
«Мен жиырма бірінші ғасырдың ақынымын»деп өзі айтқандай, расында да қайран Мұқаң өзінен кейінгі ұрпақтар мен алдағы ғасырлардың асыл ақыны екен!
Сонымен не керек, кітапханашы Бағира Бұлтанқұлова көп ұзатпай іздеген кітаптарын тауып берген соң жүздерінде шаттық нұры ойнаған жастарды көріп, олардың Мұқағалимен қоса поэзияға деген құрметтері мен құштарлықтарына іштей риза болдым. Және осындай сырт келбеттері сымбатты, ой-саналары сәулелі, жүректері сырлы жас оқырмандарға сүйсіне қарап тұрып: «Сендерге Мұқағали аталарыңның білімі мен парасатын, даналығы мен даралығын және қарапайымдылығы мен қара нардай төзімділігін берсін», – деп ізгі тілегімді білдірдім де далаға шығып, баратын жеріме қарай беттедім.
«Білетінім әйтеуір бір-ақ нәрсе,
Көшеді өлең немесе өшеді өлең» деп ақынның өзі жырлағандай, осы сәттен кейін Мұқағалидың өзі де, ерекше есімі де, жасын жырлары да көнермей ілгері қарай көше беретініне тағы да көзім жетті. Және ақынның Фаризаға арнаған өлеңіндегі:
«Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген жолдары ойыма орала берді.
Күз мезгілі болатын. Кеш түсіп қалыпты. Сәлден кейін ауа райы күрт өзгерді де күн бұлттанып, жаңбыр жауа бастады. «Мынау Мұқағалидың өзі мен өлең-жырларының көрінісі ғой» деген ой жетегімен алға қарай аяңдай бердім. Сонымен қатар Мұқағалидың табиғатпен, табиғаттың да Мұқағалимен үндес екенін аңғарғандай болдым.
Бұл күн өмірімдегі ұмытылмас сәттердің бірі болып көңіл күнделігіме жазылып қалды.
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын, журналист