
Кітапханаға саяхаттың мақсаты – жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын ояту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, олардың рухани және интеллектуалдық дамуына ықпал ету.
Кітапхана қызметкерлері оқушыларға кітаптың адам өміріндегі маңызы, оның пайдасы мен тарихы туралы мәліметтер беріп, қызықты слайдтар көрсетті. Балалардың белсенділігін арттыру мақсатында сұрақ-жауап айдары ұйымдастырылып, дұрыс жауап бергендерге ұлағатты сөздер мен мақал-мәтелдер жазылған тәттілер сыйға тартылды. Мұндай әдіс балалардың танымдық қызығушылығын арттырып, оларға ерекше әсер қалдырды.
Оқушылар кітапхананың қызметімен, онда сақталған кітап қорының ерекшеліктерімен танысты. Сонымен қатар оларға отандық және әлемдік әдебиет жауһарлары ұсынылып, жасы бойынша қандай кітаптарды оқу керектігі жайында кеңестер берілді. Кітапханашылар қазақтың белгілі жазушылары туралы әңгімелеп, олардың шығармаларының тәрбиелік мәніне тоқталды.
Іс-шара барысында Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесі талқыланды. Бұл шығармадағы кейіпкерлер тағдыры, олардың бастан кешкен қиындықтары балалардың қызығушылығын тудырып, олар өз ойларын ортаға салды. Оқушылар шығармадағы Аян бейнесі мен оның ерік-жігері жайында пікір білдіріп, өздерінің өмірлік көзқарастарын айтты.
Кездесудің соңында балалар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылып, олар кітапхана залдарын аралап көрді.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ