Би өнері – тілсіз. Оны тек көзбен көріп, түйсікпен түсініп, жүрекпен сезіну ғана қажет. Әрбір жан мен тәннің тілегін қимыл-қозғалыс арқылы жеткізуге талпынған би әлемінің жетістігі шексіз көрінеді. Ол үшін қол, дене, саусақ, әр буынның қимылы үлкен рөл атқарады. Тарихқа көз жүгіртсек, адамның қоршаған ортадан алған әсері бидің қимыл-қозғалысына негіз болған. Түрлі көріністер, табиғат құбылыстары ырғақты қимыл арқылы туындаған.
Динара Кебеева мектеп табалдырығын аттамай тұрып, бүлдіршін кезінен бастап биге қатты қызығып өсті. Той-томалақтарда қуыршақтай қыздың шыр айнала билегеніне тәнті болғандар сүйсініп-ақ қалатын. Сосын ақ тілегін жаудырып, сый-сияпат жасайтын. Осындай қошемет пен сүйіспеншіліктің барлығы кішкентай қыздың көңілін көтеріп, жанына жаздың жаймашуақ жайлылығын сыйлағаны соншалық, ол есейгенде де биші болуды армандады.
– Ес білгелі теледидардан ән айтылып жатса, мен әнді емес, әншінің қасындағы бишілерден көз алмай, қимылдарын қайталап тұратынмын. Содан ләззат алатынмын. Би менің арман-қиялымды шарықтата түсетін. №12 Керімбай атындағы орта мектептің табалдырығын аттағанда би үйірмесінің бар екенін естіп, ерекше сезімге бөлендім. Бала жүрегім алып-ұшып, нағыз маманнан би үйренетініме қатты қуандым. Бірінші сыныпта алғашқы хореограф ұстазым Фарида апай түрлі байқауларға қатыстырып, 10-сынып бітіргенше биге баулыды. Қандай да бір жетістікке жетсем, сол алғашқы ұстазымның маған деген сенімінен бастау алды деп ойлаймын, – дейді Динара.
Жалпы би образдары адамның ішкі жандүниесін сыртқа көрсетіп, ішкі болмысынан хабар береді. Адам денесі әуен ырғағына сай құбылып, түрлі қимылдарға негізделіп, көркем образдармен айшықталады. Өнердің бұл түрінің де өзінің үні бар. Бидің сол тілсіз үнінен Динара сыр тартып, бүлдіршіндерге үйретіп жүр. Өнер иесі билеу үшін икем болуы аздық ететінін, бұл салада жетістікке жету үшін биді сезіну қажеттігін алға тартты.
– Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында «Үкілім» би ансамблі бар. Ансамбльмен түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрміз. 2022 жылы Бішкекте өткен би байқауына қатысып, I орынды жеңіп алдық. Ал 2024 жылы Өзбекстандағы «Нұрай» атты халықаралық байқауда бас жүлдені иелендік. 2024 жылы Астана қаласында қосымша білім беретін педагогтар арасында өткен байқауда «Жыл үздігі» төсбелгісін иелендік. Алдағы уақыттарда тағы да үлкен сахналарда би өнерімен танылып, Шара Жиенқұлова апамыз сынды би әлемінің жарық жұлдызын тәрбиелеуді армандаймын. Би студиясын ашқым келеді. Мен тәрбиелеген өнерпаздар тек үлкен сахналарда биіктен қанат қақса, арманымның орындалғаны сол болар еді, – дейді Динара Кебеева.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ