Кездесу барысында Махметғали Нұрғалиұлы университет тарапынан жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобалар туралы егжей-тегжейлі баяндады. Сондай-ақ ректор білім сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту және инновацияларды енгізу бойынша оқу орнының жетістіктеріне тоқталды. Одан бөлек мемлекет тарапынан берілетін гранттар, субсидиялар беру бойынша заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік қолдаудың ауылшаруашылығындағы маңызы туралы нақты ұсыныстарын ортаға салды.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ана тілі» газетінде берген сұхбатында екі мәселеге баса назар аударды. Бірінші мәселе – ауылшаруашылығы саласына бәсекеге қабілетті сапалы мамандарды даярлау. Екінші мәселе – аграрлық ғылымды дамытып, ауылшаруашылығына жаңа технологияларды енгізу. Осы бағытта бүгінгі таңда біздің оқу орнында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Орман шаруашылығы» мамандығын ашып, 33 студентті қабылдадық. Биылғы жылы «Балық шаруашылығы» мамандығын ашуды жоспарлап отырмыз. Лицензия алу жұмыстары аяқталып қалды. Ал мемлекет тарапынан берілетін грантқа қатысты айтар болсам, көңіл бөлетін мәселелер баршылық. Өз кәсібін бастаймын деген азаматтарға 3 миллион теңге көлемінде грант қолдау ретінде беріледі. Сол 3 миллионның 600 мыңын кәсіпкер өз қалтасынан қосады. 2 миллион 400 мың теңгені облыстық бюджеттен алады. Өкінішке қарай, конкурсқа қатысушы азаматтар кәсіпке қажетті сұрақтарға дұрыс жауап бере алмайды. «Бизнес-жоспарыңыз қандай? Жобаның жаңашылдығы қандай? Қосымша жұмыс орындарын ашасыз ба? Оған кімді қабылдайсыз?» деген сынды сауалдарға нақты жауап бере алмады. Яғни олардың кәсіпкерлік мәдениеті төмен екендігі анықталды. Сондықтан азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі тұр. Тағы бір мәселе – шаруаларға берілетін субсидия. Шаруалар көбіне субсидияға біржақты қарайды. Ол мемлекеттің міндетті берілетін қаржысы деп қабылдайды. Президенттің айтуынша, соңғы 5 жылда ауылшаруашылығын дамытуға 2 триллионнан астам теңге жұмсалды. Субсидия көлемі көбейсе де салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістік жоқ. Сондықтан шаруалардың көзқарасын өзгерту керек, – деді М. Сарыбеков.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Анас Ахатұлы Парламенттің аграрлық сектор мен басқа да салалардағы жұмыстары туралы кеңінен ақпарат берді. Ол ауылшаруашылығындағы проблемалық мәселелерді шешу мақсатында қолға алынып жатқан шараларды атап өтті. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен сала мамандарының пікірлері ескеріліп, заңнамалық өзгерістер енгізу бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын жеткізді.
Депутат өз сөзінде ауылшаруашылығының ғана емес, қоғамдағы өзекті тақырыптарды да назардан тыс қалдырмады. Мәселен, Ұлттық қорды тиімді пайдалану, субсидия бөлу тәртібін жетілдіру, қоғамдық тәртіпті нығайту және лудоманияның алдын алу мәселелеріне тоқталды.
Кездесу барысында унверситет оқытушылары мен профессорлар жергілікті деңгейдегі маңызды мәселелерді көтерді. Сұрақтар жердің құнарын арттыру, ауыл мектептерінің материалдық базасын нығайту мәселелері бойынша қойылды.
Жиынды қорытындылай келе, Анас Баққожаев аймақтағы мәселелерді назардан тыс қалдырмай, оларды жоғары деңгейде талқылап, шешу жолдарын қарастыруға уәде берді. Ал ректор Махметғали Сарыбеков мұндай кездесулердің білім беру мен ғылым саласын дамытуға тигізер пайдасы зор екенін айтты.
Айжан ӨЗБЕКОВА