Соның нәтижесінде талай таланттың тұсауы кесіліп, есімдері елге танылды. Салмақты сұхбаттар, пайдалы кеңестер, мотивациялық мақалалар «боламын» деген балаларға бағыт-бағдар беріп, болашағына жарқын жол ашты. Тарихи-танымдық дүниелер мен елең еткізетін естеліктер де оқырманның олжасына айналғандығы сөзсіз. Өзекті мәселелерді арқау еткен сараптамалардың да салмағы бөлек.
Биыл жастар жаршысына 20 жыл. Осынау айтулы белеске орай редакция ұжымы «AR-AI» газеті жастармен бірге!» жобасын қолға алып, аудандар мен жоғары және арнаулы оқу орындарында, мекеме-кәсіпорындарда газет күнін өткізуге кірісіп кетті. Алғашқы сапар Жамбыл ауданынан басталды. Жоба аясында бас редактор Тұрсынбек Сұлтанбеков бастаған топ Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығында болып, жергілікті жастармен жүздесті. Олардың ой-пікірін тыңдап, сұхбаттасты. Сонымен қатар өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
ОРТАЛЫҚТА ОҢДЫ ІС КӨП
Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығы – өзге өңірлердің жастары қызыға да, қызғана да қарайтын кешен. Екі қабаттан тұратын ғимаратта жұмыс бөлмелерінен бөлек, түрлі үйірмелерді де ұйымдастыруға мүмкіндік жасалған. Тіпті шағын кинотеатрға дейін қамтылған. Орталықта жастармен өткен жүздесу ә дегеннен әсерлі әңгімемен өрбіді. Бас редактор Тұрсынбек Темірланұлы «AR-AI» жастар газетінің тарихына кеңінен тоқталып, мерзімді басылымдар мен кітап оқудың мән-маңызы туралы ой қозғады.
– Анам 40 жыл кітапханашы болып, зейнетке шықты. Бала күнімде қасынан қалдырмай, жұмысына бірге ертіп баратын. Сонда балаларға арналған «Ұлан» газетінің тігіндісін парақтап, өзіммен қатар жеткіншектердің жазған мақалаларын қызыға оқушы едім. Кейін өзімнің де жазған-сызғандарымды редакцияға жолдай бастадым. Тырнақалды туындыларымыз жарияланса, қуанышымыз қойнымызға сыймай кететін. Осылайша «Ұлан» газеті менің ақылшы досыма, рухани серігіме айналды. Тіпті ертеңіне таратылатын газетті ертерек оқу үшін кешқұрым пошташы Құттыбай ағайдың үйінің есігін қағып тұратынбыз. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Мектеп бағдарламасымен шектелмей, газет оқуға да ден қою менің шығармашыл тұлға болып қалыптасуыма, мамандықты дұрыс таңдауыма оң септігін тигізді. Әрине, қазір заман ағымына қарай құндылықтар ауысып, жаңа трендтердің түр-түріне тап болып жатырмыз. Әлеуметтік желінің де әлегі аз болмай тұр. Не нәрсе де алғашқы кезде қызық болып көрінеді. Сол сияқты бұл кезеңнен де өтуіміз керек шығар. Дейтұрғанмен бұқаралық ақпарат құралдарының медиакеңістіктегі рөлі бөлек. Мұндағы әрбір ақпарат сүзгіден өтіп, содан соң оқырманға жол тартады. Өйткені ол уақытша пост емес. Тасқа басылған тарих. Жалт-жұлт етіп жанарымызды жаулаған «жылтырақ» жазбалардан гөрі мазмұнды мақалалардың, әдеби шығармалардың қай кезде де берері мол, –деді Тұрсынбек Сұлтанбеков.
Ауданда 26 752 жас бар. Бұл аудан халқының 30,4 пайызы деген сөз. Кездесу барысында Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсаба мекеме тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
– 2024 жылы 11 бағытта 1 443 іс-шара өткізіліп, 17 973 жас қамтылды. «Жаңашыл бастама» атты үздік әлеуметтік жобалар байқауы, баскетболдан, үстел теннисінен, бокстан, кіші футболдан, жекпе-жек спорт түрінен аудандық біріншілік, «KELINS BATTLE» атты аудандық келіндер байқауы, жастар арасында «Жігіт сұлтаны 2024» байқауы ұйымдастырылды. Сонымен қатар жас мұғалімдер арасында «КINOSTAR» кино байқауы, 60-100 метрлік қашықтықта суда жүзуден жарыс сынды түрлі бағыттағы аудандық сайыстар мен іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ «Ата заң – тәуелсіз елдің тұғыры» атты жас ақындар мүшәйрасы, «Үздік мобилограф» сайысы, «Бояулар құпиясы», «Әнім саған, туған ел» ән байқаулары, «AQYL BATTLE» өзге ұлттар арасында өткен интеллектуалды ойыны, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Орталықтың ұйытқы болуымен мекеме ішінен көпбалалы аналарға, тұрмысы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсететін сұлулық салоны өз жұмысын бастады. Сұлулық салоны аптасына екі рет тұрғындарды қабылдап, қызмет көрсетуде, – дейді мекеме басшысы.
Жүздесуде жалынды жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауапқа қанықты. Бірі газеттің қалай дайындалатынына қызығушылық білдірсе, енді бірі мерзімді басылымдарға жазылу жолдарын сұрады. Сонымен қатар мекеме қызметкерлері өздерінің жүзеге асырып жатқан жобаларын бірлескен негізде газетке жариялап тұруға ұсыныс білдірді.
Расында да Жамбыл ауданында жастарды қолдауға бағытталған бастамалар көп екен. Мысалы, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастарды дәріптеу мақсатында «АуылBAY» жобасы қолға алынған. Осы орайда кәсіпкер атанған 5 жаспен сұхбат жүргізіліп, әлеуметтік желілерде жарияланып, 20 мыңнан астам қаралым жинапты.
Жұмыссыз жүрген жастарды кәсіпке баулу мақсатында ашылған «Жас шебер» атты үйірме де көптің көңілінен шығуда. Түрлі химиялық қоспалар арқылы сан алуан бұйымдар жасайтын үйірме жастарға қолөнердің қыр-сырын үйретуде.
Жастардың шығармашылығын шыңдау, креативті ойлауды қалыптастыру, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Jaidarman» ойындары қолға алынған. Атап айтқанда, әр ауылдық округтегі жастар арасында іріктеу сайыстары өткізіліп, жеңімпаз атанғандар финалдық кезеңге өтіп, оқ бойы озық шыққан топтар республикалық, облыстық «Жайдарман» ойындарына жолдама алуда. Ал Айша бибі ауылдық округінің мәдениет үйінде поэзия мен айтыс бағытында «Жас ақындар» аула клубы ашылған. Үйірме қатысушылары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.
БАЙЫПТЫ БАСТАМАНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ
Тағы бір айта кетерлігі, былтыр жастардың шығармашылығын қолдау бағытында «Жаңашыл бастама» аудандық жобалар байқауы ұйымдастырылыпты. Байқауға түрлі бағыттарда жұмыс істейтін жас көшбасшылар мен талантты жастар қатысып, өз идеяларын ортаға салды. Бұл шара жан-жақтылықты дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың көзқарасын жаңаша арнаға бұру және олардың болашаққа дұрыс бағыт-бағдар алуына ықпал ету мақсатында өткізілген.
– «Жаңашыл бастама» байқауы – жастардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, олардың шығармашылық әлеуетін шыңдауға бағытталған ерекше жоба. Бұл байқау арқылы жастар өздерінің тың идеялары мен жобаларын таныстыруға мүмкіндік алып, оларды жүзеге асыруға алғашқы қадам жасады. Байқаудың басты мақсаты – жастардың креативті және өзекті жобаларын қолдау, ел игілігі үшін маңызды бастамаларды іріктеп, жүзеге асыру. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды «Pythagoras» математика үйірмесі, ІІ орынды «Alshyn» жекпе-жек клубы, ІІІ орынды «Садақ ату» жобасы мен «Психологиялық кабинет» жобасы жеңіп алды, – дейді орталық директорының орынбасары Бақытжан Киікбаев.
Осы орайда біз жеңімпаз атанған жобаларға зер салдық. Мәселен, былтыр Айша бибі ауылдық округінің мәдениет үйінің жанынан ашылған «Pythagoras» атты оқу курсы оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыруға, математиканың күнделікті өмірдегі маңыздылығын көрсетуге, сондай-ақ білімді практикада қолдану дағдыларын дамытуға басымдық береді. Сонымен қатар орталық жас математиктерді олимпиада есептерін шешуге дайындап, олардың ғылыми ізденістерге деген қызығушылығын оятуды көздейді.
–Үйірмеде оқушылар математиканың теориялық негіздерін терең меңгеріп, оны күнделікті өмірде қолдануды үйренеді. Логикалық ойлау қабілетін дамыта отырып, күрделі есептерді шешуге машықтанады. Сондай-ақ математикалық олимпиадаларға дайындалып, жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуге мүмкіндік алады. Орталықтың басты ерекшелігі – әрбір оқушыға жеке назар аударып, олардың қабілетіне қарай ерекше әдіс-тәсілдер қолдану. Сонымен қатар заманауи оқыту құралдары мен технологиялары оқушылардың білім алу процесін қызықты әрі тиімді етеді. Оқу курсы басталғалы бері 20 дарынды оқушыны қабылдадық. Бір жыл бойы тынымсыз дайындықтың нәтижесінде барлық оқушы республикалық математика олимпиадасында жеңімпаз атанып, Жамбыл облысының мақтанышына айналды. Бұл жетістік – орталықтың тиімді жұмысының және оқушылардың табандылығының айқын дәлелі, – дейді білікті маман Қазына Яхудаева.
Сонымен қатар «Pythagoras» орталығы онлайн форматта білім беруді де жүзеге асырады. Орталық оқытушысы – жоғары білімді және тәжірибелі маман. Заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушыларды ынталандырып, олардың үздік нәтижелерге жетуіне жағдай жасайды.
Ал «Alshyn» жекпе-жек клубы жастардың дене дайындығын нығайтып, спортқа деген қызығушылығын арттыру бағытында жұмыс істеуде. Бұл клубта қазіргі таңда 60-тан астам жас жекпе-жек өнерімен шұғылдануда. Оларға кәсіби жаттықтырушы жетекшілік етіп, әрбір қатысушыны жекпе-жектің техникалық қырларына үйретеді.
Клубтың басты мақсаты – жастар арасында спорттық тәрбиені кеңейту, оларды тәртіпке, өзара сыйластыққа және мақсатқа жетудегі табандылыққа баулу. Сонымен қатар «Alshyn» клубы болашақ спорт шеберлерін дайындап қана қоймай, олардың бойындағы көшбасшылық қасиеттерін дамытуды көздейді. Мұндай жобалар жастар арасында спорт пен денешынықтыруға деген қызығушылықты одан әрі арттырып, қоғамның белсенді және дені сау мүшелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, ауданда «ГЕККОН» спорттық-туристік клубы да бұқаралық спортты дамытуға және жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға күш салуда.
Жаңашыл бастамалар қатарында садақ ату орталығының да жөні бөлек.
– Бағзы дәуірден келе жатқан бекзада өнеріміздің бірі садақ атуды ауданымызда кеңінен насихаттап, жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында осы жобаны қолға алдық. Жастардың мергендік қасиетін шыңдап, әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын азаматтардың қатарын көбейту көзделген. Медицина мамандарының айтуынша, садақ ату өнері жүрек ауруларының емделуіне өз септігін тигізеді екен. Себебі жебені тартқан уақытта жүрек қантамырлары созылады. Сонымен қатар қол, арқа және иық бұлшықеттерін нығайтып, сабырлық пен шыдамдылықты дамытатын спорт түрі болып есептеледі, – дейді жоба жетекшісі Дәулет Темірғалиев.
Шынында, садақ ату спорты қайта жаңғырып, жастардың да қызығушылығын оятуда. Жоба жетекшісінің айтуынша, бұл орталыққа қажетті құрал-саймандар байқаудан берілген қаржылай жүлде мен арнайы демеушілердің есебінен сатып алынған. Аталған орталық 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап өз жұмысын бастаған. Биылғы қаңтар айынан бастап ауыл-ауылды аралап, «Садақ ату орталығы» жобасына жастарды шақырып, насихат жұмыстарын жүргізуде. Үйірме аптасына 1 рет жастарды қабылдауда.
Бір айта кетерлігі, бұл жобаға жастар ғана емес, аға буын өкілдері де қызығушылық танытуда.
Әлеуметтік көмек көрсету саласындағы жаңа әрі маңызды бастама – «Психологиялық кабинет» жобасы да енді іске қосылмақ. Бұл жоба ерекше қолдауға мұқтаж азаматтар үшін жасалған. Оларға психологиялық көмекпен қатар, рухани қолдау да көрсетуге бағытталған. Әсіресе денсаулық жағдайы мен өмірлік қиындықтарға тап болған, көмекке мұқтаж жандар үшін бұл жобаның маңызы зор. «Психологиялық кабинет» жобасының басты мақсаты – азаматтардың психологиялық және эмоционалдық әл-ауқатын жақсарту. Осы мақсатта келушілерге кеңес беру және арнайы сұхбаттасу арқылы олардың ішкі күйзелістерін жеңілдету, өмірге деген құштарлығын арттыру, өзіне деген сенімділікті қалыптастыру жоспарлануда. Сонымен қатар жобаның ерекше бағыты – мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету. «Психологиялық кабинет» жобасы аясында екі білікті психолог маман жұмыс істейді. Олар әртүрлі психологиялық қиындықтармен, күйзелістермен, стреспен күресуге, сондай-ақ өмірлік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған кеңестер береді. Кабинетке алғаш қабылданатын азаматтар, ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі жандар болады. Бұл топтағы азаматтарға ерекше көмек көрсетуге басымдық беріліп, оларға жеке бағдарлама ұсынылады.
Жобаның толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жабдықтар демеушілер есебінен сатып алынған. Бұл құралдар келушілердің психологиялық жағдайын бағалап, оларға тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар алдағы уақытта кабинеттің жұмыс сапасын одан әрі арттыру мақсатында жаңадан 3D көзілдірік сатып алу жоспарлануда. Бұл көзілдірік – адамның психологиялық және рухани әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірегей құрал. Көзілдірік арқылы табиғаттың керемет көріністері мен жігерлендірер бейнелер көрсетіліп, адамның жанын тыныштандырып, жаңа серпін береді. Көз алдына әсем табиғат көріністері мен бейнемазмұндарды өткізу арқылы адамның ішкі күйзелісін жеңілдету және психологиялық қалпын жақсарту мақсатында жұмыс жасалады.
Жоба ауқымы алдағы уақытта кеңейіп, тиімділігі арта түсетіні сөзсіз. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін азаматтар үшін бұл жоба үлкен маңызға ие болып, олардың қоғамдағы орны мен рөлін нығайтуға ықпал етеді.
КІТАП АЛЫП, КІТАП СЫЙЛАЙДЫ
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен биыл «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы басталған болатын. Осы орайда Жамбыл ауданының жастары да байыпты бастамаға лайықты үн қосуда. Яғни жастар ресурстық орталығында «Кітап ал, кітап сыйла» атты арнайы бұрыш дайындалып, түрлі жанрдағы кітаптар қаз-қатар қойылған. Бұл тұрғыда жастардың сұранысына орай бірнеше кітаптар сатып алынған. Осы күнге дейін аталған жоба аясында көркем әдебиет өкілдерінің кітаптары келушілерге таныстырылып, сөрелерден өз орындарын тауып жатыр. Ауданға сапарымыз барысында біз де жергілікті ақын-жазушылардың дүниелерін сыйға тартып, кітаптар қатарын толықтыра түстік.
Бұдан бөлек «Қара, оқы» жобасы да назарымызды аударды.
– «Қара, оқы» жобасы 2023 жылдың жаз айынан бастау алған. Караоке жастардың сұранысы бойынша жүзеге асып, жастар арасында «Караоке БАТЛ» байқауы ұйымдастырылып тұрады. Жаздың күндері барлық ауылдық округтерді қамтыдық. Дегенмен қыс мезгіліне орай аталған жоба жастар ресурстық орталығының ішінен ашылып, өз жұмысын жалғастыруда. Бөлме іші 30 адамға арналған, – дейді жоба жетекшісі Мақсат Сапарбеков.
ЕҢБЕКТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН – БАЙЛЫҚТЫҢ ӨЗІН ТАБАДЫ
Тағы бір байқағанымыз, Жамбыл ауданының жастары кәсіпкерлік саласына да бейім екен. Оған біз іскер жастармен кездесу барысында көз жеткізе түстік. Мысалы, Әйгерім Танысбаева өз үйінде отырып-ақ тігіншілікпен айналысып, табысқа кенеліп отыр. Қаршадай қыз қайтарымсыз грантқа да ие болған. Ол грант қаражатын тиімді пайдаланып, кәсібіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Бұл оның кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадамдарына мүмкіндік туғызғаны сөзсіз. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс қабылдап, өзінің шығармашылығын кеңінен танытуда. Оның қолынан шыққан әрбір туынды ерекше мәнге ие болып, көпшіліктің назарын аударады.
– 2022 жылдан бастап этностильдегі тақияларды тігуді қолға алдым. Қазақы нақыштағы тақиялар шығармашылық көзқарасымды әрі қарай кеңейтуге жол ашты. Осы күнге дейін бірнеше көрмеге қатысып, өз туындыларымды ел назарына ұсындым. Әрбір этностильдегі тақияда терең мағына мен ұлттық нақыш көрсетіледі. Бүгінде матадан жасалған жастық тәріздес ойыншықтар, моншақтан түрлі кейіптегі бұйымдар мен қол сөмкелер сияқты ерекше өнімдер тігуді үйреніп, оны сату жолдарын да меңгеріп жатырмын. Әрбір жұмысты шеберлікпен атқарып, қолданылатын материалдар мен дизайнды мұқият таңдауға баса назар аударып жатырмын, – дейді жас кәсіпкер Әйгерім.
Әйгерімнің жетістіктері тек жеке кәсібінің дамуы ғана емес, сонымен қатар жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыруға да ықпал етіп отыр. Ол бүгінде «Qol Oner» атты «YouTube» арнасы арқылы қолөнердің қыр-сырын түсіндіретін бейнесабақтар жүргізеді. Оның сабағы – тігіншілік өнеріне қызығатын жастар мен балалар үшін құнды ақпарат көзі.
Ал Али есімді жас кәсіпкер ауыл тұрғындарына қолдау көрсетуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуға бел буған. Ол малшаруашылығымен айналысуға шешім қабылдап, бұл мақсатта 10 жылқы сатып алған.
Бүгінде Али Жарылқапбайұлы жылқы малын бордақылап, олардың етін қала базарына өткізіп, табыс табуда. Ол көктемде мал басын қайта толықтырып, шаруашылығын кеңейтуді жоспарлауда. Осы мақсатта кәсіпкер жылқыға арналған қора-жай салып, мал ұстауға қажетті барлық жағдайды жасаған. Бұл қора 10 жылқыға лайықталып жабдықталған, әрі болашақта мал басын көбейтуге мүмкіндік береді.
Малшаруашылығының шығындарын азайту мақсатында Али малдың жемшөбін өз егін алқабынан дайындайды. Егіншаруашылығымен айналысу оған тек жемшөппен өзін қамтамасыз етіп қана қоймай, артық өнімді сатуға да жағдай жасайды. Егін алқабын жырту, егу және жинау сияқты жұмыстарды атқару үшін арнайы техника жалдайды. Бұл оның уақытын үнемдеумен қатар, еңбек өнімділігін де арттырады.
Али малшаруашылығымен айналыспас бұрын өз ауылында шағын дүкен ашқан. Дүкені арқылы ауыл тұрғындарының негізгі тұтыну қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, шағын кәсібін де қоса жүргізіп отыр.
Міне, Жамбыл ауданына сапарымыз дәл осындай мағыналы да мәнді жұмыстардың куәсі болуға жетеледі. Жоғарыда айтылғандай, Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығы өзге аудандарға қарағанда бірнеше бастамаларға арқау болып, жобалардың іске асырылуына өз септігін тигізіп келеді. «AR-AI» газеті жастармен бірге!» жобасы өзге аудандарда да жалғасын табады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ