
1980 жылы Алға ауылында дүниеге келген Аягүл Серікжанқызы аудан орталығындағы Балжан Бөлтірікова (бұрынғы Карл Маркс) атындағы №4 орта мектептің 1997 жылғы түлегі. 2003 жылы Қордайда түсірілген «Саған күшік керек пе?» көркем фильмінде ойнаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде және Тұран университетінде жоғары заңгерлік білім алды. АҚШ-тың әйгілі Дьюк университетінің магистратурасын және Ресей мемлекеттік зияткерлік меншік академиясын бітірген.
А.Әбітбекова алты жылдай АҚШ-тағы Дьюк университетінде білімін шыңдап, Вашингтондағы заңгерлік фирмада тәжірибеден өтті. Елімізге оралып, Әділет министрлігінде, Ұлттық зияткерлік меншік институтында бірқатар іргелі жобалар мен бастамаларға атсалысты. Оның тікелей қатысуымен 2023 жылы сот дауларының 90 пайыздан астамы сәтті шешімін тапса, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы және Еуропалық одақ судьясының қатысуымен Қазақстандағы соттарға арналған оқыту вебинарын өткізді. Сонымен қатар Аягүл АҚШ Патенттік және сауда белгілері жөніндегі бюроның әлемнің зияткерлік меншік кеңселеріне арналған жаһандық тәлімгерлік жобасының тәлімгері. Қазақстандағы аймақтық брендтердің, соның ішінде «Алматы апортының» да тіркелуіне үлес қосты. Ол арнайы басылымдарда жарияланған бірқатар жариялымдардың авторы.
Қордайлықтар өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдары он жылдай Қордай аудандық мәдениет бөлімін басқарған Серікжан Әбітбековті ұмыта қойған жоқ. Бүгінде Астанада тұратын жерлесімізді тұңғыш қызы Аягүлдің халықаралық деңгейдегі жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтаймыз!
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қордай ауданы