
Қазіргі таңда облысымыздағы 618 мектепке дейінгі ұйымда 62 384 бала тәрбиеленуде. Осы бүлдіршіндерге ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сапалы ойыншықтар қажет екені сөзсіз. Осы қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласындағы №10 мемлекеттік және №5 жекеменшік балабақшада жаңа даму орталықтары іске қосылған. Бұл орталықтарда балалардың ойлау қабілетін жетілдіріп, шығармашылығын шыңдайтын 205 жаңа ойыншық патенттелген. Одан бөлек тағы да 180 авторлық ойыншықты патенттеу қолға алынбақшы.
Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтар бағытында жасалған авторлық ойыншықтарға Оқу-ағарту министрлігі тарапынан қолдау көрсетілуде.
Жоба жетекшілері қазіргі уақытта ұлттық нақыштағы ойыншықтарды республика көлемінде тарату жөнінде ұсыныстар түсіп жатқанын тілге тиек етті. Бұл – ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, тәрбиелік маңызы зор жобаны кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін маңызды қадам екені сөзсіз. Авторлық ойыншықтарды жасаушылар бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, одан әрі дамытуға ниетті. Өйткені ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен, санасы жоғары ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі.
– Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін айқындаған ұлттық құндылықтарды заманауи теориямен ұштастыру мақсатында бөбекжай-бақшамызда «Ұлттық мұрам – асыл қазынам» атты ұлттық бұрыш жасақталды. Сонымен қатар балалардың танымдық, зияткерлік, шығармашылық дағдыларын қалыптастыру мақсатында бұл таптырмас жоба екені сөзсіз. Бүгінде бөбекжай-бақшаның педагогтары осы жобаны іске асыру мақсатында балалардың қауіпсіздігі мен қызығушылығын ескеріп, 17 ойыншық жасап патенттеді, – дейді №26 «Нұрай» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Эльвира Дангелова.
Расында, ұлттық құндылықтарға негізделген ойыншықтардың балаларға берері мол. Себебі мұндағы әрбір ойыншықтың түбінде ата-бабамыздан қалған мұра тұр. Өткен күндердің ізімен болашаққа апарар қадам жатыр. Әжелеріміздің түрлі ұлттық нақышқа сай ойған ою-өрнегі баланың қолында конструкциялық ойыншыққа айналып, ойын дамытар болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ағаштан ойып жасалған қыран бүркітті шың басына жіппен тартып шығарған әрбір баланың қиялы ертең қиядағы бүркіттей қалықтайтыны анық. Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан атамыздың қамшысын қолданып, ерттеп мінген арғымағына мініп ойнаған бала елі мен жерінің әрбір қасиетін жете түсініп өсетіні сөзсіз.
– Әрбір жасалатын ойыншық экологиялық таза материалдан болғаны қатты ескеріледі. Балалардың болашағы олардың күнделікті ұстап, көріп өскен дүниелеріне байланысты екенін ескерсек, ұлттық құндылықтағы ойыншықтардың ел ертеңіне берері көп болмақ. Ойыншықтың әрбір ағашы, материалы, матасы мен қажеттіліктерінің сапасы қолөнерші үшін бірінші орында. Сондықтан ойыншықтардың патенттелуі бәріміз үшін ең үлкен қажеттілік, – дейді ұлттық ойыншықтар жасаушы дизайнер-тігінші Елена Голубинская.
Алдағы уақытта балабақша тәрбиешілерінің өз қолымен дайындаған табиғи ойыншықтары қолданысқа еніп, ел ішінде кеңінен тараса, болашаққа ұмтылудың ең басты қағидасы да сол болмақ. Тазалық пен тұнықтық, сапа мен терең ой тұнған, ұлттың мән-мағынасын бойына сіңірген сапалы ойыншықтарды қолдау – әрбір ертеңін ойлаған азаматтың оң әрекеті болып қалмақ. Ертеңін ойлаған ел – баласының ойыншығына назар аударуы тиіс.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ