СӘНІ КІРГЕН САЯБАҚ
Жуырда Қордай ауылындағы күрделі жөндеуден өткен орталық саябақ пайдалануға берілді. Демалыс орнының салтанатты ашылуына аудан әкімі Мәден Мұсаев қатысып, ауыл тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.
Соңғы рет 2013 жылы жөндеуден өткен орталық саябақ жаңғырту жұмыстарына сұранып-ақ тұрған еді. Аздаған уақыт ішінде жаңара түскен саябақтың сәні келісіп, көз қуантатын көрікті орынға айналған.
– Аудан орталығын абаттандыру жұмыстары мұнымен шектелмек емес. Алдағы уақытта ауылдың өзге де қоғамдық орындарына абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қолға алынатын болады. Ауылымызды таза ұстасақ, мәдениеті жоғары ел екенімізді көрсетіп, осындай саябақтарда аналарымыз, апаларымыз, балаларымыз қыдырып жүрсе, осыдан асқан бақыт жоқ шығар. Бүгінгі қуанышты сәтпен баршаңызды құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Береке-бірлігіміз арта берсін, – деді аудан әкімі.
Ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан Мемлекет қайраткері Мұратбай Жолдасбаев та жерлестерін құттықтап, осындай тамаша бастаманы қолға алған аудан әкімдігіне алғысын білдірді.
Жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, аз ғана уақыт ішінде күрделі жөндеуден өткен саябақтың ажары одан ары ашыла түскен. Саябаққа кіргеннен бастап ондағы қоршауы мен жарықтандыруына аса мән берілгендігі байқалады. Арнайы жасалған қабырғаларда қазақ ойшылдарының сөздері жазылып, басты қақпадан кірген сәтте жұлдыздай жамыраған арнайы лампалар ерекше назар аудартады.
Сонымен қатар саябақ ішіндегі асфальт, тротуар плиткалары жаңартылып, жаңа орындықтар орнатылып, сыртқы қоршауы толығымен ауыстырылған.
Демалушылардың қауіпсіздігіне де көңіл бөлініп, саябаққа бейнебақылау камерасы мен полиция пункті салынған.
Осылардың ішінде мәдени шаралар өткізуге арналған сахна ерекше көзге түседі. Заманауи үлгіде жасалған әсем сахнаға LED экран ерекше көрік беріп тұр. Игі істің бастауы ретінде салтанатты шара ұлттар достығын ұлықтауға арналған «Достық базары» фестивалі аясында ұйымдастырылған «Ұлт достығын – ұлықтаған ұрпақпыз» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған ерекше концерт ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Фариза КОРАБАЙ, Қордай ауданы
Келесі мақала