналысады.
– «Сіздің болғаныңыз қандай жақсы!» деп алғысын айтатындар көп. Егер біреуге жақсылық жасасаң, Алла оны екі есе қайтарып береді. Түркияда 15 жыл тұрсам да қазақтарды, қазақ тілін ұмытпаймын. Өйткені менің балалық шағым, бүкіл өмірім қазақ тілімен байланысты. Туып-өскен ауылыма екі-үш жылда бір рет келіп тұрамын. Ауылымның жылдан-жылға дамып, көркейіп жатқанын көріп, қуанамын. Маған Аралдың әр бұрышы ыстық. Егер жолдары жөнделсе, нұр үстіне нұр болар еді. Біз жұбайым екеуміз зейнетке шыққаннан кейін қысты Қордайда, жазды Түркияда өткізуді жоспарлап отырмыз – деген Назиля әлемнің ең әдемі қалаларының бірінде тұрса да туған жеріне деген махаббаты бөлек екенін айтады.
Назиляның ойынша, әр елдің, әр қаланың өз ерекшелігі бар. Бірақ бәрі адамның өзіне байланысты. Өмірді сүйе білу керек! Оптимист болған адам барлық жерде бақытты өмір сүре алады.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист,
Қордай ауданы