Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Карточкаңызды «жалға» беріп, жаза баспаңыз

Карточкаңызды «жалға» беріп, жаза баспаңыз
Ашық Дереккөз
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті әлеуметтік жұмыс басқармасының бастамасымен «Заң мен тәртіп» тақырыбында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі облыстық экономикалық тергеп тексеру департаментінің өкілдерімен кездесу өтті.

Жиында сөз алған аталған департаменттің криминалистік бөлімінің басшысы Мақсат Байдалиев интернет-алаяқтық өршіп тұрған уақытта қаржылық сауаттылық деңгейін көтеру әрбір ел азаматы үшін маңызды екенін айтып, интернеттегі құқыққа қарсы контенттің алдын алу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар басқосуда «Қаржы пирамидаларын қалай анықтауға болады? Дропперлер кімдер және заң бұзбау үшін нені ескеру қажет?» сынды өзекті сұрақтар кеңінен талқыланып, қатысушыларға қаржылық қауіпсіздік пен заңды сақтау ережелері жайлы пайдалы кеңестер берілді.

– Қазіргі таңда банк картасын «жалдап» қоятын жастар көбейген. Жеңіл ақшаның буына қызыққан жастар оның салдары ауыр болатынын, кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біле бермейді. Бала түгіл, үлкендердің өзі де білмеуі мүмкін. Бүгінгі күні көп ата-аналар мектеп жасындағы балаларына банк карточкасын ашып қойған. Жолай дүкеннен керегін алсын деп артық тиын-тебен салып қояды. Мәселе баланың карточкасында. Банк картасын жоғалтып алған жағдайда не ұрлатып алғанда ата-ана шапшаң қимылдап, картаны жаптырғаны дұрыс. Олай болмаса құпия сандарын алаяқтар әжетіне жаратады. Бала тұрмақ, ересектерді алдайтын ойындар, джекпоттар, ұтыс түрлері деп телефоныңызға код келуі мүмкін. Мұндай хабарламаларға жауап қайтармаған дұрыс. Алаяқтардан айла артылмауда. Олар қоғамның әлсіз жандарын, соның ішінде балаларды да аямауда. Енді дроппер деген кім? Дроппер немесе дроп – алаяқтар ұрлаған ақшаны өзінің банк картасы арқылы өткізетін адам. Кейде карточкасын үшінші тұлғалар пайдаланғанын білмеген адам алаяқтық объектісіне айналуы мүмкін. Осылайша дроп өзінің қылмыстық схемаға тартылғанын әрдайым түсіне бермейді, өйткені алаяқтар әдетте өз әрекеттерін «заңды бизнес» ретінде жасырады. Алаяқтар ондай қызметті интернетте, мессенджерлерде ұсынады. Ондай қылмыс қалай жасалады? Интернеттен хабарлама көресіз. Онда банк карточкасы бар адамдарды жақсы ақыға «жұмысқа» шақырады. «Жұмыс берушіге» карточкаңыздың деректерін бересіз, ол өзгелердің атынан несие рәсімдейды. Сөйтіп, алаяқтық жолмен келген ақшаны сіздің шотыңыз арқылы айналдырады. Сол қызметіңіз үшін жақсы «жалақы» уәде етуі мүмкін. Былай қарасаң, оп-оңай, қиналмайтын, тез ақша әкелетін жұмыс. Жастар жағы осыған тез алданып қалуда. Бірақ транзакцияда «із» қалатынын ескеру керек. Күні ертең алаяқтық жолмен біреудің атына алынған несие сіздің банктік шотыңыз арқылы шешілген/аударылған болса, кінәлі шот иесі болып шыға келеді. Сол кезде сот сізді кінәлі етіп, шығынды мойныңызға іледі. Осындай жағдай қазірдің өзінде болып жатыр. ҚР Жоғарғы соты 19 жастағы екі дроппер-студенттің атына шағым түскенін растап отыр, – дейді Мақсат Байдалиев.

Кездесуде университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Еділханұлы сөз алып, студенттердің құқық қорғау органдарында қызмет етуге деген белсенділігінің жоғары екенін жеткізді. Жаһандық мәселеге айналған заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияның алдын алуға, құмар ойындарына қарсы мінез-құлықты қалыптастыру жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар аталмыш тақырып аясында қызмет атқаратын ұйымдардың мәртебесін көтеру үшін алдағы уақытта департамент өкілдерімен тренинг өткізуге ұсыныс тасталды.

Интернет-алаяқтыққа кез келген адам тап болуы мүмкін. Осы жағдайды үйдегі балаларға қатаң ескертіп, ұлды да, қызды да оңай табыс табудан аулақ жүруге үгіттеңіз.

Кездесу соңында көрермендерге арнайы бейнеролик көрсетіліп, спикерлермен студенттер еркін форматта пікір алмасып, естелік суретке түсті.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар