Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Архив және болашақ ұрпақ

Архив және болашақ ұрпақ
ашық дереккөз
Архив және болашақ ұрпақ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Балалар жылы аясында еліміздің барлық мемлекеттік архивтерінде «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасын өткізуге бастамашылық жасады. Айта кетейік, жоба 21 қыркүйек күні бір мезгілде республиканың барлық өңірлерінде басталды. Осыған орай, Қордай ауданының мемлекеттік архиві аудан орталығындағы «Береке» колледжінің студенттеріне ашық есік күнін өткізді. Оқу орнының студенттері алдымен «Құжатсыз тарих жоқ, тарихсыз мемлекет те, ұлт та жоқ» атты архив құжаттарының көрмесін тамашалады. Мұнда ауданға еңбегі сіңген тұлғалардың жеке тектік құжаттары, өлкеміздің тарихы жайлы құнды құжаттар, латын, араб, төте жазумен жазылған 1933 жылдан бергі бұйрықтар қойылыпты. Осыдан кейін студенттер дөңгелек үстелге қатысып, «Іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу» соңғы заңнамалық талаптарын ескере отырып құжаттарды дайындау мен рәсімдеудің тәртібі бойынша дәріс тыңдады. Ал шара соңында аудандық архивтің ішіне экскурсия жасап, тарих шежіресінен сыр шертетін құнды құжаттар сақталатын орындарды өз көздерімен көрді. Жас буын өкілдері аудан тарихымен, архив ісімен, жалпы архившілердің жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берген аудандық архив басшылығына алғыстарын айтып, әсерлерімен бөлісті. – Осы іс-шараның арқасында біз ауданымыздың құрметті азаматтары, өлке шежіресі жайлы көп мәліметтер білдік. Тарихымызды еске алып, жадымызды жаңғыртуға сеп болған ұйымдастырушыларға рахмет. Осындай танымдық, тағылымдық шаралар жиі өтіп тұрса игі болар еді, – дейді бастауыш білім беру мамандығында оқып жүрген Аяжан Етекбаева. Өскелең ұрпақты тарихты, салт-дәстүрді зерделеуге баулу, Отанға деген патриоттық сезімге тәрбиелеу, сондай-ақ архив құжаттарын насихаттау мақсатында қолға алынған игі бастама енді жыл сайын ұйымдастырылмақ.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ, Қордай ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар