Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қарасайда спорт кешені ашылды

Қарасайда спорт кешені ашылды
Ашық Дереккөз
Қарасай ауылында көптен күткен қуаныш – жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Заманауи кешен кәсіби және әуесқой спортшыларға арналған. Мұнда бірнеше спорт түрімен шұғылдануға барлық жағдай жасалған.

Спорт кешенінің ашылуын қарасайлықтар ұзақ күткен болатын. Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, өзге де басшылық өкілдері, ардагер спортшылар келді. Алғашқы құттықтау сөзді алған Бегзат Сейсенқұлұлы осы жерден тек ауданымыздың емес, еліміздің абыройын асқақтататын спортшылар шығатынына сенім білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауларында денешынықтыру мен спортты дамытуға ерекше мән береді. Осы бағытта ауданымызда көптеген жұмыс атқарылуда. Бүгінгі ашылған денешынықтыру-сауықтыру кешені де осы игі істердің жемісі. Құрметті ауыл тұрғындары, ендігі кезекте осы нысанды тиімді пайдаланып, оның мүмкіндіктерін толықтай жүзеге асыру сіздердің қолдарыңызда. Спорт кешені тек жеңістер мен жетістіктердің куәсі болсын! – деп атап өтті аудан әкімі.

Келесі кезекте құттықтау сөз ауыл ақсақалы Құрманғазы Жетігеновке берілді.

– Ауылда денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы – үлкен жаңалық. Бұл ауыл балаларына спортпен айналысу үшін керемет мүмкіндік береді. Сонымен қатар көрші ауылдың балалары да осы кешенге келіп, өз денсаулығын нығайта алады. Мұнда түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырады. Мұндай бастама ауылдың спорттық өмірін жандандырып, жас буынның денсаулығын жақсартуға зор үлес қосады. Осы ретте Мемлекет басшысы, облыс және аудан әкімдеріне алғыс айтқым келеді, – деді ауыл тұрғыны.

Нысанның лентасы қиылған соң жиналған қауым ғимарат ішін аралап көрді.

Ашылу салтанатына орай ауыл балалары арасында шағын футболдан кездесу өтті. Футболды жаны сүйетін жастарға аудан әкімі футбол доптарын сыйлады.

Айта кетсек, ауданда бүгінде 3 спорт мектебі және 2 балалар мен жасөспірімдер спорт клубы жұмыс істеуде. Аталған спорт мектептерінде 3 500-ге жуық оқушы тіркелген. Ауданда жалпы 11 спорт кешені жұмыс істейді. Спорт нысандардың барлығы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді. Осының арқасында ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 50 мыңға (41 пайыз) жақындады. Ал Қарасайдағы жаңа спорт кешені бұл көрсеткіштің артуына септігін тигізетіні анық.

Еркін ҚАТБЕКОВ,
журналист,
Қордай ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар