2025 жылдың екінші тоқсанынан бастап басында баспанасы жоқ кез келген адам үй кезегіне тұра алады. Әлі күшіне енбегенімен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй саясатын реформалауға арналған заңға қол қойды. Яғни енді кез келген кәмелет жасқа толған азамат ешқандай санатқа кірмесе де тізімге ене алады. Баспана кезегін «Отбасы банк» жүйелеп, реттейді. Осылайша құзыретін кеңейткен банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейіне баса мән береді. Бұл – бірінші кезекте, ұзақ уақыт кезекте тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Әзірге құжаттарды «Egov» порталы арқылы тапсыруға болады. «Отбасы банкі» 6 айдан кейін жұмысты толық бастайды.
– Үй кезегінде облыс бойынша 38 мың, қала бойынша 23 мыңнан аса тұрғын тұр. Ең бірінші кезекте 8 санат бойынша халыққа пәтер беріледі. Президенттің Жарлығымен кез келген адам онлайн түрде үйге кезекке тұра алады. Дегенмен үміткердің атында бес жыл бойы баспана болмауы керек. Өткен жылы «Отбасы банк» тарапынан бір шаршы метрі 160 мыңнан «Ұлы дала» ықшамауданынан мыңға жуық үй берілді. Заң күшіне енген соң кезектегілерге пәтерді қандай бағдарламамен беретінімізді нақтылаймыз. Сол кезде арнайы хабарлап айтамыз. Халықтың осал топтары үшін мемлекет тарапынан үй беріледі. Тегін үй сертификатымен немесе ипотекалық бағдарламамен үй алатын азаматтар санатына қарай анықталады. Мемлекеттен берілетін үйлердің бірінші, екінші және үшінші қабаттары міндетті түрде мүгедек жандарға, көзі әлсіз көретіндерге беріледі. Төртінші-бесінші қабаттағы пәтерлер көпбалалы аналарға, толық емес отбасыларға беріледі, – дейді «Отбасы банк» облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов.
Бүгінде халық арасында «бастапқы жарнасыз да үй алуға болады екен» деген алыпқашпа әңгіме жүр. Алайда жарнамасы жер жарған жобаларға сеніп сан соғып қалмаңыз. Шындығында, қазіргі уақытта жекеменшік құрылыс компаниялары да тұрақты жұмысы бар адамдарға, айлық жалақысы жоғары жандарға бастапқы жарнасыз пәтерлер ұсынуда. Дегенмен осындай жолмен пәтер алғандар үшін ипотекаға төлейтін несие сомасы көпке түседі. Ал 19-20 жыл бойы 300 мыңнан немесе 500 мыңнан төлем жасап отыру оңай болмасы белгілі.
– «HalykBank» пен «ЦентрКредит» банкі бастапқы жарнаның орнына жылжымайтын мүлік түріндегі кепілді ұсынуға мүмкіндік береді. Бірақ жарнасыз баспанаға қол жеткіземін деу – өзіңізді-өзіңіз алдау. Жекеленген мердігер компаниялар алғашқы жарнасыз тұрғын үй ұсынса да кепілзат қоюыңыз керек, – дейді Нұрлан Темірбекұлы.
Сонымен қатар өткен жылдың 4 желтоқсанында жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру туралы заң қабылданып, күшіне енді. Енді қазақстандықтар жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру арқылы баспаналы бола алады. Сонымен қатар ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайы ескеріліп, 8 категорияға жататын тұлғаларға арендалық және кредиттік тұрғын үйден кемінде 70 пайыз үлеспен бірінші кезектегі құқық беріледі. Мұндай жаңалық еліміздегі тұрғын үй саясатын реформалау арқылы өз жемісін беруге жақын.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев осыған дейін Үкімет отырысында тұрғын үй алуды қолжетімді ететін заң қабылданғанын хабарлаған еді. Ол тұрғын үй саясатын реформалау шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың есепке қою және үйлерді бөлу функцияларын ұлттық даму институты «Отбасы банкіне» беруді көздейтін заң қабылданғанын атап өтті. Бұл саясат тұрғын үй алуды қолжетімді етіп, ұзақ уақыт бойы кезекте тұрған азаматтарды үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берілді.
Бұл заңның көп уақыт бойы кезекте тұрған ел азаматтарын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Жауапты ведомство 50 мыңнан аса тұрғынның баспаналы болатынын хабарлады. Егер сіздердің де тұрғын үй кезегінде 8 категория бойынша кезегіңіз болса, «Kezekte» сайтынан тексере аласыз.
Сондай-ақ биыл «Ұмай» бағдарламасына өзгерістер еніп, оның шарттары жеңілдетілді. Осы жылы бағдарламаға қатысу үшін қойылатын кіріс бойынша талаптар да өзгерді. Биыл жылдық табысы максималды 900 мың теңгені құраса, кез келген жұмыс істейтін әйел «Ұмаймен» үй ала алады.
– «Ұмай» – ресми табысы бар жұмыс істейтін кез келген әйелге арналған ипотека. Оның мөлшерлемесі коммерциялық банктерге қарағанда төмен. Бағдарлама 2021-2023 жылдар аралығында іске асырылды. Бағдарлама бойынша сатып алынатын баспананың шекті құны 30 миллион теңгеден аспауы тиіс. Пайыздық мөлшерлеме 14,4 пайыздан бастап, кейін 3,5-5 пайызға дейін төмендейді. Ипотекалық несиенің мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін болады. Бұл ретте баспана таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Заемдар жаңа үйлер мен қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға да беріледі. Сонымен қатар баспананы үлестік қатысу шарты бойынша да алуға болады. Бағдарлама бойынша пәтерді жөндеу жұмыстары үшін 3,7 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар, – дейді «Отбасы банк» облыстық филиалының клиенттермен жұмыс бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірманова.
Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – қарапайым жұмысшылар да Жұмысшы мамандықтары жылының құрметіне орай арнайы корпоративтік бағдарлама арқылы үйлі болмақ. Түрлі кәсіпорындар мен зауыттарда, ауылшаруашылығы нысандары мен коммуналдық мекемелерде еңбек ететін азаматтар үшін бұл үлкен мүмкіндік.
– Жұмысшыларды баспанамен қамтуға байланысты бағдарлама жүзеге асатынын естіп, қуанып қалдық. Енді жыл соңына дейін жаңа ипотекалық бағдарлама арқылы өзім секілді қарапайым жұмысшыларға үй беріліп қалар деп үміттеніп отырмыз. Банктен депозит ашып та қойдым. Әркімнің өз үйі – өз Отаны. Мен өз шаңырағымның болғанын қалаймын. Өз баспанасы бар адам – көңілі жайлы адам. Ал көңілі жайлы жұмысшы – кез келген кәсіпорынның ең құнды ресурсы, – дейді «Минералды тыңайтқыштар» зауытының жұмысшысы Азамат Заманбеков.
Сол себепті де мол мүмкіндіктерді пайдаланып, биыл баспаналы болу үшін әрекет етіп көргеніңіз жөн. «Өз үйім – өлең төсегім» деп ақ отауыңыздың түтінін түтетіп отырғанға не жетсін.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА