Иә, Президентіміз атап өткендей, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан да өскелең ұрпақ арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, мәртебесін көтеруге, еңбек адамдарын насихаттауға газет арқылы үлес қоспақ ниетте «Ер дәулеті – еңбек» атты жаңа айдарымыз оқырманға жол тартты. Айдарымыздың алғашқы кейіпкерлері – такси жүргізушісі Айнұр Нұридинова мен қарапайым көше сыпырушы Бақыт Құрманбеков.
Қазіргі таңда әйел адамның көлік жүргізуі таңсық болмай қалды. Дейтұрғанмен халыққа такси қызметін ұсынып, отбасын асырап отырған А.Нұридинованың көп қыз-келіншектің қолынан келе бермейтін кәсібі бізді қызықтырып, әңгімеге тарттық.
– Мен өзім жұмыс жоқ деген сөзге сенбеймін. Қол-аяғы балғадай ер-азаматтар кейде шалқасынан түсіп, жұмыс жоқ деп жатады. Іздеген адамға жұмыс көп. Мәселен, «Яндекс такси» компаниясы халыққа өте керемет мүмкіндік ұсынуда. Өз көлігің болса да, болмаса да сол компаниядан көлікті жалға алып, жолаушылар тасымалдауға болады. Көлік тізгіндегеніме 16 жыл болыпты. Оның 9 жылы үлкен жолдарда өтті. Бішкекке, Астанаға, Алматыға жолаушы тасыдым. Жұбайым бар. 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырмыз. Балалар өскен соң қалалар арасында жүруді қойдым. Бес жылдан бері «Яндекс такси» арқылы күнелтіп жүрмін. Жоқ дегенде күніне он мың теңге тауып қайтамын. Осы такси қызметінің арқасында үйлі болдық. Қаладан жер үй сатып алдық. Елдер мені неге таксилетіп жүр, күйеуі жоқ па деп сөгуі мүмкін. Ақша тапқанның несі айып? Күйеуім «Құлагер» деген жеке компанияда ағаш жонатын аппарат шығарады. Айлығы – 150 мың. Отбасымызға бұл ақша жетпейді. Сол себепті жолдасыма қолғабыс болайын деп жұмыс істеймін. Бұл шешіміме еш өкінген емеспін. Отбасымды сақтап, балаларымның керек-жарағын алып отырмын. Еңбегімді адалынан атқарамын, – дейді Айнұр Хамитқызы.
Қала тазалығын қамтамасыз ететін көше сыпырушылардың еңбегі ерекше. Сол себепті жұмысына жауапты, өз ісіне тиянақты жас жұмысшыны іздеп, «Жасыл ел-Тараз» мекемесіне хабарластық. Мекеме басшысының орынбасары Айдын Бейсеков кезекші бригаданың ішінен ісіне тиянақты, көп сөзге жоқ, біртоға азаматты ұсынды.
Бақыт Құрманбеков – қарапайым көше сыпырушы. Ол ешқашан өз еңбегінен ұялған емес, нанын адалынан тауып жүр. Әзірге отбасын құрмаған. 1990 жылғы азамат басын екеу етуді де ойлайды.
– Кезекші бригадада 6 жұмысшы бар. Соның бірі менмін. Екі жұмысшы, бір тракторшы ертемен таңғы 4-тен бастап жұмыс істейміз. Көшеге үйілген күл-қоқыстарды тазартамыз, арықтарды да елдер ластап кетеді. Оны да шабу, тазарту – міндетіміз. Аялдамалардағы қоқыстарды, үйден шыққан күл-қоқыстарды тасып, әрекет етеміз. Таза көшелер – қала мәдениетінің айнасы. Көше сыпырушылардың еңбегінің арқасында қаланың сәні мен әдемілігі сақталады. Күн райының қалай құбылғанына қарамай жұмыс істейді. Әсіресе күз бен қыс мезгілдерінде жұмыс қиындай түседі, себебі жапырақтарды жинау, қар тазалау сияқты қосымша міндеттер пайда болады. Ер жігіт болғандықтан ауыр жұмыстан қашпаймын. Әп-сәтте қопарып жасап тастаймын, – дейді Бақыт Айтбайұлы.
Көше сыпырушының еңбегін бағалау – мәдениетті қоғамның белгісі. Олар біздің қаламыздың тазалығы мен әдемілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға үлес қосады. Сондықтан олардың еңбегіне құрметпен қарап, өзіміз де тазалықты сақтауымыз қажет.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА