Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ғасыр жасаған майдангер

Ғасыр жасаған майдангер
Ашық Дереккөз
Соғыс және еңбек ардагері, екі ғасырдың куәгері Рахымжан Мамыралиев 100 жасқа толды. Соған орай Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев бастаған топ Жалғызтөбе ауылында тұратын ардагердің шаңырағына арнайы барып, мерейтойымен құттықтады.

Олжас Елебекұлы майдангерге облыс әкімінің атынан жеңісті жақындатуға қосқан үлесі және соғыстан кейінгі жылдарда көрсеткен қажырлы еңбегі үшін алғыс айтты. Ардагердің елге сіңірген ерлігі мен еңбегі жас ұрпаққа мәңгілік үлгі болатынын атап өтіп, мерейтой иесінің иығына зерделі шапан жауып, құттықтау хатты табыстады.

Сондай-ақ аудандық мәслихаттың төрағасы Бақытияр Ақбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков те жылы лебіздерін білдірді.

Келесі кезекте Рахымжан Сатыбалдыұлы ауласына шығып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Әскери дайындық пәні мұғалімдерінің маршпен жүріп өтуі және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы оркестрінің соғыс жылдарындағы әндерді орындауы ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар әнші Алмахан Исабаева ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырдың «Тағзым» әнін орындап, жиналған қауымды тебірентті.

Ал облыстық қорғаныс істері департаментінің өкілі Қайнар Байғабылов ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың құттықтау хатын табыстады.

Ғасыр куәгері Рахымжан Сатыбалдыұлы өзіне көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

– Елімізде соғыс болмай, бала жетім, ана жесір, отбасы ойран болмасын. Жастарға айтарым – қолда барды қадірлей біліңдер, барға тәубе етіңдер. Мен әкем мен анамнан жастай айырылдым. Мен көргенді кейінгі ұрпағым көрмесе деп тілеймін. Алладан аспанымыз ашық, жүзіміз жарқын, еліміз аман болып, ел тәуелсіздігінің баянды болуын тілеймін, – дейді қарт жауынгер.

Айта кетейік, Рахымжан Мамыралиев он сегіз жасында әскер қатарына шақырылған. 1943 жылы Қиыр Шығысқа сапар шегіп, Жапон басқыншыларына қарсы шайқасты. Артиллерия взводының командирі, аға сержант Рахымжан Мамырәлиев Приморск, Ворошилов, Маньчжурия және Корей түбегін жапондардан азат етуге қатысты.

Елінің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан Р.Сатыбалдыұлы «Еңбек Қызыл Ту», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Еңбек ардагері», «Қарулы Күштерге – 70 жыл» төсбелгілерімен, «Соғыс ардагері» және басқа да әртүрлі деңгейдегі бірнеше марапатпен марапатталған.

Рахымжан Мамыралиев жары Күлиматпен 7 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан 24 немере, 35 шөбере сүйіп отыр.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар