Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жаңа дәуірдегі жаңа реформалар»

«Жаңа дәуірдегі жаңа реформалар»
Ашық Дереккөз
2025 жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент атаулы жыл аясында кәсіптердің беделін арттыруға бағытталған бірқатар шара қабылдайтынын тілге тиек етті.

– Биыл – Жұмысшы мамандықтары жылы. Осыған орай маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс. Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет, – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын, маңызды жиында көтерілген мәселелерді талқылау мақсатында жуырда облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Жаңа дәуірдегі жаңа реформалар» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты.

Басқосу барысында «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда тұтас мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысы маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

– Құрметті жастар, бүгін сіздермен бірге Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тұжырымды ойлары мен бастамаларын талқылауға жиналып отырмыз. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық. Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Қазіргі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүріп жатыр. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор. Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалайтынын Президентіміз де айрықша атап өтті, – деді Қасымхан Естемесұлы.

Ал Тараз қалалық мәслихатының депутаты Азамат Лесбек белсенді жастармен әлеуметтік мәселелерді шешудің міндеттері туралы пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады.

Жиын соңында жастар қонақтарға сұрақтарын қойып, белсенділік танытты.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар