
Қазыналы Қаратау аймағына келген күрдтерді үкімет 1937 жылы Ойық совхозына алып барған екен. Кейіннен бұл кеңшардан бөлініп, 1938 жылы күрдтер тұратын ауыл құрылған.
Жуырда Қасқабұлақ ауылына арнайы барып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтудың сәті түсті. Мақсатымыз – хабар түсіру. «Журналистер келді» деп кіреберістен ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер күтіп тұр екен.
Амандық-саулықтан кейін бірден жұмысымызға кірісіп кеттік. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жергілікті тұрғындар негізінен малшаруашылығымен күнелтеді. Оған қосымша ауыл азаматтарының біраз бөлігі қоғамдық жұмыстарға да тартылған екен.
Байқағаным, ауыл тұрғындарының бәрі түйеқұс өсіреді екен. Әр аулада кемі 5-6 құстан жүр. Бұл жақта түйеқұс, бөдене, тіпті біз естіп, білмеген шетелден асып келген құстар да жетерлік.
– Ауылымыз өте керемет. Ауылда тек күрд өкілдері ғана тұрады, 4-5 үй қазақ ағайындар да бар. Бәрімен бір үйдің баласындай араласамыз. Қазақ тілін де өз тіліміздей білеміз. Ол біздің бір міндетіміз секілді. Мектепте қазақ қыздары балаларымызды оқытады, – дейді ауыл тұрғыны Алима Мамидова.
Бізді таңғалдырған дерек, аудан бойынша бірде-бір қылмыс тіркелмеген жалғыз осы ауыл деседі. Сондай-ақ күрділер үшін қара түсті киімдерге ежелгі заманнан бері рұқсат жоқ. Ауылдағылар тек ашық түсті киім киеді. Қара киім қаралықты шақырады деп сенген.
– Қарапайым еңбекқор халықпыз. Қуғын-сүргін заманында бізді Талас ауданының Ойық жеріне апарған. Алайда ондай шөлейтті жерде тұрғанға етіміз үйренбеген. Іздеп жүріп, ауылымыздың ортасын қақ жарып өтетін өзені бар осы жерге тұрақтадық. Ауыл азаматтары сол бір жылдары құшақ жая қарсы алды. Ондай кеңдікке әр уақытта ризашылығымызды білдіреміз. Тәуелсіздік алған жылдан бері үкімет біздің барлық жағдайымызды жасады, –деп ауыл ақсақалы Махмед Теміров алғысын білдіре отырып, бізді өздеріне әрқашан жақын тартатынын жеткізді.
Жалпы ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жақсы. Өздеріне жанашыр басшы таңдапты. Қазақтар үшін бауырмалдығы үлгі болардай. Бойларын билеген патриоттық сезім ұлтты бір саты жоғары көтереді. Ауылды көріп, күрд азаматтармен танысып, адам бойындағы сыйластық пен адалдық сезімінің күшін білдім.
Назира ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 2-курс студенті