Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кітап пен компьютер: құндылықтар қадірі

Кітап пен компьютер: құндылықтар қадірі
Ашық Дереккөз
Облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен «Кітап пен компьютер» атты әдеби-сазды кеш өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты – жастар арасында кітаптың құндылығын насихаттау, оның ақпараттық технологиялармен бәсекесі мен үйлесімділігі жайлы пікір қалыптастыру.

Бүгінгі дәуір – цифрландыру мен жылдам ақпарат алмасу заманы. Компьютер мен ғаламтордың қолжетімділігі кітапқа деген сұранысты төмендетіп жіберді деген пікір бар. Дегенмен кітап ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа білім мен даналықты жеткізуші құрал болып келеді. Олай болса,  бұл екі дүниенің арақатынасы қандай? Кітап пен компьютер бірін-бірі алмастыра ала ма, әлде олар қатар дамып, толықтырушы рөл атқара ма? Осы тақырыпта пікір алмасу мақсатында өткен кешке «Ақберен» айтыскер ақындар үйірмесінің жас таланттары жиналды.

Кештің шымылдығы қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеп жүрген дарынды жас әнші, халықаралық және республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Өрлеу» ән-саз студиясының тәрбиеленушісі Мансұр Алишевтің орындауындағы Ақан серінің «Маңмаңгер» әнімен ашылып, кештің маңызын арттыра түсті.

Кеш барысында жас өнерпаздар кітап пен компьютер туралы өз ойларын ортаға салып, арнайы дайындаған шығармашылық туындыларын оқыды. Олардың қатарында республикалық Төлеген Айбергенов оқуларының бірінші орын иегері Мерей Жамалбек, «Тәуелсіздік толғауы» атты қалалық мүшәйраның бас жүлде иегері Ержігіт Ораз, «Жыр алыбы – Жамбылым» ақындар айтысының жүлдегері Қанат Джасаров, сондай-ақ Айша Сұлтанхан, Бақдәулет Дәулетқұл, Даниял Сұлтанхан, Мирас Жамалбек бар. Олар өз жырлары арқылы кітап пен технология арасындағы байланысқа ой жүгіртіп, әрқайсысының өміріміздегі орнына тоқталды.

Жыр додасы барысында кейбір ақындар кітаптың уақыт сынынан өткен баға жетпес қазына екенін дәлелдеуге тырысса, енді біреулері компьютердің білім алу мен уақыт үнемдеудегі маңызын алға тартты. Шығармашылық пікірталаста қатысушылардың әрқайсысы өз ойларын көркем сөзбен кестелеп, тыңдарманға ерекше әсер қалдырды.

Кешке облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Медеу Мырзатай, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Мұндай әдеби-сазды кештер жастардың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтеді, шығармашылық әлеуетін шыңдайды. Сонымен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қазіргі заманғы технологиялармен үндестігін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

                                                                     Фариза КЕНЖЕБАЕВА,
облыстық айтыскер ақындар,
жыршы-термешілер орталығының
«Қоғаммен байланыс және
айтыс өнерін дамыту»
бөлімінің меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар