Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мерзімі өтіп кеткен тауарды сату – заңсыздық

Мерзімі өтіп кеткен тауарды сату – заңсыздық
Ашық Дереккөз
Әр шаңырақ жаңа жылдың алғашқы күндерін мерекенің лебімен, құттықтап келген дос-жаранның ортасында, ақ дастарқан басында қарсы алады. Біз де қонақтарын Құдайындай сыйлаған ауылдағы ағайындардың дастарқанының төрінде тәттінің төресі торт тұрсын деп, Тараз қаласындағы «Қаратау» ықшамауданында орналасқан «AVATARIYA» ойын-сауық орталығындағы «Тәтті себет» азық-түлік дүкеніне арнайы бас сұқтық.

Таңдауымыз бетіне дала гүлдері бейнеленген айшықты тортқа түсті. Жарамдылық мерзіміне ғана емес, сондай-ақ қаптамасында жазылған ақпаратқа да назар аудардық. Жарамдылық мерзімі бүгін-ертең аяқталатын торттарға жеңілдік қарастырылғанын, 50 пайызға дейін бағасы арзандатылғанын байқадық. Бірақ біз сөреге сол күні ғана қойылған, бір күн бұрын ғана пісірілген тортты сатып алып, ауылдағы ағайын дәм татсын деп беріп жібердік. Кешкісін жиылған қонақтың алдында тортты кескенде іші көгеріп, иістеніп кеткені мәлім болыпты.

Торттың суретін «WhatsApp» желісі арқылы туыстарымыз жіберді. Тауарды өз көзімізбен көргенде расымен де көгеріп кеткенінің куәсі болдық. Бағасы жазылған түбіртекті тастай салған едік. Мұндай жағдайда түбіртектің болуы шарт екенін сатушылар түсіндіріп бақты. Алайда табандап тұрып алғанымыздың арқасында бейнекамераны қостырып, бірнеше сағат бұрын торт сатып алғанымызды дәлелдедік. «Тәтті себет» қызметкерлері ақшамызды қайтарып берді. Сондай-ақ торттың көгеріп кеткенін тортты пісіріп, дүкенге өткізушілердің салғырттығынан деп түсіндірді. Сондықтан да торттың бүлініп үлгергенінен бейхабар екендіктерін айтты. Соңында мерзімі өткен тауарларды сөреден алып тастауға уәде беріп, шығарып салды.

Алайда ертесіне дәл сол дүкеннен майшабақ (селедка) балық сатып алдық. Ыдыстың сыртындағы қаптамада шыққанына бір-ақ күн болғаны жазылып тұрды.

Кешке қонақ күтіп, мәре-сәре болдық. Дастарқандағы балықтан ауыз тигенім сол еді, дәмі біртүрлі екені білінді. Сол мезетте-ақ үстелден алып тастадық. Алайда балықтың бір түйірі асқазанға жол тартып үлгерген еді. Екі күн ауырып, әрең бас көтердім...

Сонымен не керек, бір емес, екі рет мерзімі өтіп кеткен тауар алып, түңіліп кеткендіктен «Мұндай жағдайға не істеу керек?» деген сұрақты алға тартып, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласқан едік.

– Қазіргі таңда елімізде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркейтін «E-otinish» платформасы жұмыс істейді. Әлеуметтік желілер азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеу платформасы болып табылмайды. Өйткені өтініш берушінің электрондық-цифрлық қолтаңбасы мен жеке басын анықтау мүмкін емес. Келіп түскен өтініштерді тіркеу және қарау үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 63-бабының талаптарына сәйкес келуі тиіс. Өтініште жеке тұлғаның аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, жеке тұлғаның поштасы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, өтініш берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы, өтініштің мәні, өтініш берілген күн, өтініш берушінің қолы, фото, видео мен дәлелді фактілер, сату түбіртегі болуы шарт. Жоспардан тыс тексеруді тағайындау үшін азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы «Е-Otinish» порталы арқылы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жазбаша немесе электронды түрде жүгіну керек, – деді департамент басшысының орынбасары Салтанат Алибаева.

Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне де хабарласып, осындай келеңсіз оқиғалар қаншалықты жиі болып тұратынын және оларға қандай шара қолданылып жатқанын сұрадық. Өткен жылы департаментке 1 133 адам өтінім түсірген екен. Мамандар бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50,4 пайызға көп екенін жеткізді. Оның ішінде 1 024 шағымды жазған азамат департаментке құқығының бұзылуына қатысты қайырылған.

– Негізгі шағымдар бөлшек сауда және электронды коммерция салаларына, сондай-ақ тауарды алмастырудан және қайтарудан бас тартуға байланысты түседі. Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде тауарды немесе ақшаны қайтару, тауарды айырбастау, ауыстыру мәселесі бойынша 40,7 миллион теңге сомасында тұтынушылардың құқықтары қорғалды. Сонымен қатар электронды саудаға қатысты шағымдар саны да өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52,7 пайызға өсіп, 171 өтінімге жеткен. Тұтынушылардың негізгі шағымдары тауардың жарнамаланған сипаттамаға сәйкес келмеуі мен ақшаны қайтарудағы қиындықтарына байланысты түскен. Есепті кезеңде департамент 139 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 108 заңбұзушылық анықталған. Олардың көпшілігі ішкі сауда ережелерін бұзу және тұтынушылардың шағымдарына жауап бермеуден туындаған. Нәтижесінде 85 әкімшілік жаза қолданылып, жалпы сомасы 3,4 миллион теңгеге 20 айыппұл салынған. Сонымен қатар тұтынушыларға өз құқықтарын қорғауды түсіндіру мақсатында «Instagram», «Facebook» сияқты әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы белсенді жұмыс жүргізіліп келеді, – деді департаменттің бас маманы Сексен Қасымбеков.

Мақаланы жазу барысында тұрғындармен де тілдесіп, біз секілді мерзімі өткен тауарлардан зардап шеккендердің көп екенін аңғардық.

Абдуахит Аксенов қаңтар айының 5 күні досымен бірге «AVATARIYA» ойын-сауық орталығындағы «Тәтті себет» дүкенінен балық сатып алған.

– Балықты қонаққа ала барған едім. Дастарқанға қойып, ыдысынан шығарған сәтте иісі онша білінбеді. Бірақ жей бастағанда бүлініп кеткенін түсіндік. Бірақ ешкімге шағымданбадық. «Үлкендердің қадағалауынсыз қалған кішкентай балалар білмей жеп қойса не болар еді?» деп қана ойладық. Әрине, мұндай оқиғаның соңы улануға алып келеді. Бір байқағаным, мерекелер кезінде дүкендерде ашып кеткен азық-түлік көбейіп кетеді – дейді А.Аксенов.

Осы орайда Ұлтуар Бекбауова да өз басынан өткен оқиғасымен бөлісті.

– Қаратау қаласынан алты немеремді Таразға алып келген болатынмын. Содан кафеге кіріп тамақтануды ұйғардық. Манты алдық. Балалардың кенжесі 2 жаста болатын. Қарны ашып, қолды-аяққа тұрмай шырылдап жылай бергендіктен бірінші әкелген мантыны соған бере бастадым. Бала жеп жатып та тоқтамай жылай берді. Мен бала күнімнен иіс сезбеймін. Сосын қасымдағы қызыма «мынаны иіскеп көрші» деп шақырдым. Ол бірден ашып кеткенін айтты. Даяшыны шақырып, тамақтың ашып кеткенін айтып шығып кеттік. Ешқайда арыз-шағым түсірмедік. Кафенің аты да есімде қалмапты, – дейді Ұлтуар Абдрахманқызы.

Иістеніп, бүлініп үлгерген тауарды дер кезінде сезіп қалу бір бөлек. Ал білмей жеп қойып, денсаулығына нұқсан келетіндер қаншама?! Әсіресе жарнамалық акциялар мен жаппай сатылымдарға сену дұрыс емес. Акциялар әдетте пайда табу үшін ұйымдастырылады. Мысалы, акция кезінде бүлінген, тіпті жарамдылық мерзімі өткен өнімдердің сатылуы мүмкін. Сол себепті «жеңілдік» жасалатын тауарларды сатып аларда мұқият тексеру қажет.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар