Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Су тасқынының алдын алу маңызды

Су тасқынының алдын алу маңызды
Ашық Дереккөз
Былтыр көктемде Қазақстанның 10 облысын су басып, төтенше жағдай жарияланған болатын. Талайды әбігерге салған су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат болып тіркелді.

«Су – тілсіз жау» дегендей, табиғи апаттың айтып келмейтіні белгілі. Алайда төтенше жағдайдың алдын алу – келетін қауіпке тосқауыл болатын маңызды әрекет. Осы мақсатта кеше ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Көктем – 2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңін бастады. Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн бойы Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстарында төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар өтті.

Облысымыздағы тілсіз жауға дайындық барысын баяндасақ, кеше облыс деңгейіндегі бұл іс-шара Тараз қаласының «Қазпоселок» тұрғын алқабының аумағында өтті.

Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің су тасқыны орын ала қалған жағдайда қолданар әрекеті мен дайындығы пысықталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек арнайы қатысты.

– «Көктем – 2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың бірінші кезеңі өткізілуде. Іс-шара облысымыздан өзге өңірлерде де ұйымдастырылуда. Дайындық кезінде Талас өзенінің арнасынан асып кетпеуі, қауіп төнген жағдайда жақын маңда орналасқан ауыл тұрғындарын құтқару, қауіпсіз жерге көшіру қимылдарына назар аударылды. Қазіргі сәтте Талас өзенінде 33 текше метр су ағып жатыр. Көктемгі су тасқыны кезінде көлемі бірнеше есе көтерілуі мүмкін деген болжаммен осы жаттығуды өткіздік, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Арман Смаиловтың айтуынша, құтқарушылардың жаттығу кезіндегі іс-қимылдары шартты түрде орындалды.

– Республика көлеміндегі «Көктем – 2025» оқу-жаттығу штабы оңтүстік пен батыс өңірлерден басталды. Оқу үйлестіру және жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Атырауда орналасқан. Су тасқынының ықтимал салдарын болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайлар департаментімен бірге пысықтау шараларын жүргізуде. Анығын айтсақ, мысалы, ағын судың көлемі артуына байланысты Талас өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, тұрғын үйлерге қауіп төнді делік. Біз жаттығу барысында оқиға шынайы өтіп жатқандай жоспармен әрекет еттік. Бір мезетте өзеннің оң жағалауындағы тұрғын үйлерді су басу қаупі күшейді. Осы кезде халыққа төтенше жағдай қаупі туралы хабарлау үшін дауыс зорайтқыштар қолданылды. Эвакуацияланған тұрғындар №62 орта мектепте орналасқан уақытша орналастыру пунктіне жеткізілді. Онда жергілікті атқарушы органдар тарапынан тамақтану, медициналық және психологиялық көмек ұйымдастырылды, – деді А.Смаилов.

Шартты түрдегі оқу-жаттығу барысында құтқарушылар су басқан аймақта қалған екі балықшы мен «Нива» жүргізушісін құтқарды. Су басқан аумақтағы төтенше жағдайды жою үшін өрт сөндіру бөлімдері, екі өрт сорғы стансасы және секундына 120 литр су айдайтын «АНР-120» көлігін қоса алғанда, бес мотопомпа жұмылдырылды.

Жедел әрекет ету жасағы судың таралуының алдын алу үшін бөгет пен жол жабынын нығайтты. Полиция қозғалысты шектеп, экскаваторлар өзен көпірінің маңын тазалады.

Айта кетсек, жаттығуға төтенше жағдайлар департаменті, ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің сарбаздары, облыстық полиция департаменті, медициналық қызмет, «Қазселденқорғау» және жергілікті атқарушы органдардың қосымша күштері қатысты.

Барлығы 121 маман мен 24 техника жұмылдырылған оқу-жаттығу төтенше жағдайлар қызметтерінің көктемгі су тасқынына дайындығы мен ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін тағы бір дәлелдей түсті.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар