Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бүлдіршіндер ертегі тыңдады

Бүлдіршіндер ертегі тыңдады
Ашық Дереккөз
Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылындағы №5 «Балдырған» бөбекжай-балабақшасында «Біртұтас тәрбие» жобасы аясында тағылымды іс-шара өтті. Жоба аясында балабақшаға ауыл әжелері арнайы шақырылды. Ақ жаулықты әжелер өз кезегінде бүлдіршіндерге қызықты ертегілер айтып беріп, балаларды адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге өз үлестерін қосты.

Іс-шараға балабақшаның «Балауса» мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндері қатысты. Бүлдіршіндер әжелер айтқан қызықты ертегілерді ұйып тыңдап, халықтың ауыз әдебиетіне зор қызығушылық танытты. Әжелер балаларға «Жеті лақ» және «Түлкі мен тырна» ертегілерін қызықты етіп айтып берді. Әжелермен тығыз жұмыс істеп, бүлдіршіндердің көңіл сандығында сақталар қызықты әрі тағылымды іс-шараға атсалысқан педагогикалық ұжымның еңбегі атап өтуге тұрарлық.

Халқымыздың ұлттық мінездері мен қасиетін бойына жиған әжелер бөбекжай-балабақшаның ұжымына және әдіскер Раушан Ахметоваға аналық алғыстарын жеткізді.

***

«Адамның бір қызығы бала деген» деп халқымыздың ұлы перзенті Абай айтпақшы, әр бала бір-бір үйдің үміті, шамшырағы, аяулысы, ардағы.     

«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесу керек, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан әр бүлдіршінге балабақшадан бастап тәлім-тәрбие беріп, ұлтжандылыққа тәрбиелеу басты міндетіміз. Осы мақсатта жуырда «Бәйтерек» бөбекжай-балабақшасында «Әжемнің ертегілеріне саяхат» тақырыбында танымдық сағат ұйымдастырылды.

Іс-шараға балабақша тәрбиешілері, зейнеткер ұстаз Күлжан Казимова, №26 Жаңаталап орта мектебінің ардагер ұстазы Күмісжан Байдалиева қатысып, «Ақ көгершін» тобының бүлдіршіндеріне «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісін оқып берді.

Тағылымы мен тәлімі мол іс-шара барысында тәрбиешілер кішкентай бүлдіршіндерді сұрақ-жауаптармен қызықтырды. Бүлдіршіндер танымдық сағат соңында өлең, тақпақтарын айтып, өз өнерлерін көрсетті.

***

Қазақ халқы «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Үлкенді сыйлау, олардың өмірлік тәжірибесін үйрену – ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі. Осы орайда балабақшада ұйымдастырылатын «Әжелер мектебі» балғындарымызға салт-дәстүрді дәріптеп, әже мейірімін сезіндіретін ерекше жоба.

Жоба аясында жақында «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасында ұлттық тәрбиенің маңызды бір бағытын дәріптейтін «Әжелер мектебі» атты іс-шара өтті. Бұл игі бастама арқылы балалар халық ауыз әдебиетімен жақын танысып, үлкендердің өнегелі сөздерін тыңдап, ұлттық құндылықтарымызға қанықты.

Іс-шараға ауылдың қадірменді қариясы Ақсұлу әже арнайы шақырылып, «Бәйтерек» ересек тобының бүлдіршіндеріне «Бір үзім нан» атты ертегіні оқып берді. Ол ертегінің мәнін түсіндіріп, нанның қасиеті, оның маңыздылығына тоқталды.

Балалар ертегіні үлкен қызығушылықпен тыңдап, әженің ақыл-кеңесіне зер салды. Кездесу соңында Ақсұлу әже бүлдіршіндердің сұрақтарына жауап берді.

«AR-AI»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар