Отанға деген шексіз махаббатын кіші отанының табалдырығынан бастаған жұпқа қарап тұрып-ақ, ұлтты ұлықтаудың өзі ең үлкен бақ екенін ұғасың.
Бірреттік таныс-білістен соң-ақ ала сиырдың уызын ішуге, кезекті жаңа дүниенің жасалуын көруге шақырып, ақ дастарқанын қайманаға дейін жайып қарсы алатын қонақжай пейілдері мен кіршіксіз түсінік-танымдары бұл отбасының құндылығы тереңде екенін аңғартады.
Анасы киіз үйдің сәндігі үшін түрлі шашақтар мен оюлы әшекейлер, жүннен тұскиіз, матадан кестеленген кілемше, сырмақ сырып, әсіресе киіз үйдің көркемдігі үшін жасалатын шашақтардың түр-түрін жасаса, «...шеше көрген тон пішер» демекші, қызы кесте тігіп, құрақ құрап отырады. Бұл әулеттің аталары ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген ұста болса, Әшірбай ақсақал киіз үйді қайта қалпына келтірумен (реставрация) айналысады. Ал «Әке көрген оқ жонар..» дегендей, кейінгі ұрпақ, яғни ұстаның немерелері де қолөнермен айналысып, келі мен келсап, бесік, домбырадан бастап, астаулардың түр-түрін жасайды.
Қазақ халқы көне заманда қолданған қоржындар, аяққап пен ұршық салғыштардың түр-түрі осы үйдің келіндерінің қолынан шыққан бұйымдар. Бұл жерден табалдырыққа төселетін тулақтан бастап, оюлы киіз, кесте, сылдырмақ, шоқпар, үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек, кимешек пен шапан, киізден жасалған оюлы аяқкиімге дейін табуға болады. Бұл отбасы үшін өмірдің мәні көненің көзіне айналған бұйымдарда екенін ұғасың.
Әр адамның жүрегінде өз арманы бар. Бір бала ақша бұлтты қақ жарып көк жүзіне самғайтын ұшқыш болуды қиялдаса, енді бірінің арманы асу-асу белдер мен мұхиттарды басып озып, мыңдаған шақырымдарды аралап жүретін саяхатшы атану. Бірі бала жанын ажалдан арашалап қалар ақ халатты абзал жан болуды мақсат тұтса, бала Әшірбай ес білгелі мұражай аралағанды жаны сүйетін. Сақ, ғұн дәуірлерінен қалған дүниелер туралы құныға ізденіп, оларды музейден тауып, тарихын зерттегенді ұнататын.
Есейе келе қай қалаға барса да алдымен мұражайын аралайтынды шығарды. Өзі де қалтасында соңғы тиыны қалғанша көне дүниелерді сатып алып, сақтағанды әдетке айналдырды. Жұрт алтынды қымбат деп бағаласа, Әшірбай ақсақал үшін қазақтың қолданған бұйымдарынан асқан қымбат дүние жоқ.
Қазақы бұрыш жасауды мақсат тұтқан отбасы төрге киіз үйдің шаңырағын жасатады. Жанбота әжей мен келінінің қолынан шыққан түрлі оюлы әшекей бұйымдар мен шашақты дүниелер көздің жауын алғандай. Төрге осы үйдің ұлының қолынан шыққан домбыра ілініп, босағаға келі мен келсап, диірмен қойылған. Дөңгелек үстел үстінен ағаш астау, кесе, оюлы ожаулар орын тапқан. Керегеге түлкінің терісінен жасалған жамылғының түр-түрі ілінген.
Әшірбек ақсақалдың мұражайға деген махаббаты, ұлттық құндылықтарға деген құмарлығы үйін мұражайға айналдыруға себеп болды. Мұнда «Әке көрген оқ жонар», «Көненің көзі», «Келін мен ене», «Қыз бен ана» сынды бұрыштар бар. Әр бұрыш атына заты сай, отбасы мүшелеренің қолынан шыққан бұйымдармен толықтырылған.
– Әкемнің өз қолымен жасаған заттарымен қоса, көзінің тірісінде қолданған дүниелерін де сақтап қойғанмын. Сүргі, балға, қайрақ, кетпен, күрегіне дейін осында. Әкем төрт ұлынан туған әр тұңғыш немересіне өз қолымен бесік жасаған. Мен үйленген кезде «жас келіннің тірлігі көп, ісің жылдам болсын» деп, келініне арнап кішкентай күбі жасап берді. Ол да осы үйдің қымбат бұйымы болып, бүгінде төрде тұр. Ал шешемнің артынан келген сары самаурынға 100 жылдан асты. Диірмен, келі мен келсап, домбыра, ұршық, тігін машинасы, шоқпар, сандық, қамшының түр-түрі бар. Қазақ қолданған барлық дүниені осы жерден табуға болады. Әкем, әйелім, қызым, келінім, ұлым, тіпті құдағиыма дейін қолөнер шеберлері. Мен ой тастаймын, біздің үйдің ұсталары сол ойымды іске асырып отырады. Әр дүниенің өз тарихы, естеліктері бар. Жұрт та менің қызығушылығымды байқап, түрлі көне заттарын әкеп береді. Сары жез құмған, отқа қыздыратын үтіктен бастап, қазан, кебеженің түр-түрі осында. Бұл бөлме маған уақытты ұмыттырады. Сонау балалық шағыма барып қайтуға, асыр салып ойнаған сәттерімді көз алдыма алып келіп, әкемнің құшағына кіруге мүмкіндік береді. Ойға шомып, әр бұйымды аялай сүртіп, жинап, осы бөлмеде күнұзақ жүрем де қоямын. «Асқа жүр» деп әйелім есімді жидырып, ертіп кетпесе, бұл бөлме маған барлық дүниені ұмыттырады, – дейді Әшірбай ата.
Кимешегі ажарын аша түскен Жанбота әжей бүгінде асүйге көбірек көңіл бөлетінін айтып, ірімшік қайнатып, құрт жасап жүр.
– Үйде оннан аса тігін машинасы тұр. Барлығымен іс тіккенбіз. Бүгінде келін-қыздарға өткізіп, өзім ас үйдің тірлігімен айналысамын. Бәрі бірдей іске кіріскенде ас-ауқатын дайындап отыруға көштім. Үйдегі келін мен атасы ақылдасып, түрлі нәрселерді қолға алады. Бір күні бір бұйымды жасаса, екінші күні басқа дүниеге кірісіп жатады. «Келін ененің топырағынан жаралады» деуші еді, келініме қарап, осы сөздің жаны бар ма деймін. Әсіресе атасы екеуі бір істі бастаса, оны бітіргенше жандары тынбайды. Осы үйге келін болып түскенде атам барлық келінге қажет асай-мүсейді өз қолымен жасап берген. Бұл үйдің балалары да атамыздың бесігінде тербеліп өсті. Қыз жасауын анасы өз қолымен жасап апарса, бұл үлкен бақыт. Осы ісмерлігімнің арқасында мен де қызымның жасауын өз қолыммен дайындап апардым. Бүгінде қыз жасауына тапсырыс та алып тұрамын. Киіз үйдің шашақты бауларын моншақтармен әрлеп жасаймыз. Оюын өз қолыммен ойып салып, кестелерімді де өзім тігемін. Қазір мұндай іске арнайы аппараттарды қолдануға болады. Маған бірақ өзім істеген ұнайды, – дейді отанасы Жанбота әжей.
Үйдің төрінде ілініп тұрған «Жазылмаған қазақ заңдылығы» деген үшбу сөзге көзім түсті. Мұны Әшірбай ақсақал өз қолымен жаздырыпты. Ол жазбада қазақ кімге не беруі мен нені алуы керектігі және қандай тілек тілеуге міндетті екендігі көрсетілген. Ақсақал немерелеріне осы жазбаны жаттатып, күнделікті сұрап отырады екен.
– Қазақ баласы үлкенге сәлем, қуантқанға сүйінші, тойға шашу, балаға базарлық, киімге байғазы, сәбиге көрімдік, төркіндеген қызға қалауын, жаңа көршіге ерулік, досқа естелік, жетімге қолқайыр беруге міндетті. Алладан – денсаулық, Пайғамбардан – шапағат, Қыдырдан – бата. Ал сырқат жанның көңілі мен қарттың хал-жағдайын сұрау бәрінің парызы. Барға тәубе, жоққа сабыр етейік. Барша қазақтың деніне саулық тіледім, – деп шығарып салды ақсақал.
Өңірін ою өрнектеген Әшірбай ақсақалдың үйіне барған адам бәрін құшақтауға, өмірді сүюге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге асығады. Соны үйренеді. Жасай бер, Байқұлиевтер әулеті!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ