МАЛ ҰРЛЫҒЫ МАЗАНЫ АЛЫП ТҰР
«Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп отырған, ата кәсіппен айналысатын ауыл тұрғындарының күн көрісі, адал еңбегі, маңдай терімен жинаған малының орны ерекше. Бүгінде мал азық қана емес, нағыз табыс көзіне де айналған. Біреудің адал еңбегімен жинаған түлігіне көз салып, оңай олжаға кенелгісі келетіндер де жоқ емес.
Мал ұрлығының тыйылмай тұрғаны бүгінгі күннің көкейкесті мәселесінің бірі. Осы орайда, 2019 жылдың 27 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «188-1-бап. Мал ұрлау» деген арнайы бап енгізіліп, келесі төрт бөлігінде жаза мөлшері айқындалды:
- бөтеннің малын жасырын жымқырғаны үшін 3 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл немесе 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы;
- адамдар тобы болып, алдын ала сөз байласу арқылы немесе ірі мөлшерде мал ұрлағаны үшін – мүлкі тәркілене отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы;
- бірнеше рет, тұрғын үй-жайдың және мекеменің, мал қораның ауласына заңсыз кіру арқылы мал ұрлағаны үшін – мүлкі тәркілене отырып 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы;
- аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып мал ұрлағаны үшін – мүлкі тәркілене отырып 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Мал ұрлығы үшін жазаның күшейтілгені соншалықты, мал ұрлығын адамдар тобы болып, алдын ала сөз байласу арқылы немесе ірі мөлшерде, бірнеше рет, тұрғын үй-жайдың және мекеменің, мал қораның ауласына заңсыз кіру арқылы жасау жағдайында жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық істің тоқтатылуына заңды тәртіпте тыйым салынды. Яғни, жәбірленушіге келтірілген шығын өтелгенімен, кінәлі адамға кешірім бергеніне қарамастан айыпты тұлға қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды.
Осы орайда, ағымдағы жылы Тараз қаласы №2 сотында мал ұрлығы бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 2)-тармағымен азамат Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот отырысында сотталушы Т. алкогольден масаң күйде, бөтен үйдің ауласындағы мал қораға кіріп, жәбірленуші Ж.-ға тиесілі жылқы малын жасырын түрде ұрлап, жәбірленушіге жалпы 500 000 теңге көлемінде материалдық зиян келтірген. Басты сот талқылауында сотталушы Т. өзінің кінәсін толық мойындап, істеген әрекетіне өкініш білдірді, ал жәбірленуші Ж. сотталушыны кешіргенін көрсетіп, сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Алайда сотталушы Т.-ның қылмыстық әрекеті ҚК-нің 188-1-бабы 3-бөлігінің 2)-тармағымен сараланып, осы баптың санкциясында тек 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгендіктен, яғни басқа балама жазалар қарастырылмағандықтан Т.-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бағдат ТӨРЕБЕКҰЛЫ,
Тараз қалалық №2
сотының судьясы
Келесі мақала