Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Метапневмовирус: карантиндік шектеулер қайта орала ма?

Метапневмовирус: карантиндік шектеулер қайта орала ма?
Ашық Дереккөз
Ең алғаш рет Қытайдың Ухань қаласында тіркеліп, бүкіл әлемге тараған коронавирус эпидемиясының зардабын ешкім ұмыта қойған жоқ. Тәжтажал талай адамның өмірін жалмап, денсаулығына айтарлықтай залал келтірді.

Араға жылдар салып Қытайда жаңа індет – метапневмовирусын (HMPV) жұқтырушылардың тіркелгені туралы ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде жарияланған деректерден жергілікті ауруханаларда ұзын сонар кезекте тұрған науқастарды көруге болады. Қытай билігі «қорқынышты ештеңе жоқ» деп сендірсе де кейбір ресми емес ақпарат көздері жаңа вирустан қайтыс болғандардың қатары артып жатқанын жариялады. Әсіресе метапневмовирус солтүстік провинцияларда кеңінен тарап, 14 жастан кіші балалар арасында айтарлықтай өскен. Тәуекел тобына бес жасқа дейінгі балалар, нәрестелер, егде жастағы адамдар, әсіресе 65 жастан асқандар және иммундық жүйесі әлсіреген немесе демікпе, обструктивті өкпе ауруы сияқты созылмалы тыныс алу аурулары бар адамдар жатады.

Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ресми есебінде халықты кезекті рет әбігерге салған метапневмовирустың таралуына (HMPV) кәдімгі тұмау себеп болған. Мамандардың айтуынша, метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы және кей жағдайда тұрмыстық байланыс арқылы жұғады екен.

Таяуда ғана ҚР Денсаулық сақтау министрлігі респираторлық вирустық инфекциялардың қатарына жататын метапневмовирус Қазақстанда да анықталғанын мәлімдеді. Ресми деректе 30 науқастың тіркелгені айтылды. Бірақ бұл төрт күн бұрынғы мәлімет. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, эпидемиялық маусым басталғаннан бері елімізде тұмауға жатпайтын вирустарға қатысты 8 360 үлгі зерттелген.

Қазіргі уақытта Қазақстанда да бүкіл әлемдегі сияқты ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі тіркелуде. Өткен жылдың 1 қазанынан бастап республикада ЖРВИ-дың 2 002 335 сырқаты, зертханалық расталған тұмаудың 941 сырқаты, оның ішінде А үлгілі тұмаудың 910 жағдайы (H1N1), А (H3N2) – 1 жағдайы, В тұмауының 30 жағдайы тіркеліпті.

Осы орайда алыс-жақын шетелде қалыптасқан ахуалға тоқталып өткеніміз жөн болар. Көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан вирусқа қатысты көрші Ресей де дабыл қағып, Қытайдағы метапневмовирус жағдайын қадағалауға кірісті. Ал Ұлыбританияда вирус жұқтырғандар саны артып, HMPV барлық тексерілген пациенттердің 4,5 пайызынан анықталған. Сондай-ақ Қытай мен Камбоджаға жақын жерде орналасқан елдердің билік органдары да жағдайды бақылауға алды. Олар вирустың COVID-19 және тұмауға ұқсастығын атап, алдын ала HMPV туралы ескерту жасады. Ал Үндістан билігі «HMPV кез келген басқа респираторлық вирусқа ұқсайды, үрейленуге негіз жоқ» деп, арқаны кеңге салып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қытай билігі әлі ресми түрде төтенше жағдай жариялаған жоқ. Алайда тайваньдық «Money UDN» басылымы: «Метапневмовирустан болатын өлім көрсеткіші 43 пайызға жетуі ықтимал», десе, британдық «The Independent» баспасөзі: «Қытай бұл мәселенің ауқымын кішірейтіп отыр», деп жазды. Десе де бұған дейін Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин вирустар қыс мезгілінде жиі тарайтынын және бұл жиі кездесетін құбылыс екенін тілге тиек еткен ол: «Қытай үкіметі өз азаматтары мен бізге келетін шетелдіктердің денсаулығына алаңдайды. Бірақ Қытай ішінде саяхаттау қауіпсіз», –деп сендірді.

Айта кетерлігі, ғаламтордағы деректерге зер салсақ, метапневмовирусы әу баста 2001 жылы Норвегияда анықталған екен. Голланд ғалымдары сол уақытта аурудың 200-400 жыл бұрын құстардың метапневмовирусының мутациялары арқылы пайда болғанын анықтайды. Бір деректерде сол кезде 5 жасқа дейінгі балалардың көбі осы вируспен ауырған деген ақпарат бар. Алайда қанша бала ауырғаны туралы нақты айтылмаған. Егер вирус бұған дейін адамнан бір рет анықталса, онда өлімге әкелетін жағдай өте төмен болады. Өйткені оларда антидене бар. Демек, вирус жаңадан ашылған дерт емес, ұзақ жылдардан бері қайталанып жатқан ауру.

Осы орайда метапневмовирус және одан келетін қауіп-қатер туралы белгілі вирусологтардың пікіріне назар аударсақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының профессоры Жұмабек Бекеновтың айтуынша, әзірге пандемия дәуірі қайта оралады деп дүрлігуге себеп жоқ.

– Қазан айынан бастап сәуірге дейін ЖРВИ вирустарының, жалпы тұмаудың қатты өршитін кезі. Оның ең жоғарғы өршуі қаңтарға келді. Сондықтан да метапневмовирус туралы енді естіп отырмыз. Әйтпесе бұл 2001 жылдан бері бар вирус. Мәселен, ол пара тұмау, аденовирус, риновирус, баукавирустар сияқты ағайынды вирустардың бір түрі. Анау айтқандай қорқатын дүние емес. Дүрлігудің қажеті жоқ. Десе де бұл вирустың қоздырғышы әлі анықталған жоқ. Сол себепті әзірге арнайы алдын алу жолдары немесе вакцина түрі жоқ, – деген Жұмабек Елтекұлы метапневмовирустың негізгі белгілерінің кәдімгі тұмаудан айырмашылығы жоқ екенін сөз етті.

Маманның сөзіне сүйенсек, вирустың алғашқы белгілері кәдімгі тұмау аурына ұқсас. Егер мұрныңыз бітеліп немесе су ағып, құрғақ немесе ылғалды жөтел мазалап, тамағыңыз ауырып, қызуыңыз көтеріліп (қызбаның 38°C-тан жоғары болуы), тәбетіңіз төмендесе, онда бірден дәрігерге қаралғаныңыз абзал. Сол секілді шаршау және әлсіздік, демікпе немесе тыныс алудың қиындауы (әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарда), құлақтың ауыруы немесе бас ауруы да метапневмовирустың алғашқы белгілеріне жатады.

– Метапневмовирус қарапайым дені сау адамдарда кәдімгі тұмау секілді өтеді. Тек қарт кісілер үшін және созылмалы аурулары бар жандар үшін қауіпті болуы мүмкін. Тұмау секілді болғандықтан ауа арқылы таралады. Ел арасында бұл вирустың коронавирустан да қауіпті екені айтылып, дүрліктіретін ақпараттар тарауда. Алайда аса қорқудың керегі жоқ. Коронавирус секілді аса үлкен қауіп тудырмайды. Вирустық аурулар сияқты метопневмовирусқа қарсы арнайы ем жоқ. Адам организміне терапиялық ем-дом жүргізіледі. Адамдар иммунитетін көтеру үшін жақсы тамақтанып, таза ауада қыдырып, денсаулығын күтуі керек, – дейді Жұмабек Бекенов.

Жалпы мамандар респираторлық вирустар тудыратын тұмауға қарсы дәрі-дәрмек жоқ екенін айтады. Вирусқа қарсы ем жоқ десек те, дәрігерлердің сөзінше, коронавирусқа қолданған дәрі-дәрмек арқылы емдеуге болатын көрінеді. Осы орайда біз облыстағы ахуал жөнінде айта кеткенді жөн көрдік. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликованың айтуынша, аймақта жіті респираторлы вирусты жұқпалар, оның ішінде тұмау ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

– Облыстың сырқаттанушылық көрсеткіштері көпжылдық бақылау деңгейінен асқаны байқалмады. Бүгінде эпидемиологиялық жағдайға күнделікті мониторинг жүргізілуде. Сондай-ақ эпидмаусым басталғалы, яғни 2024 жылдың 1 қазанынан бастап, денсаулық сақтау ұйымдарының мәліметтері бойынша, облыста ЖРВИ-дың 113 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның 60 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар үлесіне тиіп отыр. Сол секілді 2023 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда сырқаттанушылық 13,3 пайызға төмендегені байқалды. Облыс аумағында респираторлы вирустардың айналымын анықтау мақсатында ЖРВИ-мен ауырған 684 науқастан вирусологиялық зерттеуге материалдар алынып, зерттелді. Нәтижесінде 354 респираторлы вирус анықталды. Оның ішінде 37 пайызы RS вирусы, 20 пайызы А және В типті тұмау вирусы, 17 пайызы риновирус, 11 пайызы парагрипп вирусы, 10 пайызы аденовирусы, 3,6 пайызы метапневмовирустар, 14 пайызы бокавирусы, – деген Неили Орынбасарқызы облыс тұрғындарын алдын алу шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерде байланыстарды шектеуге шақырды.

Дәрігердің айтуынша, үй-жайларды үнемі желдетіп отыру, науқас адамдармен байланысын шектеп, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға жібермеу міндетті. Егер аурудың белгілері пайда болса, уақытылы медициналық көмекке жүгінген абзал.

– Күнделікті өмірде адамдар көп шоғырланған жерлерге бәріміз барамыз, сондай-ақ жанымыздағы жақын адамдардың денсаулығы үшін де жөтелу әдебін сақтаған өзіңізге де, жан-жағымыздағы адамдардың денсаулығы үшін де өте маңызды. Жөтеліп немесе түшкіргенде қашықтықты сақтау керек, ауызды қолмен емес, бір рет қолданылатын майлықпен немесе қолорамалмен жабу керек. Сонымен қатар тағы да маңызды ұсыныс – қолды жиі жуып, арнайы тері антисептиктерімен дезинфекциялап, сақтық шараларын ұстанған жөн, – дейді Н.Муликова.

Коронавирус кезіндегі карантиндік шаралар бізді тазалық сақтауға, саламатты өмір салтын ұстануға, қолды жиі жуып, антисептикпен тазартуға дағдыландырды. Бұл жолы да дәрігерлер кеңесіне құлақ түру маңызды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар