Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Байзақта 120 пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға берілді

Байзақта 120 пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға берілді
Юрий КИМ
Кеше Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында 120 пәтерлік 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, бірқатар отбасы баспаналы болды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Олжас Баққараев қатысып, жаңа пәтер иелерін құттықтап, көпшіліктің қуанышымен бөлісті.

– Өткен жылы 240 байзақтық жаңа пәтерге қол жеткізді. Биыл ауданда тағы 6 тұрғын үй салу жоспарланып, 7 миллиард теңгеге ұсыныс берілді. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі баспана мәселесін шешуді басым бағыттардың бірі ретінде белгілегенін білесіздер. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Бүгін тағы бірнеше отбасы баспаналы болып, үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді аудан әкімі.

Тұрғын үйлердің құрылысын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бір тұрғын үйдің жалпы аумағы 2 956 шаршы метрді құрайды. Пәтерлердің екі бөлмелісі – 33, ал үш бөлмелісі – 65,5 шаршы метр.

Игі іс-шарада Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков жиналған жұртшылыққа ақ батасын берді.

– Бүгінгі қуаныш құтты болсын! Баспаналы болған жандардың үйлеріне құт-береке қонсын. Босағалары берік, шаңырақтары биік болғай. Әрбір отбасының ырысы артып, ұрпағы өсіп-өркендесін. Алла жаңа үйлеріңіздің табалдырығынан тек жақсы хабармен аттатсын! – деді ақсақал.

Жаңа пәтерге қол жеткізген тұрғындардың бірі – 2018 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы ана Эльвира Әбибуллаева.

– Алты баланың анасымын. Кеше ғана баспана алатынымды естіп, қуанышымда шек болмады. Отбасымызбен осы күнді ұзақ күттік. Балаларыммен бірге өз үйімде өмір сүретініме өте бақыттымын. Бізге осындай қолдау көрсеткен билік өкілдеріне, әкімдікке алғысым шексіз! – деді көпбалалы ана тебірене.

Байзақ ауданы әкімдігінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейтін жалғызбасты ана Әсемгүл Ақтаева да көптен күткен қуанышына қол жеткізді.

– Үй кезегінде тұрғаныма алты жыл болды. Бұған дейін Сарыкемер ауылында пәтер жалдап келдік. Енді міне, екі баламмен бірге өз шаңырағымызға ие болдық. Ертең ұлымның туған күні. Бұл баспана – біз үшін ең үлкен сый болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Міне, сол сөздің дәлелі ретінде қарапайым еңбек адамдары да баспаналы болып жатыр, – деді ол толқып.

Жаңа қонысқа ие болған тағы бір тұрғын – ІІ топ мүгедектігі бар Жандос Бегалиев. 30 жастағы азамат баспананың кілтін қолына алған сәтте көз жасына ерік берді.

– Өз үйің – өлең төсегің. Осы күнге жеткеніме шүкір. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға ризамын, – деді Жандос ағынан жарылып.

Жаңа қоныс иелері аудан басшыларымен бірге өз үйлерін аралап, қуаныштарын бөлісті. Ақ жаулықты аналар қоныстойдың көркін келтіріп, шашу шашты.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар