Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жас сәулетшілер мемлекеттік қызметтен неге қашады?

Жас сәулетшілер мемлекеттік қызметтен неге қашады?
Ашық Дереккөз
Жақында ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отырғанын тілге тиек еткен еді. Аудан әкімдіктеріне қарасты бөлімдерде басшылық қызметті өзге мамандық өкілі атқарып отырған саланың бірі – сәулет және құрылыс.

Бір кездері көп өңірде сәулет бөлімдері қаржының жоқтығынан қысқартуға ұшырап кеткен еді. Мемлекеттік қызметте сәулетші мамандардың аздығы аймақтардағы сәулеттендіру жұмыстарына кедергісін тигізбей отырған жоқ. Аудан әкімдіктерінде сәулет және құрылыс бөлімін өзге сала өкілдері басқарып, сәулетші штатында басқа мамандық иелері жұмыс істеп жатыр. Өйткені бүгінде ауданға барып еңбек ететін сәулетші мамандар жоқтың қасы. Облыста сәулетшілер даярлайтын арнайы жоғары оқу орны, факультет бар болса да жас мамандар мемлекеттік қызметте жұмыс істеуден қашады.

Мәселенің өзектілігін облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев та растап отыр.

– «Сәулет анасы – тарих, тарих айнасы – сәулет» деген қағида бар. «Сәулет – таспен жазылған құдіретті музыка» депті немістің ұлы ақындарының бірі. Мағынасы терең осы сөздерден-ақ сәулет өнерінің адам һәм қоғам өмірінде алатын маңызды орны көрініп-ақ тұр. Алайда сәулетшілік өнер қазір қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Сұранысқа ие мамандықтың бірі десек те, кәсіби маман жеткілікті болғанына қарамастан мемлекеттік қызметте сәулетшілер саусақпен санарлық қана. Біздің басқарманың басты міндеті – қала құрылысы қызметінің дамуына талдау жасап, елді мекендердің белгіленген тәртіппен бекітілген  бас жоспарлардың жүзеге асуы мен облыс аумағында қала құрылысы регламенттерін сақтау жөніндегі қызметтерді үйлестіру. Сондай-ақ басқарма қызметі облыстық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүзеге асыру, адамның мекендейтін, тіршілік ететін толымды ортасын қалыптастыруға, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуға бағытталған. Негізінде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» (ҚР 2001 жылғы 16 шілдедегі N242) Заңының 27-бабы бойынша,, ауданның жергілікті атқарушы органдарының сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымы бойынша аудандардың бас сәулетшілері болып есептеледі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитетімен бекітілген «Құрылыста басшылық құжатын бекіту туралы» «Облыстың, қаланың, ауданның бас сәулетшісі туралы» 09.11.2022 жылғы №207 НҚ Ережесінде ауданның бас сәулетшілерін тағайындаған немесе жұмыстан босатқан кезде облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының келісімін алу айтылған. Алайда аудан әкімдіктері тарапынан аталған Ереже басшылыққа алынбай жүзеге асырылуда. Сонымен бірге қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі – елді мекендердің аумағында салынып жатқан жаңа ғимараттардың сыртқы келбетінің көркемдік, сәулеттік үйлесімге сай еместігі. Анығын айтқанда, «қызыл сызық» шекарасынан шыққан және бас жоспар, егжей-тегжейлі жоспарлау сынды қала құрылысы құжаттамасының талаптары сақталмаған нысандар бой көтеруде. Сәулеттік білім деңгейі төмендігінің салдарынан аудандардың сәулеттік-құрылыс жұмыстары сапасыз орындалып жүр. Тағы бір келеңсіз факт – сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерде мамандығы экономист, қаржыгер, заңгер басшылар көптеп кездеседі. Мәселен, дәл осындай жағдай Сарысу, Меркі, Шу аудандарында орын алып отыр. Нақтысы сол, өз лауазымында емес басшылардың басқа мамандық иесі болғандықтан сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыра алмайтыны анық. Басқарма тарапынан мәселені шешуге барынша күш салып жатырмыз. Бүгінгі күнге М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен оқу бітірген сәулетші мамандарды облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасынан практикадан өткізу жөнінде келісімшарт бар. Жыл сайын диплом алған мамандарды келісімшартпен қабылдаймыз немесе өндірістік тәжірибеден өткіземіз. Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі және қыр-сыры түсіндіріледі. Ары қарай жобалау мекемелеріне немесе мемлекеттік қызметте қалуды өздері таңдайды. Сонымен қатар маманның пікіріне мән беріп, дұрыс ұсыныстарға барынша қолдау білдіреміз. Мәселеге қатысты айтар ойым, жас сәулетшілерді мемлекеттік қызметке тарту үшін жобаланатын, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін ғимараттарға немесе саябақтардың эскиздік жобасын барынша ашық қылып, конкурстық негізде бекітілген комисия мүшелерімен ұсыныстарын қарап, талдап, ойларын ашық айтқызып, қолдау білдіру қажет, – деген Айтқазы Дәулетқұлұлы басқарманың өткен жылы атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті.

Басқарма басшысының айтуынша, өңір бойынша 371 қала мен елді мекен, оның ішінде 4 қала және 367 елді мекен қала құрылысы жобаларымен қамтамасыз етілген. Өткен жылы басқармаға қарасты «Сәулеттік бюро» мекемесі тарапынан жалпы 172 жоба қаралса, оның 76-сына келісім берілген. Сонымен бірге 32 жобаға қатысты ұсыныс айтылған болса, 20 жоба қайта пысықтау үшін кері қайтарылған, 44 жобаның сараптамадан өтуіне байланысты қарастырудан бас тартылып, кері қайтарылған. Сол секілді өткен жылы басқармаға түскен 53 жобалық-сметалық құжаттаманың сараптама қорытындысының үш жылдық пайдалану мерзімі өткен. Оның ішінде Қордай ауданы бойынша бір жоба және Шу ауданы бойынша мәдениет үйі, ипподром бойынша 2 жобаға қайта түзету енгізілген. Қалған жобалар жарамсыз болған.

– Реті келгенде облыс бойынша «қызыл сызық» нормасын бұзып құрылысы жүргізілген нысандар туралы айта кетсем артық болмас. Тараз қаласы мен аудандардың бекітілген бас жоспар жобаларына сәйкес, «қызыл сызық» нормаларын бұзып құрылысы жүргізілген насандарға басқарма тарапынан жыл сайын мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырады. Өткен жылы облыс бойынша 93 нысан анықталды. Тарқатып айтқанда, Тараз қаласында – 52, Байзақта – 6, Жамбыл ауданында – 2, Жуалыда – 8, Қордайда – 3, Меркіде – 4, Сарысуда – 5, Т. Рысқұловта – 7, Таласта – 2, Шу ауданында 4 нысан нормаға сай болмай шықты. Осыған сәйкес 93 нысанның ішінен аудандар тарапынан 51 нысанға қатысты шара қолданылды. Нақтылап өтсек, 38 сауда дүңгіршегінің, яғни Тараз қаласында 37 нысан, Таласта 1 нысанның құжаттары рәсімделді. Қалған 4 нысанның үшеуіне сот органының бұзу туралы шешімі шықты. Тағы бір нысан, яғни Абай даңғылы мен Байзақ батыр көшесінің қиылысындағы косымша асхана кұрылысы бойынша талап арыз сот органында қаралуда. Жоғарыда аталған кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау мақсатында Тараз қаласы мен аудан әкімдері алдын ала зерделеу жұмыстарын жүргізіп, сәулет және қала құрылысы нормаларының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Бұл келеңсіздіктер, сайып келгенде, сөз болған маман тапшылығы мәселесіне келіп тіреледі. Жалпы елді мекендердің сәулеттік келбетін көркейту мәселесі, тек жаңа құрылыс нысандарын жоспарлау және жаңа құрылыс нысандарының құрылысын жүргізу барысында «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту» Қағидасына сәйкес құрылыстың эскизін (эскиздік жобасын) келісу және «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу» мемлекеттік қызметі негізінде атқарылып келеді. Басқармаға қарасты «Сәулеттік бюро» мекемесі арқылы өткен жылы 83 эскиздік жоба әзірленіп, 20 жоба, нақтылап өтсек, Тараз қаласында – 16, Шу, Талас, Сарысу, Қордай аудандарында бір-бір жобадан іске асырылды. Сол секілді Тараз қаласындағы – 49, Шу ауданындағы – 4, Мойынқұмдағы – 7, Т.Рысқұловтағы – 3, барлығы 63 эскиздік жобаны іске асыру кезең-кезеңімен алдағы жылдарға жоспарға енгізіліп отыр, – дейді А.Қарабалаев.

Басқарма басшысы сөз соңында осы жылға жоспарлаған іс-шаралар барысымен бөлісті. Биыл басқарма қалаларда мемлекеттік қала құрылысы кадастры ақпараттық жүйесі арқылы «Сәулет-жоспарлау тапсырмаларын, эскиздік жобаларды келісуді ұсыну» бойынша қызметтерді көрсету үшін қажет етілетін қала құрылысы жобаларын «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ұсынуды ұйымдастыруға көңіл бөлмек. Сонымен бірге ҚР Өнеркәсіп жəне құрылыс министрлігінің «Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық іcтepі» комитетімен келісілген «Жамбыл облысы бойынша бас жоспарлар мен құрылыс салу және дамыту схемаларына, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына түзету енгізу жөніндегі» жол картасының орындалуын үйлестіру және бақылау жүргізу күшейтілмек. Сондай-ақ тұрғын үйді пайдалануға беру жөніндегі деректерді мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесіне енгізу бойынша жұмыстарды үйлестіріп, елді мекендердегі әлеуметтік, өндірістік, кәсіпкерлік нысандарының сыртқы сәулеттік-көркемдік, композициялық келбетінің және саябақ, аллеялар мен скверлердің эскиздік жобаларын әзірлейтін болады.

Сондай-ақ биыл басқарма тарапынан облыс елді мекендерінде «қызыл сызық» нормаларын бұзып, құрылысы салынған нысандарға мониторинг жүргізіліп, облыс көлемінде «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары бұзылмауы жіті қадағаланатын болады. Басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жүргізілуін үйлестіру, Тараз қаласы мен аудандар аумағында сәулеттік келбеті келіспеген, ұсқыны қашқан (әлеуметтік, кәсіпкерлік) нысандардың, ғимараттардың сыртқы қасбетін ретке келтіру, жақсарту және қала құрылысы талаптарын қатаң сақтай отырып, ғимараттардың сәулеттік келбетіне әзірленген эскиздік жобаларды басқармамен келісуден өткізу де назардан тыс қалмайды.

Байқағанымыздай, көптеген ауданның бас сәулетшілері мамандығы бойынша архитекторлар емес. Осы тұста «Жастар арасында сұранысқа ие болса да мемлекеттік қызметте маман жетіспеушілігіне не себеп?» деген орынды сұрақ туындайды. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасы меңгерушісі Кенжебай Сұлтанаевтың айтуынша, оқу орнында сәулетші мамандығына түсуге талпыныс білдіретін білімгерлер жыл сайын көбейіп келеді.

– Облысымызда сәулетші мамандарды дайындау ісі 2002 жылы техника ғылымдарының докторы, құрылыс профессоры Оңдасын Исаковтың бастамасымен жолға қойылған. Сол жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Сәулет өнері» мамандығы ашылды. Алғашқы 2002-2003 оқу жылы университеттің қабылдау комиссиясына 8 талапкер құжат тапсырды. Сол жылы оқуға түскен білімгерлердің төртеуі университетті бітіріп шықты. Содан бері жыл сайын жүзге жуық, жүзден аса, соңғы жылы 175-ке жақын талапкер оқуға түседі. Қазіргі уақытта «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасында «Тұрғын және қоғамдық үйлер сәулеті» және «Қалалық орта сәулеті» оқу бағдарламалары бойынша бакалавр сәулетші мамандар даярланып келеді. Биылдан бастап «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің құрамына енді. Биыл бізге 159 талапкер оқуға түссе, 62 жас маман сәулетші дипломын алып, үлкен өмірге қадам басады. Студенттеріміздің қай-қайсысы болса да қызметсіз қалған емес. Кейбірі ұстаздық жолды таңдаса, өзгесі жеке компанияларға қызметке орналасып, еңбек етіп жүр, – дейді К.Сұлтанаев.

Ғалым айтқандай-ақ, мұндағы студенттердің арасында екі қолға бір күрек таба алмай қалған мамандар жоқ десек те болады. Алайда жас сәулетшілердің бәрі де ауданға барып, мемлекеттік қызметте тер төккеннен гөрі жеке кәсіпкерлікпен айналысқанды құп көреді. Кафедраның талантты түлектерінің бірі – Асанбай Сәтбай. Білім алып жүрген кезінің өзінде көзге түскен сәулетші қазіргі уақытта Алматыдағы «Tansu Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде архитектор болып табысты еңбек етіп жүр.

– М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде білім алдым. Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде кәсіби мамандардың көңілінен шыққан көп авторлық жоба жасадым. Мәселен, 2021 жылы «Saulet Taraz» республикалық байқауында жеңімпаз атанғаным бар. Сол сайысқа қалалық вокзалды қайта құру бойынша қызықты жоба әзірлеп барған болатынмын. Сол жобада вокзалды қауіпсіз желдету жүйесімен қамтамасыз етіп, жууды қажет етпейтін әйнек орнату бойынша ұсыныс енгізгенмін. Мемлекеттік қызметте айлықтың аз екені жасырын емес, сондықтан мегаполис Алматы қаласында қызмет еткенді жөн санадым. «Tansu Construction» құрылыс компаниясында қызмет ете жүріп көптеген нысандардың кескінін әзірледім. Табысым да, жетістігім де жаман емес. Былтыр ғана «Mountain tranquility» атты жобам халықаралық «TANU Design Award – 2024» тәуелсіз жүлдесінің «Сәулет/тұрғын үй ғимараттары» номинациясында І орынға ие болып, үздіктер қатарынан көрінді, – дейді А.Сәтбай.

Тараз қаласында да архитекторлық бағытта қызмет көрсететін сән және дизайн студиялары көп. Олардың қатарында «Avara Architects», «Rian», «RBN DEVELOPMENT» «BS ARCHI GROUP» секілді жеке кәсіпкерліктер бар. Аталған компаниялар жамбылдықтарға тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды жобалап, архитектуралық шешімдер, қасбеттерді жобалау және абаттандыру бойынша қызмет көрсетіп отыр.

Өкініштісі, мемлекеттік қызметте бас сәулетші лауазымында өзге мамандық иелері отырғандықтан елімізде жиі кездесетін көлік тұрақтарының, жасыл аймақтардың жетіспеушілігі, тұрғын үйлердің тығыз орналасуы сияқты мәселелер шешімін таппай жатыр. Сайып келгенде, мұның бәрі айлықақының аздығына, аудандарда мамандарға қолайлы жағдайдың жасалмауына келіп тіреледі. Кәсіби маман тапшылығына облыс, тіпті мемлекет көлемінде көңіл бөлінсе дейміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар