1 келісі – 130 теңге: 80 тоннадан астам картоп арзан бағамен сатылуда
- author AR-AY
- 24 қаңтар, 2025
- 34
Қазіргі уақытта әлеуметтік дүкендерде картоп жеткілікті мөлшерде және нарықтық бағадан төмен.
Маусымаралық кезеңде 3 050 тонна картопқа форвардтық келісімшарттар дер кезінде жасалды.
Тараз қаласының аумағындағы сауда нүктелеріне 800 тонна картопқа тауарлық интервенция жүргізу бойынша тапсырма берілді.
Тараз қаласындағы әлеуметтік дүкендерге, 64 сауда орнына барлығы 82,8 тонна картоп белгіленген бағамен, яғни келісі 130 теңгеден жеткізілді. Оның ішінде «Тәтті себет», «Нұрислам», «Firkan» дүкендері бар.
– Әлеуметтік базардан картоп, пияз, жұмыртқа және басқа да өнімдерді қолжетімді бағамен сатып аламыз, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Бибіхадиша Отарова.
Тағы бір қала тұрғыны Нұрсұлтан Батырбаев әлеуметтік дүкендерден картопты 130 теңгеден, сәбізді 90 теңгеден алуға болатынын айтады.
– «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бізге көкөністерді тұрақты түрде жеткізеді. Жақында 1 келісі 130 теңге болатын картоп алдық. Тұрғындар тауардың сапасына риза, – дейді әлеуметтік дүкеннің сатушысы Асыл Жалынбет.
Мұнда күніне әр сатушыдан 3-4 қап картоп сатып алынады.
Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Әлеуметтік азық-түлік өнімдеріне заңда белгіленген сауда үстемесінің асып кету фактілері бойынша кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Базарларда және өзге де сауда нүктелерінде картоп 300 теңгеден жоғары саудалануда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі