Облыстың ауылшаруашылығы саласын дамытуға өткен жылы 33 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне тиісті қолдау көрсетілген. Сондай-ақ қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1 094 агроқұрылымға 16,1 миллиард теңге несие берілген. Нәтижесінде жыл ішінде салада 425,4 миллиард теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілді. Ауылшаруашылығы және тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 20 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған.
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес егіс алқабы 136 мың гектарға қысқартылып, ауылшаруашылық дақылдары 626,7 мың гектарға отырғызылып, жиын-терін науқанында 352,9 мың гектар масақты дәнді дақылға орақ түскен. Орташа өнімділік өткен жылмен салыстырғанда гектарына 10 центнерден 16,6 центнерге дейін артқан. Нәтижесінде 165,2 гектардан 291,5 мың тонна бидай, 187,7 мың гектардан 294,9 мың тонна арпа бастырылыпты. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 208 мың тоннаға артық түсім түскенін көрсетеді. Картоп, майлы дақыл, көкөніс және бақша дақылдарынан 2,2 миллион тонна өнім алынған.
Мал азығын дайындауда 305 мың гектар шөп орылып, 3,2 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 487,6 мың тонна сабан, 88,1 мың тонна сүрлем жоспарға сәйкес дайындалған. 11,2 мың гектарға егілген қант қызылшасы алқабынан 640 мың тоннадан аса өнім алынған. Орташа өнімділік гектарына 627 центнерді құрап, өнімділік 2 есеге өскен.
– Жалпы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар өз жемісін беруде. Шаруашылықтарға 5-6 пайызбен жеңілдетілген несие беріліп, 432 трактор, 16 комбайн жаңадан алынып, жаңару көрсеткіші 8 пайызға жетті. Одан басқа 550 ауылшаруашылық техникасы алынды. Қолданылу мерзімі 25 жылдан асқан ауылшаруашылық техникаларына түгендеу жұмыстары жүргізіліп, трактор, комбайн секілді 3 979 техника есептен шығарылды. Нәтижесінде облыс бойынша 5 671 ауылшаруашылық техникасы тіркелді. Облысымыздағы 181,8 мың гектар суармалы алқаптың 127,3 мың гектары немесе 70,9 пайызы жерүсті әдісімен суарылады. Өткен жылы 15,4 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, облыс аумағындағы жалпы көрсеткіш 55,4 мың гектарға жеткізілді. 2025 жылы көрсеткішті 64,5 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Суармалы жер ғана емес, жайылым жерлерге де көңіл бөлінуде. Жайылымды құнарландыру арқылы алынатын өнімнің де сапасы артатыны белгілі. Сондықтан өткен жылғы 18 шілдедегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы мен ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі арасында жасалған келісімге сәйкес Талас ауданындағы Бостандық, Ойық, Кеңес және Сарысу ауданындағы Игілік, Жайылма, Жаңаталап ауылдық округтерінің жайылымдық жерлерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Жалпы облыс бойынша 2025-2028 жылдары 5 мың гектар қоғамдық жайылымдық жер (Талас ауданында – 3 000 гектар, Сарысу ауданында – 2 000 гектар) қалпына келтірілмек. Ауылшаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 45 пайыздан астамы малшаруашылығы саласына тиесілі. Өңірдегі мал саны 4,3 миллион болса, 486,3 мың мүйізді ірі қара, 3,6 миллион уақ мал, 169,6 мың жылқы тіркелген. Төрт түліктен алынатын өнімге келсек, 193,5 мың тонна сүт өндіріліп, 1,2 пайызға артса, 93,5 мың тонна ет өндіріліп, 2,9 пайызға ұлғайды. Облыс бойынша 486,3 мың мүйізді ірі қара, 3,6 миллион қой мен ешкі, 169 мың жылқы, 7,4 мың түйе қыстатылуда. Өңірімізде барлығы 5 862 мал қыстату орны бар. Оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм зонасында орналасқан. Малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй, 2 184 қашар, 936 баз жөндеуден өткізілген. Барлық аудандарда мал қыстауын өткізу бойынша жедел штабтар жұмыс істеп тұр. Құрылған штаб мал қыстату барысында туындауы мүмкін болған мәселелерді шұғыл түрде шешуге, қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың резервтерін ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан мал қыстауын ұйымшылдықпен өткізу үшін барлық кешенді шаралар атқарылуда. Қазіргі уақытта аймақта асылтұқымды уақ мал өсірумен 359 қожалық, мүйізді ірі қара малын өсірумен 59 шаруашылық айналысуда. Барлық санаттағы шаруашылықтарда асылтұқымды мүйізді ірі қара малдың үлесі 13 пайызды, қойдың үлесі – 15, жылқының үлесі – 2, түйе 1 пайызды құрайды. Одан бөлек сыйымдылығы 1 000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңы және қуаттылығы 300 уақ мал мен тәулігіне 50 мүйізді ірі қара малды сойып өңдейтін ірі 2 ет өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ қуаты 50-ден 600 басқа дейінгі сауын сиырдан тұратын 46 тауарлы сүт фермасы бар. Ондағы мал саны – 5,1 мың. Сүт өндірісін дамыту мақсатында «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы арқылы жалпы сыйымдылығы 1 913 басты құрайтын 4 тауарлы сүт фермасын іске қосу қолға алынып отыр. Аймақта құсшаруашылығы бағытында жұмыс істейтін 5 ірі өндірістік кәсіпорын болса, оның төртеуі құс етін, біреуі жұмыртқа өндіреді. Бүгінгі күні облыстағы құс саны 1,8 миллионды құраса, жыл басынан бері 16,7 мың тонна құс еті өндіріліп, өнім 19,5 пайызға артты. 109,4 миллион дана жұмыртқа өндірілді, – дейді Қайрат Есенұлы.
Былтыр 26 189,1 мың АҚШ долларын құрайтын 134 мың тонна ауылшаруашылық өнімі экспортталыпты. Оның ішінде өсімдікшаруашылығында 90,5 мың тонна, малшаруашылығында 1,9 мың тонна және 41,4 мың тонна өңделген ауылшаруашылық өнімі сыртқы нарыққа жол тартқан.
Сондай-ақ қазан айында Қатар мемлекетінде экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және халықаралық байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған кездесу барысында «Меркі ет комбинаты» серіктестігі мен «Al Dayat For Trading» компаниясы арасында ет экспортына қатысты келісімдерге қол қойылыпты. Нәтижесінде облыстағы ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің Қатар мемлекетіне ет және ет өнімдері экспорты кеңейген.
Мемлекет басшысының 3 жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыста қайта өңдеу бағытын дамыту бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта облыста етті қайта өңдеумен айналысатын 42 кәсіпорын болса, оның ішінде «Меркі ет комбинаты» мен «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ірі кәсіпорындар қатарына жатады. Өндірілген еттің 13,4 мың тоннасы ішкі тұтынымға пайдаланылса, 7 мың тоннасы қайта өңделген. Кәсіпорындардың жүктелімі 21 пайызды құрайды. Өндірілген сүттің 60,8 мың тоннасы ішкі нарықта тұтынылса, 70,5 мың тоннасы қайта өңдеуден өткен. Кәсіпорындардың жүктелімі – 69 пайыз.
Бүгінде «TRZ AGRO» компаниясының қатысуымен әлеуеті жоғары қайта өңдеу кәсіпорнын құру жоспарланып отыр. Онда құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын үздіксіз және ағымды өңдейтін ет өңдеу кешені және өнімділігі жылына 7 мың тоннадан астам дайын өнім шығаратын сою, бөлшектеу, шұжық және консервілеу цехтары іске қосылмақ.
Өндірілген өнімдер толық сатылғанша және кезеңаралық мерзімге сақтап қою жұмыстары да назардан тыс қалмауда. Мәселен, облыс бойынша сыйымдылығы 300 мың тоннаны құрайтын 113 қойма жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 4,7 мың тоннаны құрайтын 7 қойма жеміс-жидек сақтауға және 9,5 мың тоннаны құрайтын 10 қойма картоп сақтауға арналған. Бұл қоймаларда жалпы 212,8 мың тонна өнім сақталуда, оның 15,1 мың тоннасы картоп, 5,9 мың тоннасы сәбіз, 159,3 мың тоннасы пияз, 32,5 мың тоннасы басқа да өнімдер. Өткен жылы сыйымдылығы 15,6 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылыпты.
– Ауылшаруашылығы саласында атқарылып жатқан іс аз емес. Тағы да маңызды міндеттеріміздің бірі – ұсақ шаруашылықтарды кезең-кезеңімен ірілендіру. Шаруашылықтарды ірілендірудің бірден-бір жолы – ірі инвестициялық жобаларды іске асыру. Өткен жылы 14,6 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жобаны іске асыру көзделсе, 10,8 миллиард теңгеге 12 жоба іске асырылып, 163 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату жобасы бойынша 8,5 миллиард теңге қаржы қаралды. Бөлінген қаржыға 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 118 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Оның ішінде ауылшаруашылық жануарларының жүн-терісін қайта өңдеу арқылы құрама жем мен тыңайтқыштар шығару, тауықтың қиынан биогумус өндіру, алма шырынын өңдеу, картоптан фри жасау, көкөніс сақтау қоймалары және тауарлы сүт фермаларын құру ісі бар. Тауарлы сүт фермаларының құрылысы бойынша 4 жоба, сыйымдылығы 28 мың тонналық 5 көкөніс сақтау қоймасы, тері мен жүнді өңдеу бағытында 2 жоба, тамшылатып суару мен фри, алма шырыны, балыққа арналған жем өндірісі бойынша бір-бір жоба қаржыландырылды. «Ауыл аманаты» аясында 2023-2024 жылдары 25,5 миллиард теңге бөлініп, 4 076 жобаға қаржы қаралса, жобамен 38 ауылдық округ қамтылды. Оның ішінде 152,2 мың мал мен 183 ауылшаруашылық техникасын сатып алу қаржыландырылды. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге бөлу қарастырылып, бұл қаржы көлеміне 1 200 өтінімді несиелендіру арқылы 1 672 жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Ауылшаруашылығы және саладан тыс бағыттағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 50-ден аса үлгілік жобалар тізбесі жасақталып, ауыл тұрғындарына ұсынылды. Үлгілік жобаларда жобаның жалпы құны, сатып алынатын қондырғылардың тізімі, технологиялық және экономикалық процестері толық көрсетілген. Атап айтқанда, жылыжай кешендерін, сүт және ет өңдеу шағын цехтарын, шағын құс фермаларын құру, сондай-ақ кәсіпкерлік бағытында туризм нысандарын ашу, балабақшаларды жабдықтау және қызмет көрсету саласында бірқатар жобаны іске асыру көзделуде. Жалпы бұл жобалар бірқатар бағыт бойынша іріктелді. Тарқата айтсақ, ауылшаруашылығы бағытында 3,2 миллиард теңгеге 421 жоба, кәсіпкерлік бағытында 5,9 миллиард теңгеге – 725, мамандандырылған кооперативтер құру бойынша 1,2 миллиард теңгеге 54 жоба іріктелді. Алайда жоспардағы қаржы республикалық бюджеттен әзірге түскен жоқ. Десе де «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының шотындағы қайтарылған қаражат есебінен жиналған жалпы сома 3,2 миллиард теңгені құрады. Бұл ретте республикалық бюджетке қайтарылатын қаржы көлемін ескере отырып, қайтарылып жатқан қаражат есебінен 2,6 миллиард теңгені жинақтап, жобаларды қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл аманаты» электронды платформасы арқылы 354 жоба «Оң шешім қабылдау» кезеңіне жеткізілді. 252 қарыз алушымен несие шартына қол қойылып, 1,7 миллиард теңге шоттарына жіберілді, оның ішінде бағдарламаның бесінші бағыты бойынша жалпы сомасы 648,3 миллион теңгеге 88 жоба қаржыландырылды. Мал сатып алу бағытында несиелендіру жұмыстары тоқтауына байланысты біз тауарлық несиелеу жобасын іске асыруды қолға алдық. Бүгінгі күнге аудан орталықтарында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қорыта айтқанда, алдағы уақытты облыста суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауылшаруашылық техникаларын сатып алу, асылтұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын болады, – дейді Қ.Көшенов.
Облыста жалпы көлемі 27,7 гектарды құрайтын 25 жылыжай бар екен. Оның 20-сы фермерлік, бесеуі өнеркәсіптік жылыжайлар. Онда өндірілетін өнім көлемі 720 тоннаны құраған. Кезінде осы жылыжайлар туралы «Бұл маусымаралық кезеңде көкөністерге деген тұтынушылық сұранысты 10 пайызға жабуға мүмкіндік береді» деген пікір айтылған болатын. Бірақ облыс нарығындағы сұранысты толық қанағаттандыру үшін өңірге қосымша 50 гектар жылыжай салу қажет көрінеді. Сонымен қатар өңірде көкөніс сақтайтын қоймалардың да санын арттырмаса болмайды. Қажеттіліктің өзекті екенін маусымаралық кезең басталмай жатып, бүгінгідей картоп секілді күнделікті тұтынуды қажет ететін көкөніс бағасының қымбаттауы дәлел болып отыр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Қойлары қоңды, тірлігі оңды
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстан дәнді дақылдардың экспорттық нарықтарын кеңейтуде
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024