2024 жылы халықаралық қоғамдық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің қолдауымен атқарылған игі жұмыстардың куәсі болдық. Соның бірі – өзіміз тікелей қатысқан облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырып, Тараз қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы мектепте өткізген «Қазақтың біртуар ұлы – Дінмұхамед Қонаев» атты 8-11-сынып оқушыларының облыстық шығармашылық байқауы. Қазақ елінің тарихында өшпес орны бар мемлекет қайраткерінің ғибратты өмірі мен қызметі, қайталанбас адамдық тұлғасы туралы жастардың тереңірек білуін құптарлық іс деп білеміз.
Енді міне, көркем безендірілген, сапалы полиграфиямен «Дінмұхамед Қонаевтың даналық сөздері» кітабы қолымызға тиіп отыр. Құнды рухани қазына. Қазіргі жастар үшін тәрбиелік мәні зор. Осы кітаптағы асыл сөздерді мұғалім шәкірттеріне мәнін жоғалтпай, өмірмен байланыстырып жеткізе алса, қандай ғанибет! Шын ұстаз – ұлттың тәрбиешісі. Алдында ұлттың болашағы отыр. Бұдан асқан жауапты жұмыс бар ма?! Сондықтан да өмірінің соңына дейін елін, халқын сүйген арда тұлғаның жүрек түкпірінен шыққан сөздерін ұстаздармен, жұртшылықпен бөліскім келеді. Бүгінгі уақыт – жаман сөз желдей ұйытқыған уақыт қой. Жаман сөз бойға жаман энергияны жинай беретін тәрізді. Жақсы сөйлейікші! Ата-бабамыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегені бекер емес шығар. Біз осы ырысымыздан айырылып жүрген жоқпыз ба? «Мың өліп, мың тірілген қазақ» тағы да сыналар жар басына келіп қалған тәрізді.
Кім болса да – уақыттың перзенті. Ендеше дара тұлғаның өлшемін де сол уақытпен, қоғамдық жүйемен байланыстырып беру қажет шығар. Мәскеу билігі барынша күшейіп тұрғанда елдің елдігін сақтап қалу жеңіл болды дейсің бе?! Дара тұлғаларымызды құрметтей білейік, тарих сабағынан тағылым алайық. Біздің заман – күрделі заман.
«Абыройдан ақ отау тіктім деген кісінің де пенделігі болады».
Бәлкім, бұл өз өміріне, қызметіне байланысты айтқан тұжырымы болар.
«Адамның жақсы атынан гөрі жаманатына қаңқу сөз үйір келеді».
Бұл енді біздің психологиямыз, қазақтық мінезіміз шығар. Тырнақ астынан кір іздеп, кейде асыл жандардың өзін қаралауға, жаманаттауға бейім тұрамыз. Жақсымызды жаман десек, кім асылын береді. Кісінің асылы бізге асыл бола ала ма?!
«Жердің үстімен келіп, астымен қайтқаннан асқан азап болмайды».
Кремльден талай азапты ойлар шегіп қайтқан шығар-ау. Кім оның ішкі жандүниесін түсініпті. Жүрекке салмақ артты.
«Жақсының жақсылығын айтқаннан адам аласармайды».
Бүгіннің сөзі. Пендешіліктен аулақ болып, жақсының жақсылығын көре алсақ, құрметтеп, бағалай алсақ, кәнеки.
«Орнын тауып сөйлеу – өнер».
Бұл ойдың да бүгінгі күн үшін ұлағаты мол. Атам қазақ сөзге тоқтаған. Бір ауыз сөзбен ердің құнын шешкен. Тауып сөйлемей, қауып сөйлеу, беталды былжырақтау, сөздің төркінін ұқпау қазіргі уақыттың еншісіне айналып барады.
«Айтқанын аяқсыз қалдырмай, іспен тиянақтап отыру да тағылым».
«Алтын тоның болса да, жаға менен жең керек».
«Күнделікті өмірде де, жұмыста да үш қасиетке арқа сүйедім:
- қарапайымдылық;
- адалдық;
- табандылық.
Шығыстың екі даналығын жадымда ұстадым:
- ақылдан сабыр артық;
- теңдесі жоқ байлық – қанағат».
«Ұяттан өлмес үшін еңбек еттік».
«Өткенге сын көзбен қараймыз деп, алдыңғы толқынның адал еңбегін жоққа шығаруға ұмтылған жымысқы ойдың жетегіндегілер жоқ емес».
«Құр кеудемсоқтық – өз сорың».
«Қарапайым халықтан асып қадіріңе жетер ешкім жоқ па дедім».
«Жұмыс істей білген кісіге жеңіл шаруа жоқ».
«Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау».
«Жақсы кітап – бір ғұмыр».
«Біреудің айтқанымен жүріп, айдауына көнуден асқан бейшаралық жоқ».
«Бос қиялдан гөрі еңбегіңе сен, тәуекелдің төресі – сол: тауға да шығарады, дауылдан да алып өтеді».
«Адамзат баласы рухыңды байытар кітаптан басқа құрал тапқан жоқ».
«Иман жиям десең, пиғылыңды таза ұста».
«Қызыл қырман сапырып отырып, көрінгенге алақан жайған – ұят».
«Мен мына тіршілікте өзіме де, өзгеге де: «Құдай кездейсоғынан сақтасын!» деп тілеймін».
«Халық тәжірибесі – барша білімнің қайнар көзі».
«Дүниені бүтіндейтін де – сөз, бүлдіретін де – сөз».
«Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым».
«Аялай білген халқым жұбата да білді».
«Менің жан баласына өкпем жоқ. Ал менде кеткен өкпе, реніш, наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын».
Даналық сөздің үйірі осылай болса керек-ті. Әр адам оқысын, көңіліне тоқысын. Керегін тапсын, өміріне азық, бағыт-бағдар етсін.
Жүрек қайнарынан шыққан сөзден Дінмұхамед Ахметұлының адамдық-азаматтық тұлғасы көрінеді. Халқын еш уақытта есінен шығармайды. «Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым», «Аялай білген халқым жұбата да білді» дейді. Шындық қой. Әсіресе атажұртына айналған Жамбыл өңірінің жұрты ер басына қиын күн туып, қиналған сәтте алақанына салып, аялай білді. Жаралы көңіліне демеу болды. Қолтығынан демеді. Бүгінде қаншама қаңқу сөз ерсе де халықтың ықыласы атпал азаматқа суыған жоқ.
Ұлы тұлғаның сөзі бүгінгі күнмен де үндесіп жатыр. «Қызыл қырман сапырып отырып, көрінгенге алақан жайған – ұят», «Біреудің айтқанымен жүріп, айдауына көнуден асқан бейшаралық жоқ». Бүгінгінің өзекті сөзі ғой.
Абайдың жақсының сөзін көңіліңе түюдің өзі естінің ісі мағынасында ой-толғамы бар емес пе? Олай болса, ағайын, бір-бірімізді жамандап, қызылкеңірдек болып жатқанша, ұлы тұлғаның даналық сөзін оқиық, ойланайық, ой түйейік. Әсіресе шәкірттердің құлағына жетсін. Ел болашағы соларда. Ұстаздарға аманат.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры