Н.Рахымбайдың Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарған сарбаздарға арнаған мейірім мен жанашырлыққа толы сөздері мен ағалық ақыл-кеңесі көңілге жылылық ұялатады.
– Командир ретінде менің ең басты міндетім – cендерді үйлеріңе аман-есен қайтару. Бүгін кезекті рет сол міндетімді орындадым. Сендер істеген істі екінің бірі атқара алмайды. Сондықтан өз-өздеріңді мақтан етіңдер. Ауызбіршілікте болыңдар. Бір-бірлеріңді ұмытпаңдар. Біріңді-бірің іздеп тұрыңдар. Кімде қиындық болса, бәрің жұмылып соған көмек қолын созыңдар. Әскердегі бір досың – сыртта жүрген жүз досыңнан артық. Не істесеңдер де ар-намыспен істеңдер. Қиянаттан аулақ болып, адал еңбек етіңдер. Сонда өмірден өз бағаларыңды аласыңдар, – деді Нұрсұлтан Қайратұлы сонда сарбаздарға.
Осыдан кейін жеке құрам сарбаздары командирлерінің қолын алып, қимастықпен қоштасты. Желіде осы бір сәт қызу талқыға түсіп, жұртшылықтың сүйіспеншілігін тудырды.
– Әскерге Шымкент қаласынан шақырылдым. Ұлттық ұланда жүрген бір жыл ішінде үлкен өмір мектебінен өттім. 5513 әскери бөлімінде жүріп 2-атқыштар ротасы 4-взводының аға сарбаз (аға атқыш) лауазымында қызмет еттім. Әскерге барғанға дейінгі және келгеннен кейінгі Нұрлыбайдың арасы жер мен көктей. Өйткені әскер көп нәрсеге үйретті. Ең бірінші, ата-анамның, бауырларымның, туыстарымның, достарымның қадірін терең түсіндім. Себебі кейде балалықпен ата-анамызды ренжітіп алатын кездер болады. Содан соң уақыттың, ақшаның қадірін білдім. Әскерге барып, өмірлік достар тапқаныма, ағамдай қамқорлық танытқан майор Нұрсұлтанмен танысқаныма қатты қуанамын. Майор бізді ұқыптылыққа, уақытты тиімді пайдалануға, сабырлы, шыдамды болуға дағдыландырды. Сонымен қатар шапшаң қимылдауды, бастаған істі кейінге қалдырмай, соңына дейін жеткізуді үйретті, – дейді әскери борышын өтеген Нұрлыбай Тұрсымат.
Желі жұлдызына айналған Нұрсұлтан Рахымбай Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылының тумасы. Кейіпкеріміздің әкесі Қайрат шекара қызметінде абыроймен қызмет атқарған. Шекарашы әкесінің әскери киім киіп, күн-түн демей ел тыныштығын күзетіп жүргенін көріп өскен Нұрсұлтан да сарбаз болуды армандайды. Сөйтіп, 2012 жылы орта мектепті тәмамдаған соң Петропавл қаласындағы қазіргі Ұлттық ұлан академиясына оқуға түседі.
– Әскери салаға келуіме әкемнің тигізген ықпалы зор. Жалпы әскери саланың да тармақтары көп. Алайда жаныма Ұлттық ұлан қызметі жақын болды. Ұлттық ұлан – элиталы әскер, тұрақтылық пен тыныштық қорғаны. Күні-түні қақаған қыстың аязына, жаздың аптап ыстығына қарамастан қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық ұлан сардарлары мен сарбаздарының жөні бір бөлек. Сондықтан мектепті аяқтаған жылы көп ойланбай Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясына оқуға түстім. Аталған оқу орнын 2016 жылы «Командалық тактикалық басшылық» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Сол жылы Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөліміне қызметке орналастым. Осында жүріп взвод командирі, рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, рота командирі секілді лауазымдарда еңбек етіп, көп тәжірибе жинақтадым. Кейін Тараз қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымына ауыстым, – дейді Нұрсұлтан.
Н.Рахымбай қазіргі лауазымында 2022 жылдың желтоқсан айынан бері қызмет етіп келеді. Ол қызмет ететін батальон түзеу мекемелерін қарауылдау, қадағалау және сотталған азаматтарды тасымалдау бойынша жауынгерлік қызмет атқарады.
– Біздің әскери бөлімде үш рота, батальон командиріне тікелей қарайтын екі взвод бар. Тарқатып айтсақ, №25 түзеу мекемесін қарайтын бірінші, №58 түзеу мекемесін күзететін екінші және №59 түзеу мекемесін қарауылдайтын үшінші атқыштар ротасы қырағы қызметте жүреді. Жаңа жыл соңына қарай әскери борышын өтеген сарбаздарды құрметпен үйлеріне шығарып салдық. Атқыштар батальонында сарбаздардан бөлек, келісімшарт бойынша 400-ден аса әскери қызметші де жауынгерлік міндетін өтеуде. Олардың қызметіне түрменің ішіндегі тәртіпсіздіктің алдын алу кіреді. Яғни түзеу мекемелерінің күнделікті өмірін бақылап, қандай да бір құқықбұзушылық орын алса, тосқауыл қойып отырады. Сондықтан оларды «надзор» деп атайды. Бұзықшылық деп отырғанымыз – азаматтардың түрмеге жасырын түрде есірткі не болмаса телефон алып кірмек болған заңсыз әрекеті. Жалпы Ұлттық ұлан қатарына алынған әрбір сарбаз қатаң тәртіппен қатар, жауынгерлік қызмет пен жауынгерлік әдіс-тәсілдерді де терең меңгеруге міндетті. Себебі Ұлттық ұлан жауынгерлері күнделікті қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, түзету мекемелері мен әскери бөлім аумағындағы маңызды нысандарды күзетеді. Ұлттық ұлан жауынгерлері еліміздегі ең маңызды объектілерді күзетіп, күнделікті өздеріне міндеттеліп берілген қызметтерін абыроймен атқарып келеді, – дейді Н.Қайратұлы.
Н.Рахымбайдың айтуынша, түзету мекемелерін қарауылдау – күрделі әрі жауапты міндет. Түзету мекемелерінде жауынгерлік қызметті сарбаздар төрт ауысыммен үздіксіз атқаратын көрінеді. Қызметке түсетін әскерилер екі-үш күн бұрын тағайындалып, алдын ала теориялық сабақтар өткізіледі екен. Онда сарбаздар сақшының жалпы міндеттерін қайталап, алдағы жауынгерлік қызметті ой елегінен өткізеді. Мекемені күзететін күні сарбаздар тынығып, бір сағаттық нұсқаулық сабақтан өтеді, жауынгерлік қызметте орындайтын барлық іс-әрекеттерін шыңдайды.
– Өмірде ағат басып, жазаларын өтеп жатқан сотталғандарды күзететін қарауыл қызметі – жауынгерлік тапсырмаларды орындаудың бір көрінісі, Ұлттық ұлан әскерінің бірден-бір маңызды тапсырмаларының бірі. Әрине, бұл айтқанға оңай болғанымен өте күрделі және жауапты іс. Қызмет атқару барысында сәл босаңсығаныңды темір тордың арғы жағындағы сотталған азаматтар байқап қалса, дереу қашып кетуге әрекеттенетіні белгілі. Демек, қарауылдық қызметте, ең бастысы, қырағылық пен сақтық қажет. Әскери борышын өтеп жүрген жас жауынгерлерге қай кезде де ағалық көзқараспен қарауға тырысамын. Сарбаздар сенім артып, үлгі ететіндей жан болсам, алға қойған мақсатымның орындалғаны деп білемін. Сарбаздармен қоштасқан сайын көңілде қимастық сезім тұрады. Болашақтары жарқын болуын іштей тілеп отырамын. Мерекелерде хабарласып, хал-жағдайымды сұрап, алғысын айтып тұратындары аз емес. Сондай сәттерде кеудемді қуаныш, мақтаныш кернейді. Жақында сарбаздармен қоштасқан сәтім әлеуметтік желілерде тарап кетіпті. Базбіреулерде сол видео бойынша «жасандылық, әдейі камера алдында ойнатып жатыр» деген ой қалыптасуы мүмкін. Бірақ бейнежазбадағы сарбаздардың көз жасы, арадағы қимастықтың бәрі де шынайы сезім, – дейді майор Н.Рахымбаев.
Әріптесінің кәсіби біліктілігін 5513 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің офицері, майор Алтынбек Сарсимов та жоғары бағалап отыр.
– Майор Нұрсұлтан Рахымбай бөлімшелердегі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту, әскери қызметтің беделі мен имиджін арттыру жөніндегі міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Сондай-ақ жеке құрамды жауынгерлік борышына адалдық рухында тәрбиелеу жөніндегі жұмысты жүргізуде, әскери қызметшілерге жүктелген қызметтік-жауынгерлік міндеттерді сапалы орындауда белсенді. Майор Рахымбайдың Ұлттық ұлан қатарында сарбаздарды тәрбиелеп, жеткен жетістіктері де аз емес. Өткен жылы әріптесіміз «Еңбек адамы» байқауында жеңімпаз атанып, суреті өзге де сала майталмандарымен бірге қаладағы орталық көшелердің біріне ілінді. Нұрсұлтанның жетістіктері қатарында ҚР Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан алған бірқатар марапаттары да бар. Бұл жетістіктерге жету, әрине, оңай емес. Әріптесіміз күн сайын аянбай еңбек етіп, уақытының басым бөлігін отбасымен бірге емес, жеке құраммен өткізеді, – дейді Алтынбек Мейрамұлы.
Кейіпкеріміз өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, ел қорғау жолындағы жауапкершілік пен адалдықты насихаттау ісінде де белсенді.
Реті келгенде айтса кетсек, қауіпсіздіктің қалқаны, егемен еліміздің қорғаны Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихи жылнамасы сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни 1992 жылдың 10 қаңтарында басталған. Дәл осы күні Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері туралы» Заңға қол қойылып, бұрынғы Ішкі әскерлер, бүгінгі Ұлттық ұланның негізі қаланды. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында елдің ертеңі мен қауіпсіздік қамы үшін құрылған құқықтық тәртіп әскерлерінің рөлі содан бері айқындала түсті. Таяуда ғана 10 қаңтар күні ҚР Ұлттық ұландары 33 жылдық мерейтойын атап өтті.
Кейіпкеріміз Нұрсұлтан Рахымбайдың туып-өскен Жуалы ауылы – «Генералдар елі» аталып кеткені мәлім. Оның бірден-бір себебі – осы бір аядай ауданнан 13 генералдың шыққаны. Батыр аталарының жолын жалғастырып, он екі жылдан бері әскери қызметте тер төгіп келе жатқан кейіпкеріміздің басты мақсаты – генерал атану.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ