Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Медициналық көмек сапасы неге көңіл көншітпейді?

Медициналық көмек сапасы неге көңіл көншітпейді?
Ашық Дереккөз
Таяуда «КТК» телеарнасынан Артур Платонов жүргізетін «Апта портреті» хабарында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сұхбат берді. Расын айтуымыз керек, хабарға көңілім толмады. Өйткені денсаулық сақтау саласында туындап жатқан проблемаларды айналып өтіп, бұрыннан белгілі мәселелерді үйіп-төкті. Сұхбатта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру арасын халыққа түсінікті етіп ашып айтып бере алмады. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне 4 жылдан асып барады екен. Бірақ одан медициналық көмектің сапасы жақсарып кеткен жоқ.

Кезінде тиісті ведомство өкілдері «МӘМС енгізілгеннен кейін дәрігерлік көмектің сапасы жақсарады, соның есебінен медицина қызметкерлерінің жалақысы көбейеді, әрбір пациент өз денсаулығын жақсартады» деп мәлімдеген болатын. Шындығында, жүйенің жақсылығын сезіне алдық па?! Жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды.

Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс», – деп мәселелерді атап өтіп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.

Дегенмен айтылған сыннан билік иелері еш нәтиже шығармады. «Баяғы жартас – сол жартас». Сондықтан бар болғаны 20 миллионнан сәл ғана асатын тұрғыны бар елімізде МӘМС-ті таратып, дәрігерлік көмекті мемлекеттің есебінен, яғни толық мемлекеттік қаржыландыруға көшу керек деп ойлаймын.

Денсаулық сақтау ісіне мемлекетіміз жылда миллиардтаған, триллиондаған қаржы бөледі. Мемлекеттік қолдау көлемі артқанымен медициналық көмектің сапасы жақсарып кеткен жоқ. Бір ғана мысал айтайын, науқастар уақытылы ауруханаға жата алмайды. «Күте тұрыңыз, бөлінген айлық қаржы жетпей жатыр, әзірше жатқыза алмаймыз» деген сынды сылтаулармен шығарып салады. «Төсектеріңіз бос тұр емес пе?» деп шу шығарса, «осы айға бөлінген қаржы игерілді, келесі айдың басында жатқызамыз» деп жауап қатады бөлімше меңгерушілері. Науқасты стационарға жатқыза алмай, әр тиын-тебенін санаумен әлекке түсіп жатқан дәрігерлерді көргенде төбе шашың тік тұрады. Дерт уақытпен, бөлінген қаржымен санаспайды. Тіпті кейде базбір бас дәрігерлер қаржының жоқтығынан қол астындағы қызметкерлерін жыл соңына қарай амалсыз ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр. Мысалы, таяуда Жаңатас қаласында болғанымда осындай мәселе Сарысу аудандық ауруханада туындап отырғаны жайлы білдім. Егер солай болса, бір дәрігер екі дәрігердің жұмысын атқарып отырса, қалай, қашан медициналық көмек сапалы болады?

Артур Платоновқа берген сұхбатында Денсаулық сақтау министрі осыдан біраз жылдар бұрын енгізілген жедел медициналық жәрдем жүйесін қайта қарап, оның тиімсіздігін айтып, бұрынғы жүйеге кері көшетінімізді айтып өтті. Өте орынды айтылған мәселе. Бұл туралы айтып келе жатқанымызға аз болған жоқ. Енді міне, ол жүйенің орынсыз енгізілгенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осындай келеңсіз, ессіз қабылданған шешімдер, бұйрықтар біздің елде аз емес.

Сонымен қатар биылғы жылдан бастап ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасын жақсартамыз десіп жатыр. Бірақ оған жақын жылдары қол жеткізу мүмкін емес: медициналық кадрлар тапшы, диагностикалық және емдік аппараттар мен құралдар жеткіліксіз, ғимараттар ескі, тозығы жеткен және тағы да басқа. Қазір ауылдарда жаңадан салынып жатқан медицина мекемелерінің сапасы сын көтермейді. Мысалы, туған жерім Сарысу ауданының Үшбас ауылында осыдан оншақты жыл бұрын салынған медпункт ғимаратының іргетасы сөгіліп, қабырғалары жарылып, төбесінен су тамшылап, құлап қалу алдында қалт-құлт етіп әрең тұр. Комиссия нысанның сапасын тексере келе, «жөндеуге жарамайды, күрделі жөндеу жүргізу мүмкін емес, құлап қалу қаупі мол, сондықтан басқа ғимарат салу қажет» деген шешімге келіпті. Сол ғимаратты кім салды, кімдер сапасын бақылады, кімдер оны пайдалануға қабылдады – барлығы, барлығы жұмбақ, бұлыңғыр дүние. Желге ұшқан мемлекеттің миллиондаған қаржысына кім жауап беруі керек? Міне, қазіргі жаңа салынып жатқан медпункттердің, амбулаториялардың сиқы. Көзбояушылық, «бармақ басты, көз қысты» көбеймесе, азаяр емес. Әрине, сонысы,  көңілге кірбің кіргізеді.

«Басты байлық – денсаулық» деп халқымыз бекер айтпаған. Мемлекеттің басты құндылығы – адам өмірі, адам денсаулығы. Барлығы адамға қызмет ету керек. Сондықтан еліміздің әрбір тұрғыны өзіне қажетті медициналық көмекті сапалы түрде әрі қолжетімді деңгейде алуға құқылы.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор,
Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар