
«Study in Kazakhstan» көрмесінде 20-дан аса шетелдік жоғары оқу орнының Қазақстандағы филиалдары таныстырылды. Бұл бастама мектеп бітіруші түлектердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына бағыт-бағдар беріп, еліміздегі білім беру кеңістігін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді көздейді.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов бүгінгі таңда білім саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда сапалы білім алу мүмкіндіктері жылдан-жылға артып келеді.
– «Study in Kazakhstan» көрмесі жас талапкерлерге елімізден шықпай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының білім беру саласына жасаған қолдауының арқасында еліміздің көптеген өңірінде халықаралық деңгейдегі университеттердің филиалдары ашылып, қосдипломды білім беру жүйесі енгізілуде. Бұл – студенттерге бірнеше елде бірден білім алуға жол ашады. Мысалы, тарихы терең Тараз қаласында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды. Осы жоба аясында химия және технология саласына қажетті білікті мамандарды даярлай аламыз. Сонымен қатар биыл талапкерлер саны 11 мыңға жетіп отыр. Сондықтан мұндай көрмелер болашақ мамандардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындап, жоғары білімге деген қолжетімділікті арттыруға таптырмас құрал, – деді Серік Жақсылықұлы.
Көрмеге қатысушылар шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының өкілдерімен тікелей пікір алмасып, оқуға түсу талаптары, оқу ақысы, стипендиялар мен жеңілдіктер туралы ақпарат алды. Сондай-ақ халықаралық академиялық алмасу бағдарламалары мен қосдипломды білім беру жүйесі бойынша білім алу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев көрменің жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Жыл басында Қарағанды қаласынан бастау алған бұл көрме талапкерлер үшін өте тиімді. Мұнда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары өз бағдарламалары мен мүмкіндіктерін таныстырады. Жастардың шетелдік білімге қолжетімділігін арттыру үшін биыл министрлік тағы 11 стратегиялық серіктестікті іске қосуды жоспарға енгізді. Қазақстанда әлемдік стандарттарға сай жоғары білім беру жүйесін қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Білікті мамандар даярлау үшін елімізге жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтастықты нығайту қажет. Сондықтан бүгінгі көрме болашақ студенттерге бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби дамуына ықпал етеді деп сенемін, – деді Р.Емелбаев.
Көрме барысында педагог-профориентолог Айдос Жұманазар мектеп бітірушілерге психологиялық кеңес өткізді. Ол мамандық таңдау кезінде тек еңбек нарығындағы сұранысты ғана емес, адамның жеке қабілеті мен қызығушылықтарын ескеру қажеттігін атап өтті.
– Көптеген түлектер мамандық таңдау кезінде қателіктер жібереді. Бірі ата-анасының қалауымен, енді бірі белгілі бір мамандықтың беделі үшін таңдау жасайды. Алайда ең бастысы – адамның өз жүрек қалауымен, қабілетіне сай бағыт таңдауы. Егер түлек өз мамандығына қызығушылықпен кіріссе, онда ол міндетті түрде білікті маманға айналады. Сондықтан бүгінгі көрменің басты артықшылығы – талапкерлердің түрлі мамандықтар туралы толық ақпарат алып, өзіне лайық бағытты таңдауға мүмкіндік беруі, – деді Айдос Жұманазар.
Көрменің екінші бөлімінде волонтерлер мектеп түлектеріне экспозицияларды таныстырып, викториналық ойындар ұйымдастырды. Бұл ойындар талапкерлердің логикалық ойлау қабілетін дамытып, болашақ мамандықтарына байланысты қызықты сұрақтарға жауап беруіне жағдай жасады.
Көрмеге келген мектеп оқушылары өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, жоғары оқу орындарының бағдарламаларымен танысты. Сондай-ақ оқушылар мен олардың ата-аналары бұл іс-шараның үлкен көмек болғанын жеткізді.
Айжан ӨЗБЕКОВА