Ең алғашқы құттықтау сөзді алған Ерболат Әбдіжапарұлы қуаныш иелеріне арнап ізгі тілегін жеткізсе, Мелс Нысанбайұлы қариялық лебізін білдірді. Аудан басшысы жаңа қоңыс иелерін қуаныштарымен құттықтап, аймақта атқарылып жатқан жұмыстар мемлекеттік қолдаудың арқасында екенін атап өтті.
– Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінгі таңда осы бағытта ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылып, баспаналы болу бақытына кенелген тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Осы орайда сапалы жұмыс істеген мердігерлерге риясыз алғысымды айтамын. Қоныстарыңыз құтты болсын! Іші жанға, сырты малға толсын, – деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің құттықтауында.
Мұнан соң меймандар пәтер кілттерін арманы орындалған отбасыларға тапсырды.
Сәні мен сәулеті келіскен баспаналар әлеуметтік осал топтар санатына жататын отбасылар мен көпбалалы аналарға берілді.
– Бүгін ұзақ жылдан бергі арманымыз орындалып, жаңа үйге қол жеткізіп отырмыз. Жалдамалы баспананың жыры аяқталып, балаларымыз уайымсыз күн кешеді. Үйдің орналасқан жері ыңғайлы. Осындай қуанышқа себеп болған аудан басшыларына, құрылысшыларға мың алғыс. Осы көшеде өсіп-өніп, көршілерімізбен тату-тәтті тіршілік кешеміз деген сенім мол, – дейді талай жылдан бері пәтер жалдап күн кешіп келген 7 баланың анасы Перизат Бақытжанқызы.
Байжан ЕМБЕРДІ,
журналист,
Шу ауданы