Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балалардың қамқоршысы БАХТИЯР

Балалардың қамқоршысы БАХТИЯР
ашық дереккөз
Балалардың қамқоршысы БАХТИЯР
Алладан кейінгі өмір мен өлімнің арашашысы атанған дәрігерлер қауымы қадірлі мамандықтың жүгін жауапкершілікпен арқалайтынына дау жоқ. Осы бір мамандықты абыроймен атқарып, бүлдіршіндердің денсаулығын сақтау және нығайту жолында тер төгіп келе жатқан білікті мамандардың бірі – ортопед-травматолог Бахтияр Әбдікерімұлы десек, артық айтқандық емес. Жамбыл ауданында 1987 жылы шаруа отбасында өмірге келген Бахтияр Жұмабеков бала күнінен-ақ дәрігер болуды мақсат тұтты. Жасөркен ауылында туып-өскен ол 7-сынып оқып жүргенде анасы егіз қарындасын өмірге әкелді. Бір бауыры денсаулығына байланысты шетінеп кетті де, шала туған екіншісіне көп ем қажет болды. Анасы қаншама уақыт үй бетін көрмей, науқас нәрестенің емімен Алматы мен ауылдың арасында шапқылап жүрді. Осы бір кезеңде бұл отбасы қиын кездерді бастан кешірді. – Дәл осы уақытта әкем маған дәрігер мамандығы туралы көп дүниелер айтты. Дәрігер болсам, отбасыма ғана емес, бүкіл қоғамға пайдамның тиетінін санама әбден сіңірді. Содан ұзақ уақыт ойлана келе дәрігер болуды ұйғардым. Бұл шешімді 9-сынып оқып жүргенімде қабылдадым. Жалпы, медицина саласын таңдауыма әкемнің маған артқан үміті мен зор сенімі түрткі болды деп ойлаймын, – деп өткен шаққа көз жүгіртті дәрігер. 2005 жылы Жасөркен орта мектебін бітірген Бахтияр Әбдікерімұлы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің Педиатрия факультетіне оқуға түседі. Одан әрі Қарағанды облыстық балалар ауруханасының базасында интернатура бойынша білімін жалғастырады. 2016 жылы Алматы мемлекеттік дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтының травматология және ортопедия бөлімінде, одан кейін «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының» базасында резидентура бойынша білімін шыңдаған. Резидентурада оқып жүріп, №2 көпбейінді Астана қалалық балалар ауруханасында кезекші дәрігер ретінде алғашқы еңбек жолын бастайды. – Балалар ауруханасында 2014 жылы травматология және ортопедия бөлімшесі қайта құрылды. Сол кездегі аурухананың бас дәрігері Расулбек Аиповтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан осынау игі іс өз жемісін беруде. Бүгінде республика көлемінде травматология және ортопедия саласы қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде елімізде емделмейтін аурулардың саны сиреп жатыр. Бұған дейін балалар арасындағы жалған буын, сынық сүйек, буын қозғалысының шектелуі сынды күрделі аурулармен бетпе-бет келген науқас балалардың ата-аналары емді шетел асып іздейтін. Ал қазіргі таңда Астана қаласындағы республикалық Ана мен бала ғылыми орталығы мен №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында күрделі оталардың басым бөлігі жасалып келеді. Былтыр ауруханамызда инновациялық әдістердің бірі – fassier-duval телескопиялық интрамедуллярлық өзектерді қолдану арқылы қаңқаның ұзын сүйектерінің деформацияларын жою отасын жасадық. Бұл отаның артықшылығы – жеңіл орнату және ұзын құбырлы сүйектердің эпифиздеріне жақсы бекітуде. Ресейдің танымал профессоры, EPOS Еуропалық балалар ортопедтері қоғамының мүшесі Константин Жердевпен бірге жасалған бұл ота мамандарымыздың біліктілігін арттыруға зор септігін тигізді. Болашақта да осындай инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдана бермекпіз, – дейді дәрігер. Үнемі ізденіс үстінде жүретін біздің кейіпкеріміз Бахтияр Жұмабеков 2019 жылы Мәскеудің Балалар денсаулығы ұлттық медициналық ғылыми орталығының базасында тәжірибе алмасып қайтқан. Өз саласының кәсіби маманынан бүгінгі таңда елімізде балалар арасында кездесетін аурулар түрін сұрағанымызда: «Осыдан оншақты жыл бұрын дисплазия (жамбас сан буынының шығуы) ауруы жиі кездесетін. Ортопедия саласының дамуының арқасында аталмыш ауруды емдеу ісі дұрыс жолға қойылды. Нәтижесінде дисплазиямен ауыратын балалардың саны сиреді. Қазір туа пайда болған церебральды сал аурулары, артрогрипоз (бірнеше буын қозғалысының шектелуі) аурулары жиі кездесетін болды. Дегенмен аталмыш ауру түрлерін емдеу шараларын өз ауруханамызда жүргізіп келеміз», деп жауабын берді. Екі-үш ай сайын әрбір облыста қабылдауын жүргізіп жүрген дәрігер қаншама науқастың ем алып, сауығуына септігін тигізіп келеді. Бұл өз кезегінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі шалғай аймақтарда тұратын науқас балалардың ата-аналары үшін таптырмас мүмкіндік. Иә осы тұста ортопед-травматолог ата-аналарға бірқатар кеңес те берді. – Бала дүниеге келгеннен кейін оның өміріндегі бірінші, үшінші, алтыншы айлық кезеңдерінде тиісті медициналық тексерулерден дер кезінде өтіп тұрғаны абзал. Әсіресе, педиатр ұсынған әрбір маман кеңесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Мәселен, біздің саладағы күрделі аурулар бала дүниеге келісімен білінеді. Оны емдеудің сатысы ата-анасына жете түсіндіріледі. Жамбас сан ауруларының дисплазиясын мүмкіндігінше ерте анықтап, дер кезінде ем жүргізудің қажеттігін баса айтқым келеді. Бұл тұрғыда ертерек ем жүргізілсе, күтілетін нәтиже де жақсы болады, – дейді травматолог. Бахтияр Әбдікерімұлы алдағы уақытта «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің маңдайалды мемлекеттерінде білімін жетілдіруді жоспарлап жүргенін айтты. Мұндағы мақсаты – травматология және ортопедия саласы бойынша күрделі оталарды инновациялық тәсілмен емдеудің озық үлгілерін тереңірек меңгеру. Алтын қолды азамат Бахтияр Жұмабеков сонау бала кезінде әкесі артқан зор сенімнен шығып, бүгінде қоғамға пайдасын тигізе алатын деңгейге жетті. Білікті дәрігер кезінде өзі ота жасап, қазір аяғынан тік тұрып жүгіріп кеткен балақайлардың біқатарының тұсауын кесіп, ақ жол тілегені бар. Осы бір әдемі үрдіс үнемі жалғасын таба берсе екен деп тілейміз. Кейіпкеріміз өзі туып-өскен ауылын сағынышпен еске алады. Балалықтың қызықты естеліктері мен бауырмал тұрғындары оның жадында сақтаулы. Ол балаларға ота жасау үшін Жамбыл облысына жиі келіп, ем-домын жүргізіп те кететінін айтады. Бұл – туған өлкеге деген сағыныштың белгісі. Ауылдастары да білікті маманның аяқ-алысын қарап, зор мақтанышпен айтып жүр.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар