Сәбидің неше күні кем болса, сонша күн киіз үй керегесінің әр басына іліп, қалған күні кереге басы арқылы есептелген. Мысалы, қырық күн кем болса, керегенің қырқыншы басынан кейін баланы тымақтан алып, оған жаңа туған сәбиге жасалатын ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару секілді рәсімдер жасалған. Қыста туған сәбиді үй қабырғасына бірнеше шеге қағып, сол шегелерге ілген және баланы кез келген адамның тымағына салмаған. Тымақ иесі көп жасаған, дана, ақылгөй болуы шарт. Кейін бала өсіп-жетілген тымақты басқа кимей сақтап қойған.
Қазіргі таңда шала туған сәбилер арнайы қондырғы-қалыптарда дәрігерлердің бақылауында жатып жетіледі. Сөйтіп, тымақтың орнын заманауи аппараттар алмастырды. Олардың күтімі арнайы шала туған балалар бөлімінде немесе жансақтау бөлімінде жасалады. Мұндай нәресте орталық нерв жүйесінің және тері қабатының температураcын реттеу қызметінің жетілмей туу себебінен дене температурасын өз қалпында ұстай алмайды. Салқын жерде тез тоңып, ыстық жерде дене қызуы көтеріліп кетеді. Сондықтан шала туғандарға шалалықтың дәрежесіне сәйкес әртүрлі температуралық режимді сақтау керек.
Мерзімінен бұрын босанушылар дәрігерлердің көмегіне мұқтаж. Бұл медициналық және әлеуметтік проблема. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын олардың саны азаяр емес. Балалар неліктен дүниеге ерте келеді? Шала туған шараналарға қандай күтім жасалу қажет? Жүктілік кезінде баланы мезгіліне сай дүниеге алып келу үшін анасына қандай жағдай жасау керек? Бүгінгі таңда шала туған балаларға қандай жағдай жасалып жатыр? Осы сауалдарға жауап іздеп, облыстық перинаталдық орталыққа барып, нәрестелердің жай-күйімен танысып қайттық.
Кувез-кереует – шала туған балаларға алғашқы күндері арнайы күтім жасалады. Оның ішіндегі температураны осы балаларға қажет 30-35 градусқа дейін көтеріп, ылғалдықты 60-65 пайызға, оттегі концентрациясын 30 пайызға жеткізеді. Мұндай кувездер жоқ болса, шалалықтың 1 және 2-дәрежесіндегі балалардың дене температурасын жылытқыштар қою арқылы реттеуге болады. Шала туған баланың тері қабатының қорғаныш қызметінің төмен болуына, жалпы иммунитетінің төмендігіне байланысты оның күтімінде тазалықты қатаң сақтап, әртүлі аурулардан сақтандыру қажет.
Бұл орталық мамандандырылған акушерлік және неонаталдық көмекке мұқтаж жүкті, босанған әйелдерге және науқас жаңа туған нәрестелерге, 1500 грамм және одан аз, төменгі деңгейдегі ұйымнан ауыстырылған шала туған нәрестелерге медициналық көмектің барлық түрін көрсетеді. Босандыру үшін перинаталдық патологияны іске асыру бойынша, қаупі жоғары топтағы жүкті әйелді алдын ала емдеуге жатқызу жағдайында босануға дейінгі бақылау және медициналық көмек көрсету жүктілік патологиясы бөлімінде жүргізіледі.
Орталықта қазіргі заманғы тиімді перинаталдық технологияларды меңгерген жоғары білікті дәрігерлер қызмет етеді. Заманға сай емдеу-диагностикалық, дәрілік препараттармен жабдықталған. Жаңа туған нәрестелердің жансақтау және қарқынды терапия, анасымен бірге болу, патологиясы, күту бөлімшелері мен клиника-диагностикалық, биохимиялық және бактериологиялық зертханалар қарастырылған.
– Облыстық перинаталдық орталықта жылына 7 000-нан аса бала дүниеге келеді. Оның 1 200-і ем қабылдайтын нәресте болса, мыңға жуығы шала туылғандар. Болашақ ананың мерзімінен бұрын босану қаупін күшейтетін факторларға тоқталсам, ана тым жас, яғни 15 пен 18 жаста болса, керісінше, 35-40 жастан асса да гормоналды теңсіздік салдарынан мерзімінен бұрын туу тәуекелі арта түседі. Жыныстық аурулардың да өзіндік ықпалы күшті. Жүктілік кезінде ота жасату мен жарақат алу, токсикоз да қауіпті. Сондай-ақ денеден тыс ұрықтандырудан кейін немесе егіз, үшемге жүкті болған жағдайда мерзімінен бұрын босану жиі орын алып тұрады. Ана үшін ең керегі – нәрестеге қажет көмекті, махаббат пен қамқорлықты шынайы тұрғыда көрсете білу. Жетілмей туған балалар айрықша жағдайда күтімге алынады. Мерзімінен бұрын босанған аналар өздерін кінәламауы тиіс. Өйткені ананың жинақы әрі салқынқанды болуы бөбек үшін өте қажет. Егер нәрестенің жағдайы мүмкіндік берсе, ананың оны күтіп-жетілдіруге белсенді қатысуына болады. Сол арқылы ана сәбиге тыныштықтың, сүйіспеншілік пен «бәрі жақсы болады» деген сенімділікті бере алады. Өйткені балалар барлығын сезеді және ананың жақсы көңіл күйі оларға оң әсер етеді. Бірінші күндер ең ауыр күндер болып саналады. Ана сүті – мерзімінен ерте туған сәби үшін ең қажетті емдік дәрумен. Біздің орталықта ең аз салмақтағы шала туған сәби – 500 грамм. Сол нәрестені де қатарға қостық, – деді бас дәрігердің неонотология жөніндегі орынбасары Талғат Толықбаев.
Жансақтау бөлімінде өмір үшін күрескен шала туған шақалақтар қатар-қатар қойылған құрылғыларда жатыр. Олар құлантаза айығып, қатарға қосылар сәтті күтуде. Біріне салмақ жетпейді, бірінің жүрек-қантамырлары енді ғана реттеліп келеді. Ал енді бірінің асқорыту, тыныс алу және жүйке секілді кейбір мүшелері мен жүйелері толық қалыптаспаған. Нәрестелердің ішек бұлшықеттері әлі де нашар машықтанғандықтан тамақ процесі баяу жүреді. Бөлімнің басы-қасында әр шала туған нәресте үшін жанын салып, әрқайсысына ерекше көңіл бөліп жүрген медбикелер мен дәрігерлер жанұшырып жүгіріп жүр. Бәрінің жанарында ертеңгі күнге деген үміт оты жылтырайды.
Ортадағы кувез-кереуетке сүйенген жас ана құшағына нәрестесін алып, кішкентай саусақтарын иіскеп, сүйіп отыр. Құдайдан бөпесінің амандығын тілеп, іштей күбірлеп еркелетіп қояды. Жиырма жастағы ананың бұл екінші рет шала туған бөпесі екен. Бір келіге жуық періштенің есімі – Нұргелді. Біз де Нұргелдінің ертерек салмақ қосып, ата-анасының шаңырағын шаттыққа бөлеп, отбасына оралғанына тілектестігімізді білдірдік.
Жансақтау бөлімінен шығып, аналарының қамқорлығындағы жағдайы реттелген, тек сыртқы өмірге толық бейімделгенін күтіп жатқан палаталарға бет бұрдық. Сабира Омарбекова 31 аптасында 1 келі 900 грамм болып дүниеге келген бөпесін бауырына басып отыр. Дүние есігін ашқанына бір апта ғана уақыт болған нәрестенің есімі Асылым екен. Ал Шахноза Абрарова 34 аптада дүние есігін ашқан Абдурахманды құшағына алып, осы қуанышты сәтті сегіз жыл күткенін айтып елжіреді. Жас аналар орталықтағы дәрігерлерге шын жүректен ризашылықтарын білдіріп, тебіреністерін жасыра алмады.
Расында, шала туған баланы бағып-қағу оңай емес. Ана болу қандай бақыт алып келсе, шала туған баланың күтімі мен уайымы да сондай ауыр. Өз басымнан өткен. Қан қысымым 250-ге көтерілгендіктен жүктіліктің жетінші айына енді ғана аяқ басқаныма қарамай дәрігерлер кесарь тілігімен нәрестеме жарық дүние сыйлаған болатын. Бетін түк басып, әжім торлаған 1 келі 500 грамм шақалақты көргенде бойымды үрей билегені анық.
Шала туған шарананы көргеннен бойымды уайым билеп, қан қысымым қалпына келмеді. Қайта күннен-күнге жағдайым нашарлап, жансақтау бөліміне түстім. Бір күні дәрігердің «бала сіздің махаббатыңызға зәру, сәби анасының қолдауынан қуат алады» дегені жадымда сақталып қалды.
Мидағы үрейді жеңіп, баланың болашағы жарқын болатынына сенім артып, ең бастысы ананың жүрек тыныштығы екенін ұқтым. Дегбірсізденіп, уайымға салынған ана нәрестенің психологиясына кері әсер етеді. Ана қорыққан сайын баланың да қуаты кеми түседі. Сөйтіп, қан қысымым қалпына келе сала шала туған сәбилерге арналған жансақтау бөліміне бардым. Өзің дүниеге алып келген періштенің өмір үшін күресіп кувезде жатқанын көргенде тебіренбеу мүмкін емес еді. Сол сәт дәрігер жылы жымиып, «Қолынан ұстаңыз» деп кувез аппаратының қол сыятын әйнегінен саусағымды баланың қолына ұстата салды. Құдайға шүкір, сол Шалакүлдің қолын ұстау бақытының бұйырғанына бүгінде 16 жыл болы.
Қазақ «Дүниеде үш нұр бар. Біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, үшіншісі – ананың нұры» деп ұққан. Сол үшінші нұр, расында, анадан балаға көзге көрінбейтін сәуле арқылы нұр болып тарайды. Мен соны сезіндім. Әрбір ана мен бала сол бақытты сезінгей!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ