Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Атауынан айырылған мәдениет үйі

Атауынан айырылған мәдениет үйі
Ашық Дереккөз
Әлжаппар Әбдіхалықұлы – Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, соғыс ардагері, Сарысу ауданының өнері мен мәдениетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол тағдырдың қатал сынынан өткен адам.

Ә.Әбдіхалықұлы ашаршылық жылдары әкесінен айырылып, балалар үйінде тәрбиеленді. Өнерге деген құштарлығы оны жастайынан домбыра тартып, ән салуға, сахнада өнер көрсетуге жетеледі. 1935 жылы сыныпты үздік аяқтағаны үшін жаз айында қазіргі Түркістан облысының сол кездегі «Ванновка» балалар демалыс орнына жіберіліп, мектеп оқушылары арасында өткен республикалық байқауда жүлдегер атанып, болашақ шығармашылық жолының іргетасын қалады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинградты қорғауға белсене қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Соғыстан кейін туған жеріне оралып, мәдениет саласында жемісті еңбек етті. Саудакент ауылындағы мәдениет үйін басқарып, оны нағыз өнер ордасына айналдырды. 1955 жылы құрған домбыра ансамблі кейін халық оркестріне айналып, үлкен жетістіктерге жетті. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен талантының арқасында мәдениет ошағы республика деңгейінде мойындалып, «Халық театры» атағын алды.

Әлжаппар Әбдіхалықұлы өнер мен мәдениеттің нағыз жанашыры болып қана қоймай, халықпен етене жақын болды. Автоклуб меңгерушісі ретінде ауылдарды аралап, өнерді елге жеткізіп, ауыл сахнасын үлкен өнер сахнасына айналдырды. Еңбегі жоғары бағаланып, 1966 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді. Бұл – оның мәдениетке сіңірген зор еңбегінің дәлелі.

Әлжаппар Әбдіхалықұлы 1982 жылы дүниеден өтті. Он жылдан кейін Саудакент ауылындағы өзі еңбек еткен аудандық мәдениет үйіне есімі берілді. Алайда сол кезде аудандық мәдениет үйіне Әлжаппар Әбдіхалықұлының атын беру туралы аудан әкімінің шешімі шығып, мәдениет үйінің маңдайшасына кейіпкеріміздің есімі жазылғанымен, ол атау 30 жыл бойы заңсыз тұрған көрінеді. Ал одан ұрпақтары хабарсыз. Себеп – тоқырау жылдары аудан орталығы Жаңатас қаласына көшіріліп, бұл ауылдық мәдениет үйі болып қалса да Әлжаппар Әбдіхалықұлының есімі біз сөз етіп отырған мәдениет үйінің маңдайында бертіңгі кезге дейін жазылып тұруы. Тек атау алынып тасталғанын ұрпақтары 2022 жылы білген. Бүгінде қоғамнан әділдік іздеген Әлжаппар Әбдіхалықұлының ұлы Қалабай Әбдіхалықов өнер ошағына әкесінің есімін қайтаруды ойлап бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын айтады.

– 1997 жылға дейін Сарысу ауданының орталығы Саудакент ауылы болған. Одан бес жыл бұрын, яғни 1992 жылы Сарысу ауданы әкімінің өкімімен аудандық мәдениет үйіне әкемнің аты берілген еді. Кейін аудан орталығы Жаңатас қаласына ауысқан кезде аудандық мәдениет үйі де сонда көшірілді. Дегенмен осы кезге дейін Байқадам ауылдық округі, Саудакент ауылындағы мәдениет үйінің маңдайшасында «Әлжаппар Әбдіхалықұлы атындағы мәдениет үйі» деген жазу сақталып тұрды. Мәдениет үйінен әкеміздің есімі алынып тасталғанын 2022 жылы білдік. Өйткені сол кездері мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сол кезде ғимараттың маңдайшасынан әкемнің аты алынып тасталыпты. Бұл жағдайдан кейін ауылдың көзіқарақты азаматтары маған хабарласып, «Мәдениет үйінің маңдайшасына әкеңіздің есімі неге қайта жазылмады?» деп сұрады. Осыдан кейін мен мәселенің мән-жайын анықтауға кірістім. Тиісті мекемелерге хат жаздым, оның ішінде аудандық мәдениет үйі де бар. Олардың берген жауабына сүйенсек, мәдениет үйіне кезінде әкемнің есімі заңсыз берілген, ал оны қайтару қазір заңға қайшы көрінеді. Қазір әкемнің аты не ауылдық, не аудандық мәдениет үйінде жоқ. Аудан атқамінерлерінің тарихи әділеттілікке деген көзқарасы мен бар ғұмырын өнер жолына арнаған тұлғаға, өнерге деген құрметі осындай деңгейде болғаны мені қынжылтты. Мен аталған мәдениет үйіне әкемнің атын қайтарғым келеді. Аудан әкімі кезінде шешім шығарып, алайда аудан әкімдігі аппаратындағы мамандар ары қарай тиісті жұмыс жүргізбеген болса, ол үшін әкеміздің, оның ұрпағының қандай кінәсі бар? Егер бұл заңсыз болса, аудандық мәдениет бөлімі неліктен аталған ауылдық мәдениет үйінің маңдайшасынан Әлжаппар Әбдіхалықтың есімін ертерек алдырып тастамады немесе мынау заңсыз деп ұрпақтарына ескертпеді? Сол кезде біз ертерек қамданар едік қой, – деді Қалабай Әлжаппарұлы.

Бұл мәселенің туындауына нақты не себеп болғанын, атау қандай негізге сүйеніп алынып тасталғанын анықтау үшін Сарысу аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Салтанат Жақсыпейіловаға хабарластық.

– Байқадам ауылдық округіндегі Саудакент ауылының Ұзақбай Сыздықбаев көшесіндегі №4 ғимаратта орналасқан Саудакент ауылдық мәдениет үйіне Әлжаппар Әбдіхалықұлының есімі берілмеуінің өзіндік есебі бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидалары туралы» қаулысы бойынша, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының отырысында мақұлданған, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» тізімдерін басшылыққа алып жұмыс жүргізіледі. Біріншіден, Сарысу ауданы әкімінің 1992 жылғы 4 қыркүйектегі №246 «Аудандық мәдениет үйіне Әлжаппар Әбдіхалықовтың есімін беру туралы» шешімінің заңды күші жоқ. Өйткені Сарысу ауданы әкімдігі тарапынан жоғарыда аталған нормативтік құқықтық актісі тиісті заңнамаға сәйкес жоғары тұрған органдарға ұсынылмаған. 1992 жылы «Нысанға атау беру» мәселесі – Қазақ Кеңестік Республикасы Министрлер кеңесінің (Негіз – Қазақ Кеңестік Республикасының Жоғарғы кеңесі президиумының 1984 жылғы 15 ақпандағы «Қазақ Кеңестік Республикасының әкімшілік-аумақтық даму мәселелерін шешудің тәртібі туралы» қаулысының ІІІ тарауы, 26-тармағы) құзыретінде болған. Нақты айтар болсақ, Байқадам ауылдық округіндегі Саудакент ауылының Ұзақбай Сыздықбаев көшесіндегі №4 ғимаратта орналасқан Саудакент ауылдық мәдениет үйіне Қазақ Кеңестік Республикасы Министрлер кеңесінің «Әлжаппар Әбдіхалықұлының есімін беру туралы» қаулысы шығарылмаған. Екіншіден, қазіргі таңда жоғарыда аталған мәдениет ошағы өз алдына жеке заңды тұлға емес, Сарысу аудандық мәдениет үйіне қарасты нысан болып есептеледі. Сондықтан Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі №395 «Қазақстан Республикасындағы ұйымдарды, теміржол стансаларын, әуежайларды, сондай-ақ физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертудің тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысына сәйкес атау беруге болмайды. Үшіншіден, Әлжаппар Әбдіхалықұлының есімі Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының отырысында мақұлданған, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілмеген, – деді Салтанат Сейтжанқызы.

Осы ретте біз «Заңсыз болса, аталған ауылдық мәдениет үйінде Әлжаппар Әбдіхалықұлының есімін неге ертерек алдырып тастамадыңыздар? Ол нысанға атау беру заңға қайшы болса, атаусыз тұрған аудандық мәдениет үйіне неге есімін бермеске?» деген сұрақ қойдық.

– Мен аудандық мәдениет бөліміне 2020 жылы басшы болып келдім, сол кезде аталған нысанның маңдайшасында Әлжаппар Әбдіхалықұлының аты болған жоқ. Демек, мұның заңсыздығы одан бұрын белгілі болып, кісі есімі алынып тасталған. Алайда нақты қай уақытта алынғанын тап басып айта алмаймын. Ал ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысы 2021 жылы жүргізілген. Аудандық мәдениет үйіне кісі есімін беру туралы жұмыстар 2017 жылдан бастап қолға алынған екен. Қазіргі таңда ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының отырысында мақұлданған, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» тізіміндегі Майкөт Сандыбайұлының есімін беру туралы республикадан оң қорытынды алынып қойды. Алдағы уақытта осы тарихи тұлғаның есімі ресми түрде берілетін болады, – деді С.Жақсыпейілова.

Біз екі тарапты да тыңдап, мәселеге барынша қанықтық. Аталған мәдениет үйінің атауы бойынша мәселенің туындауына кезінде осы шаруаның басы-қасында жүргендердің істі аяғына дейін жеткізбеуі себеп болған. Сол үшін де заңнамалық талаптарға сәйкес мәселе оң шешім таппай отыр. Десе де әрі қарай да ізденетінін айтқан Қалабай Әбдіхалықов оң шешімге қол жеткізетінінен үмітті.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Сарысу айданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар