Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Салық мәдениеті салғырттықты көтермейді

Салық мәдениеті салғырттықты көтермейді
Ашық Дереккөз
Үкіметтің жуырда өткен кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін арттыруды ұсынғаны белгілі. Сонымен қоса ҚҚС шегін 78 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін төмендету ұсынылып, бұл қосымша 300 мыңға жуық жаңа салық төлеушіні қамтуға мүмкіндік беретіні айтылған еді.

Аталған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда бұл жүйе әрдайым жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс.

Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр.

Бұл мәселені қоғам жіті бақылап отыр. Сондықтан бүкіл жұмыс ашық әрі түсінікті, кәсіби деңгейде жүргізілуге тиіс. Халыққа саясатымызды түсіндіру керек», – деді.

Бір айта кетерлігі, аталған Үкімет отырысынан кейін қоғамда қосымша құн салығы мөлшерлемесінің 12 пайыздан 20 пайызға өсуі, тіркеу шегінің 78 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін төмендеуі халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ салуы мүмкін екені қызу талқыланып, бұл жөнінде қоғам белсенділері, депутаттар, экономистер пікір білдірген болатын.

Алайда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттің жоспарында ҚҚС мөлшерлемесін нақты қанша пайызға көтерілетіні айқындалмағанын айтты.

– Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында қосылған құн салығының мөлшерлемесін бірден 20 пайызға көтереді екен деген ақпарат тарап жатыр. 20 пайыз деген – әлемде ең көп таралған мөлшерлеме. Үкімет нақты мөлшерлемені әлі айқындаған жоқ. Шынымды айтып отырмын. Неге? Өйткені біз бизнесмендермен, қауымдастықтармен түрлі консультациялар жүргізіп жатқанымызға бір ай болып қалды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңдарында кездесулер өткізіп жүрміз. Бізде бірқатар консультанттар, жетекші экономистер, салық мамандары бар. Олар да түрлі есептер, стресс-сынақтар жүргізіп жатыр, – деді С.Жұманғарин.

Қосымша құн салығының мөлшеріне қатысты әлі нақты шешім қабылданбағанымен бұрын ҚҚС ставкасы 20 пайыз болғанын, кейіннен оны 12 пайызға, ал корпоративтік салық ставкасын 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеткен салық реформалары жүзеге асқанын, Үкімет «бұл қате шешім болды» деп осы жүйеге өзгеріс енгізуге талпынып жатқанын ескерсек, халықтың алаңдайтынындай-ақ бар. Не десек те алдағы уақытта салық-бюджеттік саясаттың реформаланатыны айдан анық. Осы ретте біз «Егер ҚҚС мөлшері 20 пайызға көтерілсе және оны төлеу тіркеліміне айналым қаражаты 15 миллион теңгені құрайтын бизнестер іліксе, экономикаға тигізер ықпалы қандай?» деген сұрақты М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының докторы Сұлтан Әбілдаевқа қойған едік.

– Бұл жерде біз қуанатын бір мәселе бар. Ол осы мәселенің талқылануына бір жыл уақытымыздың болуы. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жаңа реформа келер жылы жүзеге асатынын айтты. Дегенмен бұл өзгерістің экономикаға әсері үлкен болады. Осы жүйе енгізілсе, бюджет қаражаты шамаман 7 триллион теңгеге дейін артады. Біз бір нәрсені ұғынып алуымыз керек. Бұл салық түрі заңды тұлғаларға арналғанымен, оны төлейтін адам. Оны жеке немесе заңды тұлға деп бөліп-жара алмаймыз. Егер бизнеске  20 пайыз қосымша құн салығы салынса, бизнес оны үш жерге қосады. Біріншіден,  қожайын оны өз бизнесінің пайдасынан шегеруі қажет. Бірақ бұл ақылға қонымсыз, өйткені бизнесмен мұндай қадамға бармайды, яғни қосымша құн салығын өз қалтасынан төлемейді. Екіншіден, кәсіпкер жұмысшылардың еңбекақысын қысқартуды көздейді, яғни «қосымша құн салығын төледім» деп жұмысшылардың айлықақысын кемітеді. Үшіншісі – әлемде ең көп таралған тәсіл, ол – шығарылатын өнімге немесе көрсетілетін қызметке осы құн салығын қосу. Бұрын жай ғана кәсіпорын 3 пайыз мөлшерлемені төлеп отырса, енді оған 17 пайыз қосылып, шығарылған өнімі не қызмет ақысы 20 пайызға өседі. Ал оны төлейтін тұтынушы. Сондықтан алдағы уақытта осы өзгерісте ҚҚС мөлшері 20 пайыз болып бекітіліп кетсе, сөз жоқ, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасы күрт өседі. Негізінде тауар не көрсетілетін қызмет ақысы артса, оны тұтынатын халықтың да табысы ұлғаюы керек. Жұртшылықтың еңбекақысы сол күйі қалса, тұтынушының сатып алу қабілеті төмендеп, халық біртіндеп кедейлене бастайды. Үкімет «біз тұтынушылардың қалтасына қатты салмақ түспес үшін жұмысшылардың айлықақысынан әлеуметтік салық және зейнетақы жарнасын ұстамай, оны өз мойнымызға аламыз» деп жатыр. Енді экономикалық тұрғыдан есептеп қарасақ, биліктің айтуы бойынша, осы қамқорлық арқылы халық қазіргі алып жүрген айлықақысынан 10 пайыз жоғары еңбекақы алу мүмкіндігіне ие болады. Қандай да бір адам қолына «еңбекақы қоры» арқылы белгіленген 220 мың теңге айлықақы алып отырса, жұмыс беруші зейнетақы жарнасы, әлеуметтік салық секілді аударымдар есебінен жалақының 40 пайызын ұстап қалады. Үкімет оны 40 пайыз емес, 30 пайызға түсірмек, 10 пайызы жұмысшының қалтасына түседі. Бірақ қосымша құн салығының мөлшері 20 пайыз болғандықтан бұрын тауарларға қосылатын 3 пайыз қосымша құн салығы мен қалған 17 пайыздан мемлекет қамқорлық еткен 10 пайызды шегерсек, халық бәрібір 7 пайызға ұтылып тұр. Қазір жылдық табысы 78 миллион теңгеге жетпейтін кәсіпкерлер 3 пайыз көлеміндегі сату салығын төлеп отыр. Қазір айына бір жарым миллион теңге табатын кәсіпкерлер өте көп. Енді жаңа өзгеріске байланысты күдік шындыққа айналса, шағын кәсіп иелерінің 20 пайыз қосымша құн салығын төлеуіне тура келеді. Кәсіпкерлер негізінде бір ғана іспен айналыспайды. Мысалы, біреудің моншасы, техника жөндеу орталығы, жекеменшік мектебі, дүкені секілді 5-6 табыс көзі болуы мүмкін. Соның әрқайсысы жылына 15 миллион теңге табыс әкелген күннің өзінде оның жиынтығы бұрын 78 миллион теңгеден аспайтын. Енді ондай кәсіп иелері жеке-жеке ҚҚС төлеуге міндеттенеді. Сол кезде кәсіпкер соның барлығына қосымша құн салығын төлемес үшін бизнесін жеке-жеке тіркеп тастайды. Көлеңкелі экономика деген осындайдан туындайды. Олар табысын жасырудың да амалын іздейді. Жалпы кәсіпкерлердің көбі салық төлегісі келмейді. Олар салық төлегенше маманның еңбекақысын көтеруді қалап тұрады. Жақсы маманды тұрақтандыру үшін кәсіпкерлер ең төменгі еңбекақыны көрсетіп, қалған сома бойынша жұмысшымен қолма-қол есеп айырысуға дейін барады. Ал бұл жағдай мемлекет кірісіне теріс әсер етеді. Сонымен қатар біреу осы күнге дейін тағы бір фирма ашып, іс бастағалы жүрсе, 20 пайыздық ҚҚС оның ынтасын құртады. Өйткені ол сол фирманы ашса, айналым қаражаты 15 миллион теңгеден асып кетіп, қосымша құн салығын төлеуге міндеттеледі. Осыдан кейін ол бұл ойынан айниды. Қысқасы, ҚҚС-ға қатысты 20 пайыздық салық ставкасы шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпал етпейді, – деді Сұлтан Таласбайұлы.

Сұлтан Әбілдаев әңгіме барысында инфляция мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, инфляция – бұл тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасының өсуі. Ол қосымша құн салығының ұлғаюы тұтынушылардың шығынын көбейтіп, нарықтағы бағаның өсуіне себеп болуы мүмкін екенін тілге тиек етті.

– Бағаның өсуіне қатысты мысал келтіретін болсақ, осы жылы картоптың бағасы күрт өсті. Егер картоп көп болса, баға түседі, ал шектеулі болса, баға шарықтайды. Экономиканың заңдылығы осы. Біздің жағдайда картоптың келісін кәсіпкерлер 220 теңгеден ел аумағында сатқаннан гөрі, оны 300 теңгеден шетелге сатқанды тиімді көрді. Осыдан кейін ішкі нарықта картоп азайып, баға өсті. Алдағы уақытта бұдан да қымбат бағаға сырттан келген картопты тұтынатын болсақ, таңғалуға болмайды. Үкімет бүгінде картоп экспортына 6 айға дейін тыйым салды. Осы қадамға жиын-терін уақытында баруы керек еді. Енді мұның алдағы уақытта кері әсері болуы мүмкін. Ол шаруалардың жаппай картоп егуі, сол кезде шаруа шығынының ақталмауы, табысын жоғалтуы секілді жайттар орын алуы ықтимал. Мұны не үшін айтып отырмын? Өйткені қандай да бір азық-түліктің бағасы ішкі нарықта көтерілсе, оны арзандатуға мемлекеттің шамасы жетеді. Мысалы, қазір сырттан келетін картоптан ішке кірерде 20 пайыз кедендік баж салығы ұсталып жатқан болса, осы алым-салықты 0-ге түсіріп тастаса, баға 20 пайызға өзінен-өзі құлдырайды. Сол секілді ішкі нарықта өндірілген өнімді сырттан келетін сапасы тура сондай тым арзан бағада келіп жатқан тауардан қорғаудың да жолы бар. Шекарадан бізге өтетін әлгі тауарға кедендік баж салығын жоғарылатса, ол ішкі нарыққа қымбат бағада кіреді де, тұтынушы бағасы арзан отандық өнімге қол созады. Себебі халық бірінші қалтасындағы қаржыға қарайды.  Қысқасы, теңгені құнсыздандырмау, қымбатшылыққа жол бермеу, бюджетті толтыру секілді барлық мәселені баж салығы арқылы реттеуге болады. Ашып айтсақ, біздің елімізде импортқа баж салығы бар да, экспортқа – 0. Бұл өткен жолы қазақтың өзі өндірген ішкі нарығындағы бағасы 300 теңгелік картоп сыртқа тура сол бағада шығарылды деген сөз. Бұл жерде мемлекет экспортқа тыйым салмай-ақ, сыртқа шығатын картоптан 100 пайыз кедендік салық ұстаса, оны ешкім шетелге апарып 600 теңгеден саудалай алмайды, амал жоқ, өнім тек өз нарығымызда арзан бағада саудаланар еді. 1995-2008 жылдары қосымша құн салығы 20 пайыз болатын. Бірақ сол кезде ауылшаруашылық тауарын өндіретіндерге қосымша құн салығы мүлдем салынбайтын, ал дәрі-дәрмекке – 10 пайыз, қалған киім-кешек, тұрмыстық техника секілді заттар үшін 20 пайыз еді. Үкімет күнделікті тұтынуды қажет ететін азық-түлік өндірушілерге қосымша құн салығын қазіргі 3 пайыздан 5 пайызға ғана көтеріп, осылай сала-сала бойынша белгілеп, оның шегін 20 пайызға көтерсе, мұның экономикаға оң ықпалы болады және қазына қаржысы да көбейеді. Сонымен қатар импорттық тауарға қосымша құн салығын 20 пайыз деп белгілесе, ол халыққа қатты әсер етпейді. Негізінде шетелден келетін «iPhone» маркалы телефон және басқа да қымбат тауарларды кедейлер сатып алмайды. Оны тұтынатындар жағдайы барлар. Демек, импортқа қосылған құн салығы халықтың тұтыну қабілетіне қарай кедейге салмақ салмай, бюджетке кіріс келтіреді дегенді білдіреді. Бүгінде бірқатар ірі компаниялар салық төлеуден босатылған, оларды да қайтадан салыққа отырғызуымыз керек. Мысалы, автомобиль өндірісін дамытамыз дедік те, осы істің айналасында жүрген компанияларды салықтан босаттық. «Бұл автомобиль бағасын шарықтатады» деп қорқудың қажеті жоқ, автокөлік онсыз да қымбат. Сол секілді жер қойнауын пайдаланатындар, оның ішінде ірі мұнай өндіретін компаниялармен біздің мемлекеттің жасасқан келісімшарт мерзімі 2030 жылға дейін. Осы келісімшартты қайта қарау керек, елімізде пайданың 20 емес, кемі 60 пайызы қалуына әрекет етуіміз қажет. Бұл Әзербайжанның тәжірибесінде бар, олар келісімшартты бұзып, өз үлесін 80 пайызға көтеріп алды. Мемлекет қазір осы ірі компанияларды экология және басқа да талаптарды бұзғаны үшін 150 миллиард доллар өтемақы төлетуге сотқа берді, осыны өндіріп алсақ, мына реформаның бізге аса қажеті болмай қалады. Салықтың түрі көп, соның барлығы халыққа жұмыс істеуі керек. Елімізде табысы жоғары квазимемлекеттік секторларда да есеп жоқ. Оларға да салықты табысына қарай салуымыз қажет, – деді ол.

Экономист өз сөзінде қосымша құн салығынан бөлек бюджетті толтыратын амалдың түрі көп екенін, оның бірі ретінде орынсыз шығындарды азайту керектігін ашып айтты. Мысалы, мемлекеттік органдар да тұтынушы, олар да жиһаз алады, қымбат автокөлік мінеді. Осындайға шектеу қойып, шығынды азайту, оңтайландыру керек деп есептейді. Күнделікті жұмысына шенеуніктер автокөлік емес, қарапайым адамдар секілді қоғамдық көлікпен барса, қандай да бір шұғыл жиынға ғана такси қызметін пайдаланатын жүйе енгізілсе, қаншама көлік сатылып, қаржысы бюджетке аударылады, оның жанар-жағармайына, бұзылса, жөндететін шығынына қаржы кетпейді, босап қалған көлік жүргізушісіне лайықты жұмыс табылады, есесіне бұл жағынан мемлекет ұтады деген ой айтты.

Келесі кезекте  біз «Әулиеата-Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Фарида Жүнісовамен тілдестік. Ол Үкімет қосымша құн салығын көтеріп, жұмыс берушіге әлеуметтік салық және міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау секілді жағдай жасағанша, одан да шағын және орта бизнес үшін бірыңғай салық түрін енгізуі керек деген пікірімен бөлісті.

– Қосымша құн салығын төлейтін компанаияларды тіркеуге алудың шегі 78 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге түссе, бұл шағын және орта бизнесті түгел қамтиды. Жылына айналым қаражаты 15 миллион теңгені құрайтын кәсіпкрліктің табысын айға шақсақ, айына 1 миллион 250 мың теңге деген түк емес, сондықтан бұл тізімге шағын кәсіпкерліктердің көбісі ілігеді. Егер жаңа реформа жүзеге асып, қосымша құн салығы 20 пайыз болып барлығына бірдей белгіленсе, бұрын 12 пайыз салық төлеп келген, бірақ айналым қаражаты қосымша құн салығын төлеуді қажет ететін кәсіпкерліктер қалған 8 пайызды жабудың жолын іздестіруге көшеді. Оның ішінде кейбірі табысын жасыруға әрекет ете бастайды. Өйткені ол шығаратын өнімін не саудалайтын тауарын немесе көрсететін қызмет ақысын қымбаттатса тұтынушысынан, жұмысшы жалақысын қысқартса маманнан айырылуы мүмкін. Сол үшін оларға табысын жасырған ыңғайлы болады. Бұл жайт қоғамда көлеңкелі бизнестің белең алу ықтималдығын арттыруы мүмкін. Мысалы, қазірдің өзінде базардағы саудагерден бастап, кейбір табысы тәуір кәсіпкерлік нысандардың өзі табысын тым төмен көрсетіп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ал оларды жіті тексермек тұрмақ, анализ жасаудың өзі заңсыз болып есептеледі. Осыны білетін кейбір кәсіпкерлер қазір тиісті салықты саналы түрде төлеп отырудың орнына, салық төлеуден жалтарып, өз құқығын қорғаудың амалымен күн кешуде. Қоғамда көлеңкелі бизнес белең алмауы үшін шағын және орта кәсіпкерлікке арналған біркелкі салық түрі енгізілуі керек және ол он пайыздан аспауы қажет. Сол кезде кез келген кәсіпкердің салық төлеуде белсенділігі артады. Жалпы жылдан-жылға кәсіпкерлер саны артып келе жатқанымен біздің мына мәселемен бетпе-бет келуіміздің сыры жұртшылықтың, жоғарыда айтқанымдай, салық төлеу мәдениетінің төмендігінде жатыр. Егер заңды және жеке тұлғалар табысын жасырмай, осы күнге дейін тиісті салығын мемлекетке тұрақты түрде төлеп келгенде мемлекетте бюджет тапшылығы туындамас еді. Қосымша құн салығын көтеруге негізінен бюджеттің кірісінен шығысы көп болуы себеп болып отыр. Осы ретте «Бюджеттің кірісін арттырудың басқа жолы жоқ па?» деген заңды сұрақ туындайды. Мәселен, мен жеке кәсіпкер ретінде құс етін өндіремін. 1984-1985 жылдары өз жұмысын тоқтатып, қирап қалған фабриканы аяққа тұрғызу оңай болған жоқ. Талай тығырыққа тіреліп, шаруаны дөңгелетудің жолын іздедік. Егер кәсіпкер қаржы жағынан тығырыққа тіреліп, яғни кірісі азайып, шығыны көбейсе, ең алдымен, ол істі бизнесіне кері әсер етіп отырған орынсыз шығыстарды азайтудан бастайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, мемлекет те ең әуелі нәтиже бермейтін жобаларға жұмсалатын шығыс көлемін азайтуы керек. Ал мұндай нәтижесі жоқ, бірақ қыруар қаржы жұмсалып жатқан жобалар жетеді, – деді Фарида Амансарықызы.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы, магистр, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов та ҚҚС-ның пайыздық мөлшерін бірден көтеру әлеуметтік салаға оңай соқпайтынын айтады.

– Жеке кәсіпкер және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер өз қызметін жүргізу кезінде белгілі бір сәттен бастап қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелу міндеті туындауы мүмкін екенін ескеруі керек. Бұл ретте олар өз еркімен қосымша құн салығын төлеуші ретінде есепке тұруына болады. Қосылған құн салығы, бұл – бюджетке аударым. Бұл – тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өндіру және айналыс процесінде қосылатын сату бойынша салық салынатын айналым құнының бөліктері. Тарқата айтсақ, бірі – салық салынатын импорт құнының бөліктері (Қазақстан Республикасы аумағына тауарлар импорты кезінде), екіншісі – салық салынатын қосымша құн салығын төлеуші жасайтын Қазақстандағы тауарлар, жұмыстар, қызметтер (ТЖҚ) өткізу жөніндегі айналым. Салық салынатын импорт – Қазақстан Республикасы аумағына әкелінетін немесе әкелінген тауарлар (ҚҚС-тан босатылғаннан басқа) декларациялануға жатады. Енді негізгі мәселеге келсек, қосылған құн салығы, халық күдіктенгендей, яғни бірден 20 пайызға өссе, ол елімізде өмір сүріп жатқан барлық тұрғынға тікелей әсер етеді. Барлық кәсіпкерлер қосымша құн салығы өскеніне байланысты өз тауарлары мен қызметінің бағасын өсіреді. Халық осылайша тағы да қымбатшылыққа ұрынады. Салықтың өсуі халықтың әл-ауқатының төмендеуіне әкеліп соғады. Егер Үкімет ұсынып отырған жоспар іске асса, онда қосымша құн салығын төлейтіндер қатарына 300 мыңға жуық салық төлеуші жаңадан қосылмақ. Үкімет бюджет-салық реформасының нәтижесінде қазынаға қосымша 6-7 триллион теңге қаржы түседі деп үміт артып отыр. Осы үміттің ақталуы мен ел экономикасының қарыштап дамуына куә болу бақытынан күдерімізді үзбейік. Ең бастысы, тұрғындардың да жағдайы жақсара ма, негізгі мәселе осы, оны уақыт көрсетеді. Елде «көлеңкелі экономика бар» деген сөздерді де естіп қаламыз. Жалпы әр азамат тауар сатып алғанда не қызмет тұтынғанда оны растайтын түбіртекті өз елінің патриоты ретінде талап ету керек. Өркениетті елдердің тәжірибесінен көріп жүргеніміздей, осы түбіртекті жинап, салық органдарына өткізген жағдайда сол азаматты қаржылай ынталандыратын әдістерді пайдаланған жөн. Бұл тәжірибе алдыңғы қатарлы елдерде болған. Елді салықтан жалтартпау саясатын халықтық бақылауды күшейту арқылы реттеу механизмін қолдану керек деп ойлаймын, – дейді Б.Әлмұратов.

Қосымша құн салығы мөлшерлемесінің нақты қанша пайызға көтерілетіні әлі анықталған жоқ. Әзірге қандай шешім қабылданатыны да белгісіз. Десе де біз тілдескен сарапшылардың көкейінде халыққа зияны тимейтін реформа жүргізілсе деген үміт бар.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар