
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, өңірде көктемгі дала жұмыстарына материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайын және агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары тұрақты бақылауда. Осы жылы жалпы 659,9 мың гектарға ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланыпты. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды 372 мың гектарға, майлы дақылдарды 40,2 мың гектарға, қант қызылшасын 6 мың гектарға отырғызу көзделген. Сонымен қатар 8,9 мың гектарға картоп, 34,9 мың гектарға көкөніс дақылдары, 14,1 мың гектарға бақша дақылдары егілсе, мал азығы дақылдары 183,8 мың гектарды құрамақ.
– Көрсеткішке келсек, биыл егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33,4 мың гектарға ұлғаяды. Былтыр облыста ауылшаруашылық дақылдары 626,7 мың гектарға егілген болатын. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 55 мың тонна тұқым 100 пайыз дайын. Қосымша 28 мың тонна күздік бидай тұқымы 156 мың гектар алқапқа себілді. Дала жұмыстарына пайдаланылатын 7 317 ауылшаруашылық техникасы сақадай сай тұр. Оның 4 585-і трактор, 1 234-і соқа, 580-і қопсытқыш, 826-сы дәнсепкіш, 92-сі тұқым дәрілегіш. Осы техникаларға қажетті 20 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай Үкімет тарапынан бөлінді. Бұл өз кезегінде фермерлердің көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде жүргізуіне оң әсерін тигізеді. Биыл 400-ден аса өздігінен жүретін ауылшаруашылық техникасын сатып алып, техникаларды жаңарту жоспарын 6,5 пайызға жеткізу көзделуде. Былтыр 502 техника алынып, жоспар 8,9 пайызға орындалған болатын. Оның ішінде 485-і трактор, қалғаны комбайн. Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды егіс алқабына енгізу жұмыстары да қатаң бақылауда. Осы жылы 418 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарлануда. Былтыр да егіс алқаптарына тура осы көлемде минералды тыңайтқыш ендіріліп, жоспар 100 пайызға орындалды. Бұл ретте көктемгі дала жұмыстары барысында шаруалар үшін аванстық жеңілдетілген төлемдер бойынша тыңайтқыштарды алу механизмі қолайлы болып отыр. Осыған орай биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 1,5 миллиард теңге қаражат аванстық төлемдер ретінде отандық «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарына аударылды. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы облыс шаруаларына 3 миллиард теңге көлемінде 5 пайызбен несие беру жоспарлануда. Бүгінде 2,4 миллиард теңгеден астам қаржыға өтінімдер түсіп, оның 678,6 миллион теңгесі берілсе, 275,3 миллион теңгені құрайтын өтінімдер мақұлданып, құжат рәсімделу сатысында. Бұдан басқа 1,4 миллиард теңгеден астам өтінімдер қаралып жатыр, – дейді Қайрат Есенұлы.
2025 жылға ауылшаруашылық саласын қолдау мақсатында субсидиялауға жергілікті бюджеттен 22,6 миллиард теңге бөлінсе, оның ішінде өсімдікшаруашылығын дамыту бағытына 10,6 миллиард теңге қарастырылыпты. Нәтижесінде биыл өсімдікшаруашылығы бағытында 325,1 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 108,3 пайыз өсім көрсету жоспарланыпты.
Жуалы ауданы – табиғаты ерекше өңір. Топырағы құнарлы, жері шұрайлы болғанымен қысы қатал. Сондықтан да басқа аудандарға қарағанда Жуалыда көктемгі дала жұмыстары сәл кешірек басталады. Десе де бұл жақтың шаруалары көктемгі науқанға мұқият дайын отыр.
– Аудан бойынша ауылшаруашылық жерлері 216 306 гектар, оның ішінде 95 449 гектары егістік, ал суармалы егістік көлемі – 8 460 гектар. Сонымен қатар 2 046 гектар шабындық бар болса, жайылым көлемі 109 439 гектарды, көпжылдық екпелер 265 гектарды, басқа да жерлер 2 128 гектарды құрайды. 2025 жылдың өнімі үшін 9 700 гектарға күздік бидай егу жоспарланып, меже нақты 10 300 гектарға орындалды. Қажетті 1 750 тонна тұқым толығымен қамтылды. Жоғары сұрыпты 42,4 тонна тұқым «Қазақ зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен сатып алынды. Оның 33,4 тоннасы «Стекловидная-24» элита және қалғаны «Егемен» 1-репродукция тұқымы. Бұл ретте Көкбастау ауылдық округі 17 тонна элита, 6 тонна 1-репродукция, Боралдай ауылдық округі – 10 тонна элита, 1 тонна 1-репродукция, Ақсай ауылдық округі – 5,4 тонна элита, Күреңбел ауылдық округі – 1 тонна 1-репродукция, Мыңбұлақ ауылдық округі – 1 тонна 1-репродукция, Қызыларық ауылдық округі – 1 тонна элита тұқымын пайдаланды. Қалған Б.Момышұлы, Ақтөбе, Нұрлыкент, Шақпақ, Билікөл, Қошқарата, Жетітөбе, Қарасаз ауылдық округтері тарапынан жоғары сұрыпты тұқым алу жұмыстары ұйымдастырылмады. Тұқымдық зертханаға тапсырылғаны – 1 750 тонна. Сонымен қатар осы жылдың өнімі үшін егілетін көктемгі дала жұмыстарына жер дайындау бойынша сүдігер көтеру 59 000 гектарға жоспарланса, бүгінгі күнге меже 77,3 пайызға орындалды, – дейді аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.
Жуалы ауданының агроқұрылымдар мен шаруашылықтарында 369 трактор, 127 соқа, 149 қопсытқыш, 93 дән сепкіш, 5 тұқым дәрілегіш және 20 басқа да техника бар екен. Көктемгі дала жұмыстарына жұмылдыруға 280 трактор, 95 соқа, 115 қопсытқаш, 79 дән сепкіш, 4 тұқым дәрілегіш және басқа да техникалардың 15-і дайын. Дегенмен бұл көрсеткіш көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін 100 пайызды құрайды деп күтілуде. Себебі агроқұрылымдар мен шаруашылықтардың басым бөлігінде техниканы сақтау қоймалары (гараж) болмағандықтан көктемгі дала жұмыстарына техниканы дайындау және жөндеу жұмыстары күн жылынғанда жүргізіледі екен.
– Техниканы жаңарту жоспары 2025 жылы 11 пайыз, яғни 109 техника, ал жалпы техника саны – 990. 2024 жылғы техниканың жаңару көрсеткішінің жоспары 10 пайыз, 171 техника. Бүгінгі күнге 998,5 миллион теңгеге 171 жаңа техника алынды. 60 трактор лизингке, 2 трактор нақты ақшаға, 15 тіркеме лизингке, 94 тіркеме нақты ақшаға сатып алынды. Аудан бойынша геоақпараттық ресурстарды басқару жүйесінде 950 трактор, 200 комбайн тіркелген. Оның ішінде пайдаланылмайтын, қалпына келтіруге жатпайтын 686 ауылшаруашылық техникасы бар. Аталған техникаларды есептен шығару бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы жылғы көктемгі дала жұмыстарына шаруалар тарапынан 2766,4 тонна кепілдендірілген дизель отынына сұраныс берілді. Минералды тыңайтқыштың жоспары 11 000 тонна. Бүгінде каналдарды қайта жаңғырту жұмыстары бойынша жергілікті бюджет есебінен жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптамадан оң қорытынды алынды, – дейді Ержан Байұзақұлы.
Осы аудандағы іргелі агроқұрылымның бірі – «Рауан» шаруа қожалығы.
Шақпақ ауылдық округінде орналасқан қожалықтың төрағасы Бектұрған Қансейітовтің айтуынша, ол қазірдің өзінде техникасын жөндеп, қажетті тыңайтқыштар мен жанар-жағармай қорын дайындап қойған. Күн жылынып, қолайлы сәт туғанда егін егу жұмысының қамына кіріспек.
– Мен мал және егіншаруашылығымен қатар айналысамын. 300 гектар суармалы жерім бар. Оның 150 гектарына мақсары, қалғанына арпа мен жоңышқа егуді жоспарлап отырмын. Иелігімде 8 техника болса, оның бесеуі трактор, екеуі комбайн, қалғаны басқа техника. Тракторлардың соқа-сайманы сақадай сай. Механизаторлар мен басқа да жұмысшы мамандардың еңбекақысы келісімді. Мысалы, егіс алқабын екі сушы суарса, олар 200 мың теңге айлықақы алады, – дейді Бектұрған Нұржігітұлы.
Бұл аудан соңғы уақытта егіншаруашылығын әртараптандыруға баса мән берген. Ел ырзығын еселеуші диқандардың көктемгі дала жұмыстарына ерте бастан қамдануы еткен еңбек, төккен тердің текке кетпейтінін білдірсе керек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ